BBC News материалы негізінде Aikyn.kz Парсы шығанағындағы соғыстың экономикалық сипатын талдайды.
Иран басшылығы АҚШ пен Израильдің технологиялық, барлау және әуе үстемдігіне тең келмейтінін түсінеді. Сондықтан олар «жеңіл жеңіс» күтпейді. Оның орнына соңғы онжылдықта баллистикалық зымырандар, алыс қашыққа ұшатын дрондар және өңірлік одақтас қарулы топтар желісін құрды. Осылайша, қарсы тарапқа экономикалық шығыны мол, соғыстың құнын қымбаттататын құралдарды көбейтті.
АҚШ пен Израиль қолданатын Patriot сияқты қымбат әуе қорғаныс жүйелері Иранның салыстырмалы арзан дрон-зымырандарына қарсы көп шығын талап етеді. Дрондардың бағасы 20 000 доллар болса, оларға қарсы қолданылатын зымырандар 10-12 млн доллар тұрады. Ұзаққа созылған қақтығыс Америка мен Израильдің ресурстарын, қоғамдық шыдамын «жегідей жейді» деген логика бар.
Иранның екінші ірі соғыс құралы – энергетика. Ормуз бұғазы толық жабылмаса да, тіпті қауіп пен азғана іркілістің өзі мұнай-газ бағасын өсіріп, соғысқа қарсы халықаралық қысымды күшейте бастады. Демек, шығанақтағы соғыс Иран үшін қарсыласын әскери күйрету емес, соғысты жалғастырудың бағасын көтеру құралына айналды.
Иранның Қатар, БАӘ, Кувейт, Бахрейн, Оман сияқты көрші елдерге бағытталған соққылары АҚШ базаларын орналастырудың тәуекелін көрсету әрекеті деп түсінген дұрыс. Бірақ бұл – өте қауіпті қадам. Көршілердің жаулығы күшейіп, оларды АҚШ-Израиль жағына жақындатуы мүмкін. Нәтижесінде, Иранның өңірлік оқшаулануы да күшейеді.
Тағы бір маңызды бөлік – Ирандағы биліктің, әскери басқарудың децентрализациясы. Байланыс жүйелері бұғатталуы, жоғары қолбасшылар нысанаға алынуы мүмкін болғандықтан, Ислам революциясы сақшыларының корпусы (ИРСК) доктринасында жергілікті командирлерге өкілет беру АҚШ-пен соғыс кезінде сақтандыру ретінде сипатталады. Бірақ бұл да тәуекел. Толық ақпаратсыз шешім қабылдау қателіктерге, бейтарап елдерге кездейсоқ соққыға әкелуі ықтимал.
Қорытынды түйін мынадай. Иран «уақыт біз жақта» деп ойлайды. Қарсы жақ соғысты тез аяқтап, Иранды тізе бүктіргісі келеді. Бірақ екі жақ та қателесуі мүмкін.
Иранның бұл соғыстағы жеңісі – тәуелсіздігі мен елдің тұтастығын сақтап қалу. Ол үшін көршілермен қарым-қатынасты түбегейлі бұзып алмай жету маңызды болып тұр. Президент Масуд Пезешкианның көрші араб елдерінен ресми кешірім сұрауы да осымен байланысты.
Иран қоғамының ішкі бірлігі де соғыс басталғалы күшейген. Оған дәлел – ондаған мың халықтың көшеге шығып Әли Хаменеидің қазасын жоқтауы, орнына баласы Сейед Моджтаб Хаменеидің (Mojtaba Khamenei) жаңа рухани көсем болып сайлануы. 3-4 аптада Иранды күйретеміз деген Америка мен Израиль билігіне бұл да күтпеген тосын жағдай болғандай.