Еуропалық Орталық Банк цифрлық еуроны енгізу ЕуроОдақ банктеріне төрт жылда 4-6 млрд еуро салмақ салатынын мәлімдеді. Жаңа жүйе Еуропаның төлем егемендігін күшейтуді көздейді.
Цифрлық еуроны енгізуге 4-6 млрд еуро қажет
Цифрлық еуро мемлекет қаржысының цифрлық экономикадағы өзектілігін сақтау үшін қажет. Фото cepa.org сайтынан алынды
118
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz цифрлық еуроны енгізу тәуекелдерін бағалайды.

Еуропалық Орталық Банкінің (ЕОБ) бағалауынша, цифрлық еуроны енгізу еуропалық банктерден айтарлықтай шығынды талап етеді. Цифрлық валютаны енгізуге ЕуроОдақ банктері 4 жыл ішінде 4-6 млрд еуро бөлулері керек. Бұл туралы ЕОБ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Пьеро Чиполлоне мәлімдеді. Оның айтуынша, Орталық банктің өзіне жаңа цифрлық валютаны шығаруға 1,3 млрд еуро қажет болады. Бұған қоса ЕОБ-тың операциялық шығындары жылына 300 млн еуро деңгейіне өседі.

ЕОБ жеке мердігерлермен бірлесіп, цифрлық еуроға арналған инфрақұрылым жасауда. Жоспар бойынша цифрлық еуро еуроаймақ тұрғындары үшін орталық банкте ашылатын шоттар арқылы жұмыс істейді. Чиполлоненің сөзінше, еуроаймаққа кірмейтін ЕуроОдақ азаматтары да өз ұлттық орталық банкі ЕОБ-пен келісім жасаса, цифрлық еуромен төлем жасай алады.

ЕОБ бұл жоба үшін ЕуроОдақтың тиісті заңнамасының қабылдануын күтеді. Реттеушінің түсіндіруінше, цифрлық еуро мемлекеттік қаржының цифрлық экономикадағы өзектілігін сақтау, Еуропаның бөлшектенген төлем жүйесін біріктіру үшін қажет. Сондай-ақ ЕуроОдаққа кірмейтін провайдерлердің рөлін шектеу арқылы ақша-несие егемендігі мен экономикалық қауіпсіздікті күшейту мақсаттарына қызмет етуі тиіс.

Чиполлоне банктердің бұл шығынды қайтарып алу мүмкіндігі барын айтады. «Банктерден алынған деректерге сүйенсек, енгізу құны төрт жылда 4-6 млрд еуроны құрайды. Бұл олардың IT жүйелерін ұстап тұруға жыл сайын жұмсайтын шығынының шамамен 3% ғана», – дейді ол. Оның сөзінше, банктер шығынды сатушылардан алынатын комиссиялар арқылы өтеуі ықтимал. Нақтырақ айтқанда, еуроны цифрлық форматқа аудару қызметі үшін алынатын төлем есебінен. Сондай-ақ пайдаланушыларға цифрлық еуромен төлеуге қажет смартфон қосымшасын да банктер жасап, ұсынады.

Банктер үшін бір жеңілдік бар. Әдетте жеке төлем желілеріне төленетін шығындардың бір бөлігі бұл жерде болмайды. Өйткені ЕОБ өз желісін пайдаланғаны үшін ақы алмайды.

ЕОБ қазірдің өзінде 2029 жылғы ресми іске қосуға дейін болатын пилоттық кезеңге қатысқысы келетін кредит ұйымдарын іріктеп алды. Ал сатушылар үшін цифрлық еурода комиссия жоғарғы шектемесі белгіленеді және ол Visa мен Mastercard сияқты халықаралық жүйелердегі мөлшерден төмен болады.