Зерттеушілер Жер мантиясының қозғалысын 70 миллион жыл артқа «қайтарып», «гравитациялық ойықтың» миллиондаған жыл бұрын Антарктиданың мұз құрсауына түсірген ықпалын анықтады.
Антарктиданың астындағы «гравитациялық ойық» құрлықтың 70 миллион жыл бұрын мұз құрсауына түсуіне себеп болған
«Гравитациялық ойық» миллиондаған жыл бұрын Антарктиданың мұз құрсауына түсірген болуы мүмкін. Фото mycharisma.com сайтынан алынды
130
оқылды

Zmescience.com материалына сүйенген Aikyn.kz Антарктиданың мұз құрсауының пайда болу себебін түсіндіреді.

Біз Жер бетіндегі гравитация барлық жерде бірдей тұрақты деп қабылдаймыз. Алайда ғалымдар оны «біркелкі жамылғы» емес, бір жері қалың, бір жері жұқа «томпақ көрпе» тәрізді деп сипаттайды. Қазіргі таңда осы «көрпедегі» ең терең ойық, яғни ішкі процестер әсерінен гравитация әлсіз болатын аймақ, Антарктида мұздарының астында орналасқан.

Геофизик Алессандро Форте (Флорида университеті) бұндай ауытқулар абсолют мәнде шамалы болғанымен, мұхиттарға ықпалы ерекше күшті болуы мүмкін екенін айтады. Су әлсіз тартылыс аймақтарынан күшті тартылысқа қарай «ағады», сондықтан Антарктида маңындағы теңіз беті «әдеттегіден» төменірек қалыптасуы ықтимал. Бұл құрлық жиегіндегі мұздықтарға ерекше шекаралық жағдай жасайды.

Антарктикалық геоидтық ойпаттың (AGL) қашан қалыптасқанын анықтау үшін Форте мен Петар Глишович (Париж Жер физикасы институты) «кері ығыстыру» әдісін қолданған. Қазіргі 3D құрылымнан бастап мантиядағы процестерді физика теңдеулері арқылы кері бағытта есептеген. Модельдің дұрыстығы Жер осінің орын ауысуы – True Polar Wander (TPW) деректерімен салыстырылып тексерілген. Модель болжаған гравитациялық өзгерістер шамамен 50 млн жыл бұрын полюс қозғалысының «күрт бұрылысымен» сәйкес келген.

Реконструкция бойынша, 70 млн жыл бұрын Антарктида үстіндегі гравитациялық ойық әлсіз әрі тұрақсыз болған. Ал 50-30 млн жыл бұрын ол тез тереңдеп, қазіргі орнына «бекіген». Оның екі себебі болған. Бір жағынан суық мұхиттық плиталардың Антарктида жиегіне батуы, екінші жағынан ядро мантия шекарасынан жоғары көтерілген ыстық, қалқымалы жыныс шлейфі. Бұл шлейф Батыс Антарктида астындағы мантияның тығыздығын азайтып, гравитацияны әлсіретіп, «ойықты» тереңдеткен.

Ең қызығы – бұл үдеріс Жер климатының эоцен-олигоцен өтпелі кезеңімен, яғни шамамен 34 млн жыл бұрын Антарктида мұз жамылғысы күшейе бастаған уақытпен үйлеседі. Форте: «Егер Жердің ішкі құрылысы гравитация мен теңіз деңгейіне қалай әсер ететінін жақсы түсінсек, ірі мұз жамылғыларының өсуі мен тұрақтылығына ықпал ететін факторларды да тереңірек ұғамыз», – дейді.

Зерттеу теңіз деңгейінің нақты өзгерісін бөлек модельдеу қажет екенін мойындай отырып, климатты тек атмосфера мен Күн ғана емес, Жердің «ішкі қозғалтқышы» да қалыптастыруы мүмкін деген ойды алға тартады.

Зерттеу нәтижелері Scientific Reports журналында жарияланған.