Алғыс айту күні – бір-біріне жылы сөз айту емес, ортақ жадты сақтап, азаматтық келісімді нығайтатын идея. Себебі алғыс айту адамдар арасындағы сенімді күшейтеді.
Алғыс айту – ортақ тарихтан жасампаздыққа бастайтын құндылық
Алғыс айту күні – қазақ халқына алғыс айту, өзара құрмет пен татулықты күшейту идеясымен байланысты. Иллюстрация asu.edu.kz сайтынан алынды
235
оқылды

Алғыс айту күнінің жаңашыл идеясын Aikyn.kz ұрпақтар сабақтастығы арқылы тарқатып талдайды. 

Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл күннің символдық мәні бар. Осы күн Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен және елдегі түрлі этностардың қазақ халқына, бір-біріне алғыс айту, өзара құрмет пен татулықты күшейту идеясымен байланысты. Елімізде Алғыс айту күні 2016 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. 

ХХ ғасырдағы күштеп қоныс аудару, қуғын-сүргін кезеңдерінде қазақ жеріне Кеңес елінің әр аймағынан көптеген халықтар келді. Сол қиын кезеңдерде қазақтың жүрегінің жылуы мен кең пейілін сезінген қоныс аударушылардың ұрпағы бүгінде қоғамды біріктіретін моральдық сабақты жақсы түсінеді. Сондықтан 1 наурыз – мейірім, қамқорлық, өзара көмек және бірлікті нақты әрекетпен дәлелдеуге шақыратын күн.

Сенім бар жерде ынтымақ бар, ынтымақ бар жерде ортақ мақсатқа жету жеңілдейді. Бұл күні үлкен сөз емес, кіші қадамдар жасап, көршіңізге, жүргізушіге, мұғалімге, ата-анаға, дәрігерге, алғыс айтуды дәстүрге айналдыру маңызды. Қоғамдық қарым-қатынастағы ұсақ жылылықтың өзі әлеуметтік құрметті күшейтеді.

Үлкендерге «еңбегіңіз үшін», ұстаздарға «білім үшін», ата-әжеге «тәрбие үшін» деген нақты тақырыптық алғыстарды дәстүрге енгізуге болады. Бұл – құндылықтар жүйесін жасайтын, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің икемді тетігі.

Бүгінде «цифрлық алғыс» – жаңа коммуникация мәдениетіне де айнала бастады. Мектептер мен ұйымдарда «алғыс қабырғасын» жасау, қысқа видео-алғыс, әлеуметтік желідегі #алғыс мәдениетін дамыту – жасандылық емес, шынайылыққа бастайды.

Басқа елдердегі Алғыс айту күндері

Иә, алғыс айту идеясы әлемде әртүрлі форматта кездеседі. Әртүрлі елдердегі «алғыс айту күндерінің» идеясы, мағынасы, дәстүрлері және атап өтілу формалары да ерекше.

АҚШ – Thanksgiving қарашаның төртінші бейсенбісінде атап өтіледі. Жылдың «игіліктері» және өмірдегі маңызды құндылықтар (отбасы, денсаулық, қолдау) үшін алғыс білдіретін отбасылық мереке. Тарихи тұрғыда бұқаралық мәдениетте ерте қоныстанушылар мен «алғашқы егіннің» жемісімен байланыстырылып айтылады, ал мемлекеттік деңгейде бұл күн федералдық мереке ретінде бекітілген.

Үлкен отбасылық дастарқанға күркетауық пісіріліп қойылады, дұға оқылады және алғыс сөздер айтылады, қайырымдылыққа көп көңіл бөлінеді.

Америкалықтар бұл күні шерулер мен футбол ойындарын ұйымдастырады. Бұл – «шыршасыз Жаңа жылға» көп ұқсайды. Адамдар бір-біріне, ата-аналарына қонаққа барып, мерекені отбасы ортасында өткізеді, кешке спорттық бағдарламалар мен фильмдер көреді, достармен әңгіме-дүкен құрады.

Алғыс айту күнінің қызықты дәстүрі – мерекеден бір күн бұрын АҚШ президентінің Ақ Үйдің дастарқанына алып келінген күркетауықтар босатуы, оларға рақымшылық жасауы. Бұл – құстарды мерекелік дастарқанға ұсынылатын тағдырдан босататын символдық мейірімділік ишарасы. 

2025 жылы салтанатты шара 25 қарашада Ақ үйдің Раушан бағында өтті. Президенттің отбасы мүшелері, қонақтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында Gobble және Waddle есімді екі күркетауыққа рақымшылық жасалды. Бұған дейін құстарға бірнеше күн бойы Вашингтондағы Willard InterContinental отелінде күтім жасалып, олар салтанатқа дайындалды. Рәсімнен кейін күркетауықтар Солтүстік Каролина университетінің жанындағы фермада мамандардың бақылауымен өмірінің қалған бөлігін өткізеді. Президенттің қатысуымен өтетін ізгі ниет шарасы дәстүр бойынша АҚШ-та мерекелік маусымның басталуын білдіріп, бүкіл елдің назарын аударады.

Канада Thanksgiving қазанның екінші дүйсенбісінде мерекеленеді. Идеясы мен мағынасы күзгі егін науқаны мен сәтті өткен жыл үшін алғыс айтумен байланысты.

Бұл елде ауыл шаруашылығы маусымы қысқа болғандықтан бұл мереке АҚШ-қа қарағанда бірнеше апта ертерек атап өтіледі. Мереке дәстүрі бойынша отбасылық кешкі асқа күркетауық және маусымдық тағамдар қойылады, канадалықтар туыстармен кездеседі, «күзгі» атмосфера (өнімдер, фермерлік азық-түлік) жақсы сезіледі. АҚШ-қа қарағанда бұл мереке тыныш әрі шоу-сипаты аз, негізгі сипаттары – отбасылық дастарқан мен күзгі демалыс күндерін бірге өткізу.

Жапонияда 23 қараша Labor Thanksgiving Day деп аталады. Бұл – «дастарқан мерекесі» емес, еңбекті, өндірісті және қоғамдағы өзара ризашылықты құрметтеу күні. Тарихи тұрғыда ежелгі егін мерекесімен байланысты, бірақ қазіргі мазмұны – азаматтық идеясы мен адамдардың еңбегін қадірлеуге арналған. Дәстүр бойынша балалар түрлі мамандық иелеріне ашықхаттар мен шағын сыйлықтар жасайды, мектептер мен ұйымдар тақырыптық іс-шаралар өткізеді. Ірі компаниялар қызметкерлеріне алғыс білдіріп, жыл қорытындысын шығарады.

Атап өту формасында міндетті «дәстүрлі тағам» жоқ. Көбіне бұл – символдық ризашылық білдіру және қызметкерлер мен қоғамдық қызмет өкілдеріне құрмет көрсету күні.

Германия  егін үшін алғыс айту мерекесі Erntedankfest әдетте қыркүйектің соңы мен қазанның басында атап өтіледі. Бұл негізінен христиандық мереке, жердің сыйы мен егін үшін алғыс айтуға арналған. Шіркеулер көкөністер, жемістер, масақтар сияқты егін өнімдерімен безендіріледі, діни қызметтер жүргізіліп, жергілікті жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Кей өңірлерде шерулер, концерттер мен ауылдық мерекелер ұйымдастырылады. Германияда бұл күні ресми демалыс күні емес, мерекенің шіркеулік-қауымдық және өңірлік сипаты басым.

Бұдан басқа халықаралық рақмет айту күні (International Thank You Day) 11 қаңтарда атап өтіледі. Бұл – ресми бекітілген мереке болмағанымен, медиа кеңістікте, әлеуметтік желілерде және түрлі сайттарда «алғыс айтуға арналған күн» ретінде насихатталады. Басты идеясы – алғыс білдіруді адамдардың есіне салу. Ашық хаттар, хабарламалар, алғыс постары, шағын ізгі қадамдар – бәрі бейресми форматта жүзеге асырылады.

Осындай әлем халықтарының алғыс айту күнімен салыстырғанда, Қазақстандағы «Алғыс айту күні» достық, ізгі ниет пен жарасым идеясымен ерекшеленеді. Оның қуаты – алғысты ресми, салтанатты сөзден күнделікті мәдениетке, әлеуметтік жобаға, нақты қайырымдылық істерге айналдыру деп ойлаймыз. Сонда ғана 1 наурыз күнгі мереке жылына бір рет келетін дата емес, қоғамды біріктіретін тұрақты құндылыққа айналады. Алғыс айту күні құтты болсын, Қазақ елі! Айтылатын алғыстарыңыз таусылмасын!