Кейінгі кездері киіктердің үдере көшіп, Қызылорда облысы аумағындағы елді мекендерге жақын жерлерде емін-еркін жайылып жүргені жиі айтылады. Әсіресе, Арал өңірінің халқы ақбөкендердің ауыл ішіне кіре бастағанын растап отыр.
Ақбөкендер Аралдан араша сұрай ма?
167
оқылды

Жалпы, биыл аралдық ағайын қыстың қытымыр мінезін сезінді. Қар қалың жауып, сонау 90-шы жыл­дардағы табиғаттың тосын құ­бы­лысының куәсі болды. Ма­ман­дар киіктердің ауыл маңынан жиі бой көрсетуін де осы қардың қалың жауғанымен байланыс­ты­рады. Өйткені ашатұяқтылар көп жағдай­да ашығып, азық іздегенде ауыл шет­іне жақындайтыны айтылады. 

Ашыққан ақбөкендер көші елді мекендерге келіп қана қой­май, тіпті ауыл көшелеріне кіріп, тұрғын үйлерге жақын маңнан бой көрсете бастаған. Бұл жағдай жергілікті халық арасында алаң­дау­шылық тудырып, ауыл шаруа­шылығы мамандарын шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етті. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мамандар мұны табиғи себеп­термен байланыстырып отыр. Әсіресе, қорек пен су тапшылығы­нан, яғни жайылым мен су көз­дерінің азаюынан, климаттың құ­р­ғау жағдайларынан орын ала­тын құбылыс деп түсіндіреді. 

Шынында да, Арал өңірі бү­гінде экологиялық тұрғыдан күр­делі аймаққа айналып тұр. Қуаң­шылық салдарынан жайылымның тозып, табиғи өсімдіктер түрінің сиреп бара жатқаны киіктердің өз мекенінен үдере көшуіне мәжбүр етуі бек мүмкін. Бұған кейінгі жыл­дары ақбөкен популяциясы­ның күрт өсуі қорек тапшылығын туғызып, жайлы мекен іздеп, көш түзеуі заңдылық. Алайда Арал өңірі жұртшылығына ақбөкендер­дің ауыл ішіне келуі таңсық құбы­лыс болып, түрлі пікірлер туғызып жатыр. 

Аталмыш мәселеге орай Арал ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі та­ра­пынан киік аңының үдере көш­уі салдарынан Арал маңына жап­пай шоғырлану құбылысын жоққа шығармайды. Бұл алғаш рет 2025 жылдың желтоқсан айының 25-і-нен киіктердің маусымдық көші-қон кезеңінен бастап көрініс та­уыпты. Осыған байланысты «Охото­зоопром» ӨБ РМҚК Қыз­ыл­орда облыстық филиалының инс­пекторларымен табиғатты қор­ғау және жануарлар дүниесін сақтау бағытында кешенді бақы­лау және қорғау жұмыстарын жүйе­лі түрде қолға алғанын алға тартады. 

«Жалпы, киіктер үйірі Ұлытау өңірінің Қоскөл ауылдық округі аумағынан көш түзегені жайында болжам бар. Яғни, Бейнеу–Жез­қазған теміржолының Байқоң­ыр, Көктал, Қоскөл, №11, №13, №14 бе­кет­тері арқылы және Ақтөбе об­лы­сы­ның Ырғыз ауданы бағы­ты­мен қозғалып, Қызылорда обл­ысының Арал, Қазалы, Қармақ­шы, Жалағаш және Сырдария аудандары аумақтарына қоныс аударған. «Охотзоопром» Қызыл­орда өңірлік филиалы инспектор­ларымен жүргізілген бақылау нә­ти­желері бойынша облыс аума­ғында шамамен 60–65 мың бас киік (ақбөкен) шоғырланғаны анық­талып, ресми есепке алынды. Киіктің жаппай миграциясы та­би­ғи құбылыс болғанымен, олар­дың қауіпсіз қозғалысын қамта­масыз ету және антропогендік кедергілерді азайту – басты мін­дет­тердің бірі», – деп мәлімдейді бөлім тарапынан.

Соған орай «Охотзоопром» Қызылорда өңірлік филиалы инс­пекторлары Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аталмыш аймаққа зерде­леу жұмыстары жүргізілгенін алға тартып отыр. Нәтижесінде, жо­ғарыда айтып өткеніміздей, Арал ауданы Қарақұм ауылдық округі аумағындағы Бейнеу–Жезқазған теміржолының №11, №13, №14 бекеттері маңындағы киік көші-қон жолдарындағы сым кедергі­лерді алу жұмыстары жүргізілген. Бұл киік табындарының емін-еркін қауіпсіз қозғалуына мүмкін­дік жасауға бағыттайтынын мә­лім­деп отыр.

Негізінен, киіктердің Арал ауда­н­ына қарасты елді мекендерге және Арал қаласының шет аймақ­тарына кіріп кету деректерінің тіркелуіне байланысты 2026 жыл­д­ың 20-23 қаңтар күндері аралы­ғында арнайы бірлескен іс-шара ұйымдастырған. Оған жергілікті атқарушы органдары, «Барсакел­мес» мемлекеттік табиғи қорығы­ның қызметкерлері, орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ние­сін қорғау жөніндегі мамандан­ды­рылған мекемелердің мамандары, аудандық полиция бөлімі және «Охотзоопром» инспекторлары қатыс­қанын жеткізді. Жалпы, бас-аяғы 5 мекемеден 12 автокөлік пен 36 қызметкер жұмылдырыл­ыпты. Соның негізінде киік аң­ын­ың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азықтандыру жұмыстары жүйелі жүргізілгенін алға тартады.

Осы ретте халықты алаңдатқан негізгі мәселенің бірі – Арал қала­сының шет аумақтарына кірген киіктерді табиғи мекеніне қайтару мақс­атында табиғатты қорғау және аудандық ветеринария меке­месінің мамандарының бірле­суі­мен нақты шаралар қабылданып, 10 бас киіктің аталығын қайтадан табиғи ортасына жіберу шарасы жүзеге асырылғанын айтады.

Қазір мониторинг қорытын­дысы бойынша, Арал ауданы аума­ғында шамамен 35 мың бас киік, сондай-ақ облысқа қарасты Қар­мақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандары аралы­ғын­да 30 мыңға жуық киік шашы­раңқы түр­де шоғырланып жүр деген болжам бар. Оның ішінде киік табындары­ның басым бөлігі Жалағаш пен Сырдария аудан­да­рының аума­ғындағы Құмкөл мұн­ай кешені маңында, яғни Сан­дықтау, Ақши және Байтен учас­к­е­лері төңірегін­де топтасқаны анықталып отырға­нын мәлім­дейді.

Қалай дегенде де, табиғи миг­рация аясында Арал маңында мың­даған жануардың қыстап жат­қаны анықталып отыр. Мамандар тарапынан мұны табиғи құбылыс деп түсіндіргенімен, киік популя­ция­сын сақтау, жануарларды қорғау бағытында тиісті шаралар тұрақты түрде жүргізіле беретінін жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы