Кездесу барысында вице-премьер елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға және жаңа Конституция жобасының маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті
502
оқылды

Бүгін, 2026 жылы 13 ақпанда Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиын барысында коалиция мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан сөз сөйледі.

Жиынға мәдениет және өнер саласының танымал өкілдері, шығармашылық одақтардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Вице-премьер елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Әділеттілік, "Заң мен тәртіп" қағидаттарына негізделген бастамалары ел дамуының жаңа кезеңін айқындап отырғанын атап өтті.

Аида Балаева 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызына назар аударып, бұл таңдау тек бүгінгі буын үшін емес, келер ұрпақ үшін де жауапты шешім екенін айтты. Сонымен қатар Конституциялық комиссияның жарты жылға жуық уақыт бойы қоғаммен ашық форматта жұмыс жүргізгенін, мыңдаған ұсыныс қаралып, жаңа редакцияда ескерілгенін жеткізді.

Вице-премьер жаңа Ата Заңның бүкіл қоғам үшін ортақ жауапкершілік екенін ерекше атап өтті.

«Жаңа Ата Заңның тағдыры  тек заңгерлер мен саясаткерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әсіресе, мәдениет пен өнер саласының өкілдері үшін бұл құжаттың мәні терең», – деді ол.

Кездесуде жаңа Конституция жобасында мәдениет, ғылым мен білімді дамытуға ерекше мән берілгені айтылды. Алғаш рет «тарихи-мәдени мұраны сақтау» мен «төл мәдениетті қолдау» негізгі қағидаттар ретінде айқындалып отыр. Сондай-ақ азаматтардың тарихи және мәдени мұраға ұқыпты қарау міндеті бекітілген.

Мемлекет мәдени әралуандықты, ғылыми ізденісті және білімге негізделген дамуды стратегиялық басымдық ретінде белгілейді. Зияткерлік меншікті қорғау конституциялық деңгейде бекітіліп, шығармашылық еркіндік мазмұндық тұрғыдан нақтыланған.

Бұдан бөлек, алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілген. Бұл жаңа технологиялар дәуірінде адамның жеке деректері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Отбасы институтына қатысты да нақты норма бекітілген. Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені айқын көрсетілген.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция адам құқықтарына түбегейлі бағдарланған және жаңа қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастыруға бағытталған құжат ретінде ұсынылып отыр.

«Бұл референдум – кезекті саяси науқан емес, болашағымыздың басты құқықтық кепілі. Оның сәтімен өтуі – сіз бен бізге тікелей байланысты. Сондықтан баршаңызды жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», – деді Аида Балаева.

Кездесуде театр және кино актері, Қазақстанның Халық әртісі Болат Әбділманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және өзге де қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, саланы одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар елдің болашағы үшін жауапты таңдау жасау қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында Аида Балаева барша қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға және жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.