Тіршіліктің басты көзі – ауызсудың азабын Көкшетаудың тап іргесінде тұрған Краснояр ауылындағы 15 мыңға жуық тұрғын да жылдар бойы тартып келеді. Кенезесі кепкен халықтың билікке қара қазандай өкпе-назын айтып жүргелі қашан? Алайда түйткілдің түйіні тарқатылмай тұр.
Түн ішінде тіршілік ететін ауыл
276
оқылды

Краснояр ауылы әкімшілік жағынан да, аумақтық жағынан да Көкшетаудың құрамына кіреді. Бірақ қарапайым ғана игіліктердің бірі – ауызсу қара­ша жұрттың қашаннан бергі басты мәселесі. Проблема осы­ған дейін де көтерілмеді емес, билік басындағыларға әр есеп­тік кездесу мен билік өкілдері­нің қатысуымен өтетін жиын-кездесулердің әрқайсысында ащы базынасы айтудай-ақ айтылып келеді. Тіпті әлеу­меттік желі арқылы да көкірегін ашытқан қыжылын кіжініп тұрып жиі-жиі ақтарып жүр. Әр келген әкім «мәселе шешіледі» деп уәдені үйіп-төккенімен, құр­ғақ қасық ауыз жыртудан басқа түбегейлі шешімін тап­қан емес.

Қазір түйткіл тіпті бұрын­ғыдан да қиындап, жайсыздық шеңберінен шығып кеткен. Краснояр жұрты ауызсудың азабын тартқан түнгі тірлікке де еті үйрене бастаған. Сон­дық­тан күні бойы жұмыстан қолы босамайтын жұрт түнгі ұйқысын да қиып, үй шаруасын «түнгі ауысымға» ауыстырған. Түн баласы көз ілмей кір жуып, таң сібірлеп ататын уақытта ыдыс-аяқтарына су толтырып әлектеніп жатады. 

Халқының саны жыл санап көбейіп, жаңадан салынған үйлердің қарасы қалыңдап келе жатқан ауылда ауызсу жағ­дайы жаппай қиын. Әсіресе Краснояр, Школьная, Ново­селов, Октябрьдың 50 жылды­ғы көшелеріндегі ахуал аса ауыр. Жекеменшік үйлерде су тек түнде  сыздықтап ағуы мүм­кін. Ал көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарында жағдай мүлде мүшкіл. Тұрғындар ай­лар бойы краннан су көрмей-ді.

– Үйге келіп кранды ашсам, шұбатылған жіңішке жіптей болып су ағып тұр екен. Шын­ымды айтсам, көптен күндізгі уақытта мұндай «бақытты сәт­ті» көруден қалғаннан ба, қуа­нып кеттім. Басымды жуайын деп едім, сұйық сабын жағып үлгергенше су тоқтап қалды. Амал жоқ, түнде толтырып үлгерген бөтелкедегі ауызсумен шайдым. Жуатын киімдерді қалада тұратын туыстарыма тасимыз, – дейді ауыл тұрғыны Наталья Кузенная.

Үш баланың қамқоршысы Анна Ерофеева балаларды жуындырудың өзі аса үлкен проблемаға айналғанын айта­ды. Бұрын су тапшылығы тек жаздың шіліңгір шілдесінде болатын. Себебі жұрттың бәрі бау-бақша суаратын. Ал биыл­ғы қыс бұрынғыдан да өзгерек болып, қыстың қыты­мыр аяз­ында да соры арыл­маған жұрт­шылық қаталап шық­қан.

Бұл жағдайдың астарында бірнеше жылдардан бері қор­даланып келген коммуналдық жүйенің күйреу мәселесі жа­тыр. Ауыл халқының біраз бөлігі мәселені ауылдың қақ төрінде менмұндалап сән-сал­танатымен көз тартатын жаңа спорт кешенінің ашылуы­мен байланыстырады. Себебі ішін­де бассейні бар нысан ауызсуға зәру болып отырған дәл осы проблемалы ауданға салынған. Әрине, балаларға спорт кешені ауадай қажет-ақ. Бірақ тұрғын­дардың «бала­лардың бассейні үшін мұқым халық сусыз отыруы тиіс пе?» деген заңды сауалы да ойлан­дырмай қой­майды.

Алайда ауыл әкімі Серікжан Мәкіш спорт кешенінің бұған мүлде қатысы жоқ екенін алға тартты. Оның айтуына қара­ғанда, бассейн  ашылар кезде ғана аузы-мұрнынан шық­қан­ша суға толтырылған. Кейін сол су қайта айналыммен пай­да­ланылып келеді. Белгіленген уақыт сайын мұндағы арнайы мамандар суды арнайы химия­лық жолмен тазартып тұрады. Мамандар да осыны растайды. Яғни мәселе спорт кешенінде болмай шықты. Ауыл әкімі ауылдағы ауызсудың зардабы жөнінде Көкшетау мен Крас­ноярды ауызсумен қамтып отыр­ған «Көкшетау Су Арна­сы» коммуналдық мекемесіне талай айтып та, жазып та көр­генін жеткізді. Бірақ бар мәселе құбырлардың сонау Кеңес заманында салынғаннан бері ауыстырылмауының салдары­нан әбден тозығы жеткенінен болып отырғанын жеткізді. 

– Иә, расында да, ауыл жұр­ты судың зардабын жиі тарта­ды. Халықтың саны өсіп бара­ды. Ал әбден тозығы жетіп, қаусап тұрған ескі құ­бырлар жиі сынып апат болып тұрады. Бюджет қоржынынан жамап-жасқалып жатқаны­мен, түбе­гейлі мәселені шешу әзірге болар емес, – дейді ауыл әкімі. 

«Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің өкілдері де құбыр­лардың әбден тозығы жеткенін ашық мойындайды. Олардың айтуынша, ауыл ішіндегі құбы­рлардың көбі қатты тозып кеткен. Қауқары шамалы құ­быр­лар қысымды күшейтсе, бірден апатқа ұшырайды. Сон­дықтан халыққа толық­қанды су беру мүмкін емес.

Ауыл тұрғындарының дере­гінше, құбырлардың кейбірі жарты ғасырдан бері ауыс­ты­рылмаған. Демек, бүгінгі ахуал бір күнде пайда болмаған. 

Құзырлы жергілікті билік органдары қазір жобалық-сметалық құжаттама дайын­далып жатыр дейді. Бірақ оның қашан аяқталатынын, сарап­тамадан қашан өтетінін, қар­жы­ның қашан бөлінетінін еш­кім нақты айта алмайды. Тіп­ті, су жүйесіне жауапты меке­менің өзі жоба қай дең­гейде тұрғанынан толық хабар­сыз.

Бір қызығы, қағаз жүзінде бәрі сақадай сай мінсіз көрін­еді. Магистралды желідегі қы­сым техникалық нормаға сәй­кес делінген, бірақ тұрғынд­­ар­дың кранынан су там­бай­д­ы. Аптап ыстық басталса, жағдай­дың тіпті қиындайтыны анық.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы