Қазақстанның банк жүйесінде депозиттердің мөлшері өсіп ке­л­еді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, жалпы жинақ 16,3%-ға өсіп, 48 трлн теңгеге жеткен.
Жинақтың артуы жақсы үрдіс пе?
коллаж: Елдар ҚАБА
211
оқылды

Оның ішінде ұлттық валютадағы салымдар 18,3%-ға артып, 37,9 трлн теңгеге, шетел валютасындағы депозиттер 9,2%-ға өсіп, 10,1 трлн теңгеге барды. Сондай-ақ депозит құрылымында жеке тұлғалардың салымдары 26,2 трлн теңгеге (15,8%), ал заңды тұлғалардың қаражаты 21,8 трлн теңгеге (16,8%) дейін ұлғайды. Бұл халықтың банк жүйесіне деген сенімін және қаржы институттарының ресурстық базасының нығайғанын көрсетеді.

Десе де, 2025 жылы ел экономикасы инфляциялық қысым жағдайында болғанын жоққа шығара алмаймыз. Баға өсімін тежеу мақсатында ақша-кредит саясаты қатаң деңгейде сақталып, жоғары мөлшерлеме сақталды. Мұндай жағдайда халық қаража­тын тұтынудан гөрі депозитке орналастыруды жөн көруі әбден қисынды. 

Жалпы, депозиттердің өсуін екі қырынан бағалауға болады. Біріншіден, бұл – қаржы­лық тұрақтылық факторы. Банктердің қор базасы кеңейеді, сыртқы қарыздарға тәу­ел­ділік азаяды. Мұндай жағдай банк жүйесінің сенімділігін арттырып, ықтимал дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, экономикалық өсім тұрғы­сынан қарағанда, шешуші мәселе – осы қа­ражаттың қай бағытқа жұмсалатыны. Егер жинақтар өндірістік жобаларға, инфра­құрылымға және бизнесті кеңейтуге бағытталса, онда олар экономиканың сапалы және ұзақмерзімді өсуіне негіз болады. Ал қаражат негізінен тұтынушылық несиелеуге немесе қаржылық құралдарға жұмсалса, оның әсері ішкі сұранысты қысқа мерзімде қолдаумен шектеледі.

Жинақтаудың артуы инфляцияны тежеуге де жанама ықпал етеді, өйткені халық қаражатын жұмсаудың орнына сақтауды таңдайды. Алайда мұндай үрдіс ұзақ сақталса, инвестициялық белсенділіктің баяулауына әкелуі мүмкін. 

Жалпы, депозиттегі қаражаттың көбеюі экономикамызға қаншалықты әсер етеді? Бұл жағдайды әлде тек банктер арасындағы қаржы айналымы деп қана түсінуіміз керек пе? Біз қаржы саласындағы сарапшыларға осы сұрақтарды қойдық.

Мағбат СПАНОВ,

ҚазҰУ профессоры: 

– Экономикалық теория тұрғысынан алғанда, қаржы ресурстары жинақтауға немесе тұтынуға бағытталуы мүмкін. Сон­дықтан халықтың депозиттері елдің қаржы жүйесінде оң рөл атқарады және атқаруға тиіс. Бірақ мұнда басқа бір мәселе бар. Банк­тер бұл қаражаттарды қалай пайдала­нады? Оларды қайда салады немесе инвес­тициялайды? Негізгі үлкен мәселе дәл осы жерде туындайды. Үкіметтің инфляцияны күшейтіп отырған әрекеті мен Ұлттық банк­тің біліксіз саясатын ескерсек, банктер үшін өндіріске немесе инвестициялық жоба­ларға «ұзақмерзімді инвестициялар мен салымдар» жасау тиімсіз. Сондықтан олар ақшаны жоғары пайызбен несиеге беруге немесе қаржы құралдарына (көп жағ­дай­да қаржылық алыпсатарлыққа) салуға мәжбүр.

Жалпы алғанда, халық пен ұйымдардың жинақтары қаржы институттарын дұрыс ұйымдастыру және тиімді басқару жағдай­ында ұлттық экономикада әрдайым тұрақ­тандырушы рөл атқарады.

Жания САНДЫБАЙ,

Qazaq Expert Club қаржыгері: 

– Қаржы сарапшысы ретінде атап өтсем, 2025 жылдың қорытындысы бойын­ша Қазақстанда депозиттердің несиелерден асып кетуі экономикалық серпіліс белгі­сінен гөрі «қауіпсіз стагнацияны» білдіреді. Бұл теңгемен өтімділіктің өскенін көрсетеді, алайда экономика үшін нақты пайдасы шек­теулі, өйткені қаражаттың басым бөлігі өндірістік секторға емес, тұтыну­шы­лық несиелерге (21%) бағытталуда.

Халық инвестиция салғаннан гөрі жинақтауды жөн көреді, бұл экономикалық өсім­ді баяулатады. Салымдар өсіп жатқаны­мен, банктер қаражатты көбіне Ұлттық банктің қауіпсіз ноталарында сақтауды немесе нақты бизнесті емес, тұтынуды несиелеуді жөн көреді (ШОБ несиелері 5,7%-ға өсті, ал тұтынушылық несиелер 21%-ға артты).

Сондай-ақ бұл жағдайды көбіне салым­шының қалтасынан қарыз алушының қал­та­сына банктік жүйе арқылы (банктердің жоғары таза табысы – 2,7 трлн теңге жағ­дай­ында) қаражатты қайта бөлу деп есептеуге болады.

Жоғары мөлшерлеме мен өтімділікті стерилизациялау арқылы Ұлттық банк экономиканы саналы түрде «салқындатып», инфляциялық қысымды төмендетіп отыр. Депозиттердің несиелерден артуы – осы саясаттың жанама, бірақ күтілетін нәтижесі. Бұл аномалия немесе жүйенің іркілісі емес, қатаң ақша-кредит саясаты мен экономи­ка­лық агенттердің қымбат ақшаға бейім­делуінің заңды салдары. Мәселе мұндай құрылым тым ұзақ сақталып, инвестициялар, тұтыну және өсімді тежей бастағанда туын­дайды. Сонда тұрақтылық стагнацияға айналады.

Венера ЖАНАЛИНА, 

Qazaq Expert Club қаржыгері: 

– Дамушы экономикалар үшін мұндай кон­фигурация қалыпты құбылыс. Депозит­тер­дің өсуі банктік секторға деген сенімді жә­не тұрақты ресурстық базаның қалыптас­қан­ын көрсетеді. Теңгедегі жинақ­тардың жо­ғары үлесі – макроқаржылық тұрақтылық­тың және сыртқы қорландыруға тәуелділіктің азайғаны.

Банктер  халықты ғана емес, бизнеске де несие береді: барлық қарыздың шамамен 38%-ы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкер­лерге, шамамен 17%-ы ипотекаға және 45%-ы тұтынушылық несиелерге тиесілі.

Бұл қаражат тек сол салымшыларға қай­тарылып қоймай, экономиканың әр­түрлі секторы арасында қайта бөлінетінін білдіреді. Банктік жүйе қаржылық делдалдық функция­сын атқарады. Жинақтарды не­сие­лерге, ин­­вес­тицияларға және бюджеттік қаржыланды­руға трансфор­мациялайды.

Жалпы, депозиттердің халыққа берілген несиелерден асып кетуін «банктер арасын­дағы ішкі айналым» деп түсіндіруге болмай­ды. Бұл, ең алдымен, қаржылық тұрақты­лық­­тың белгісі. Ал экономикалық өсімге ық­­палы банктік жүйенің жинақталған рес­­урстарды Қазақстанның нақты секторын да­мытуға қаншалықты тиімді бағыттай­ты­нына байланысты. Деректер несиелердің жал­­пы көлемінде бизнестің үлесі едәуір екенін көрсетеді, дегенмен анағұрлым үл­кен үлес бөлшек несиелерге тиесілі. Олар ішкі сұранысты қолдайды, бірақ өндірістік қуат­тардың немесе инвести­ция­лардың өсуіне тікелей ықпал етпейді.

Айгүл СЕЙІЛ