«Бүгінгі журналистиканың бағыты бөлек» дейді. Әсіресе, «дәстүрлі БАҚ-тың дәурені өтіп барады» дейтін пікірлер де көп айтылады.
Ділдәр Мамырбаева, жазушы: Қоғамға шындықты жеткізу миссиясы ешқашан ескірмейді
299
оқылды

Жалпы, ғаламмен бірге жаралған қаламның бүгінгі серті қандай? Миссия өзгерді ме? Бүгінгі буын журналистиканы қалай ұғады? Көңілде – көп сауал. Бұған аға буынның айтар уәжі бар шығар. Біз бұл сұрақты жазушы, публицист Ділдар Мамырбаеваға қойған едік. 

–  Бүгінде журналистиканың ауқымы өзгерді. Журналистикаға көз­қарас та бұрынғыдай емес. «Жур­нал­истің арқалағаны – ал­тын» дейтін тәмсілдің мағынасы өзгерген секілді. Бұрынғы мектеп­тен қалған қандай құндылықтар сақталды, біз қазір нені жоғалтып ал­дық деп ойлайсыз?

– Журналистиканың формасы өзгерді, бірақ оның жаны өзгер­меуі керек еді, өкінішке қарай өзгерді. Журналистика өнер еді ғой. Ахмет Байтұрсынұлынан бас­тал­ған Шерхан Мұртаза, Камал Смаилов, Сейдахмет Бердіқұлов, Бекболат Әдетов, Сарбас Ақтаев, Зейнолла Шүкіров, Ахат Жақсы­баев, Жарылғап Бейсенбаев, Жан­болат Аупбаев, Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп жалғас­тыр­ған үлкен мектеп бар еді. Міне, осы азаматтар журналист рет­інде ұлтқа, халыққа бар ождан-ниетімен қалтқысыз қызмет етті. Жалған жазбады. Қиянат жаса­ма­ды. Өмірдің заңдылығы ма, клас­сикалық журналистика дағдарыс­қа ұшыраған кезде оның орнын блогерлер басты. Журналистикада қанға сіңген әдеп бар, обал-сауап бар, ұят бар. Кейбір блогерлер «ұят туралы жазамыз» деп ұятсыз­дық­қа барып жүргенін сіз де, біз де байқап жүрміз.

Бұрынғы мектептен қалған ең үлкен құндылық – жауапкершілік. Қалам ұстаған адам әр сөзінің сал­мағын сезінетін. Бір сөйлемнің өзі адамның тағдырына әсер етуі мүм­кін екенін білетін. Біз сол жа­у­ап­кершілікті сақтап қалдық деп ой­лаймын. Ал жоғалтып алғаны­­мыз – зерттеу, сараптау мәдениеті дер едім. Қазір ақпарат көп, уақыт аз. Бұрын журналист бір мақа­ла­ның соңынан апталап жүрсе, қазір бір күнде бірнеше материал әзір­леуге мәжбүр. Кейде жылдам­дық ізденістің жолын кесіп жатады.

– Бүгінгі журналистиканың күші неде: ұстанымда ма?

– Иә, журналистиканың бас­ты күші – ұстанымда. Технология өзгереді, платформалар ауысады, бірақ журналистің азаматтық позициясы мен кәсіби ұстанымы өзгермеуге тиіс. Қолында камера­сы немесе смартфоны бар кез кел­ген адам ақпарат тарата алады. Бірақ бәрі бірдей журналист емес. Журналисті ерекшелендіретін нәрсе – ақиқатты іздеудегі табан­дылығы мен қоғам алдындағы жауап­кершілігі. Мәселенки, Жан­болат Аупбаевтың бір кездері жаз­ған Рейстаг қаһарманы Ра­қым­жан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағын беру туралы көтерген мәселесін халық қолдап кетті. Онда айтылған дәйектер, ұсыныстар бұлтартпайтындай, алай-бұлайы жоқ еді. Бердібек Соқпақбаевтың  «Менің атым-Қожа» шығармасының кейіп­кері­не ескерткіш орнату туралы баста­масы да адамгершілік, азаматтық, ұрпаққа өнеге болатындай болған. «Қожаға ескерткіш орнатылатын болыпты» дегенді естігенде ел болып қуанғанбыз. Том Сойер мен Гекльбериге Миссури штат­ында, Корней Чуковскийдің Айболитіне Вильнюста, Андер­сеннің ертегісіндегі Су перісіне Копенгагенде, Толстойдың Бура­тиносына Самара қаласында ес­керт­кіш бар. Қожа бейнесін Жан­болат Аупбаев ұлт мәселесі, ұлт мә­дениеті, мемлекет саясаты дең­­гейіне көтеріп жазды. Ұстан­ым­ның күші деген осы шығар. Мұн­дай мысалдарды Қайнардың да, Нұртөренің де жазбаларынан айтуға болады.

– Бұрын бір мақала не фелье­тонның күші сұмдық еді. Қазір жур­налистикада сөздің өткірлігі қандай?

– Сөздің өткірлігі жоғалған жоқ, тек оның айналасындағы шу көбейді. Бұрын бір мақала қоғам­ды дүр сілкіндірсе, қазір ақпарат ағынында жақсы дүниенің өзі көзге түспей қалуы мүмкін. Бірақ шынайы, дәлелді, жүрекке жете­тін сөздің күші әлі де бар. Адам ба­ла­сы ақиқаттан ешқашан жа­лық­қан емес. Дегенмен біздің  Баспасөз туралы заңымызда тиісті орындардың редакцияға жауап беретін тәртібі туралы бап жоқ. Бар ғой, жыланның қабығындай жылп-жылп еткен жауап берсең де болады, бермесең де болады деген былқылдақ сөйлем тұруы мүмкін. Оны компания заңгерлері өздеріне әдемілеп икемдеп алады. 

– Шындықты айту мен жауап­кер­шілік арасында тепе-теңдікті сақтап жүрміз бе?

– Журналистиканы үлкен әлем десек,сол журналистиканың ең күрделі сұрағы осы шығар. Шындықты айту – міндет. Бірақ шындықты жеткізудің де мәден­иеті бар. Кейде бір деректі жария­лау арқылы қоғамға пайда келтіре­сіз, кейде біреудің тағдырына зиян тигізуіңіз мүмкін. Сондықтан жур­налист тек шындықтың жар­шы­сы ғана емес, сонымен бірге ардың күзетшісі болуы керек.

– «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» интер­нет заманында журналистің беделі бұрынғыдай ма? Әлде әлеуметтік желі журналистикаға деген көзқа­расты өзгертті ме?

– Әлеуметтік желі ақпаратты демократияландырды. Әр адам өз ойын айтып, өз аудиториясын қал­ып­тастыра алады. Бірақ бұл журналистиканың рөлін кеміткен жоқ. Керісінше, жалған ақпарат кө­бейген сайын кәсіби журналис­тикаға деген қажеттілік артады. Қазір журналистің міндеті тек ха­бар жеткізу емес, ақпаратты сүзгі­ден өткізіп, оның шындығын анықтау.

Иә, бүгінгі БАҚ тез әрі ұшқыр. Бірақ ақсап жатқан тұсы көп. Тақ-тұқ еткен құрғақ ақпарат. Талдау, сараптама жоқ. Деректерге сілте­ме жасалмайды. Сөйлемдер сауат­сыз жазылады.

– Бұрын да жеделдік маңызды еді, қазір жылдамдық бірінші орын­ға шықты. Бірақ бұл сапаға кері әсер етіп жатыр деп ойламайсыз ба?

– Әсер етіп жатыр. Ақпаратты бірінші болып жариялау жарысы кейде оның дұрыстығын тексеруге мүмкіндік бермейді. Алайда жур­нал­истиканың басты қағидасы өз­гер­ген жоқ: дұрыс ақпарат жыл­дам ақпараттан маңыздырақ. Қа­те­лескен жаңалық бірнеше мин­ут­­та таралады, бірақ оның салдары жылдар бойы сақталуы мүмкін.

– Бұрынғыдай газет-журнал­дың да таралымы көп емес. Элек­тронды БАҚ-тың дәурені туды. «Газетті иіскеп оқимыз» дейтіндер­дің заманы өтті. Газет-журнал қо­ғам­ға керек пе?

– Қағаз бен электронды фор­маттың тартысы бар екені ақиқат. Ақпараттың негізгі бөлігін ин­тер­нет­тен алатынымыз да айдай шын­дық. Дегенмен ондағы шынд­­­ық сапаның белгісі бола ала ма? Ақпаратты алғашқы болып хабар­лай салу сапаның белгісі дей ала­мыз ба? Оған мысал кеше ғана «Кеген ауданында полицейді өр­теді» деген хабардың анық-қаны­ғына жетпей жатып желдей есуі дер едім. Осыған қарағанда заман­ауи заманда да шындықты зерт­теу, оның ақ пен қарасына жету қағаз­дық нұсқадағы басылым­дар­да іс­тейтін журналистердің мойн­ын­дағы жауапкершілігі, міндеті болып қалып отыр. Өйткені оқуға деген мәдениет, ақпаратты бай­ып­пен қабылдау дәстүрінің түп негізі осы газет-журналдарда дер едім.

Газет, журнал – ұлттың жады.Тар­ихтың құжаты. Тарихи оқиға­лар мен тұлғалар туралы деректі баспасөз архивінен табатынымыз да өтірік емес. Тактильдік сезімнің адамдары шығармыз, бәлкім. Был­тыр Жазушылар одағы ұйымдас­тырған жобаға қатысып, Ташкент кітапханасына барғанымда «Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Жас қай­рат», «Денсаулық жолы» жур­нал­дарын, ондағы халықты білім мен мәдениетке жетелейтін матер­иалдарды көргенде бір өзгеше күйге түстім. Ғажаптандым. Алтын сан­дық тапқандай қуандым. Мен ғана сондаймын ба, электронды нұсқа­дағы дүниелердің өзегін ұстап қала алмаймын, авторын лезде ұмытып қаламын. Мүмкін, біз Шер-ағаң­дардың  «Елім, саған айтам, Елба­сы, сен тыңда!» деп «Алтын сан­дық­тың кілті кімде?», «Сатылмаған не қалды?», «Әкімдер ойланар ма екен» деп ащылау жазатын дүние­леріне әбден бой үйретіп алған­дардың санатынан ба екенбіз?

Газет-журналдың қоғамға элек­тронды нұсқадағы құрал­дар­дан гөрі байыпты қызмет ететінін айнала­мыздағы өзіміз қызыға қарайтын елдердің мысалдарынан да анық байқауға болады. АҚШ пен Ұлы­британиядағы The Speata­tor журна­лы, Аустралиядағы The Area News, Goulburn Post журнал­дары қағаз форматқа қайта көшіп алды деген деректі оқыдық. Гер­мания мен Италия да газет-жур­налдарын жо­ғары сапалы люкс өнім ретінде шығарып отырған көрінеді. Сон­дықтан «газет-жур­нал­дардың дәу­рені өтті» деген әңгіме жеңіл ауыз­дылардың әңгімесі-ау.

– «Әлеуметтік желінің күші журн­алистикадан мықты боп тұр» деген пікір де бар. Бұған қалай қарайсыз? Мұның кемшін тұсы да бар секілді. Жалпы журналис­ти­каның қалыптасқан мектебін сақ­тап қалу үшін не істеген абзал?

– Ең алдымен, журналис­тика­ның кәсіби стандарттарын сақтау керек. Фактіні тексеру, дерек­көз­бен жұмыс істеу, этика норма­лар­ын ұстану – бұлар өзгермейтін құн­дылықтар. Университеттерде де, редакцияларда да осы мектеп­тің сабақтастығын үзбеу маңызды. Әлеуметтік желі құрал ғана, ал журналистика – мамандық.

– Кезінде ғалым Тауман Аман­досов қыздардың журналистикаға келгенін қаламайтын дейтін еді. Қазір керісінше, журналистикада қыздардың қатары артты. Алғы шепте жүрген де солар. Олардың бұл салаға көптеп келуі журналис­тиканың сипатын өзгерте алды ма?

– Әйел журналистердің кө­беюі журналистиканы байыта түсті деп ойлаймын. Олар көпте­ген мәселеге өзгеше қырынан қарайды. Нәзіктік пен табанды­лықты қатар алып жүреді. Қоғам­дағы отбасы, бала тәрбиесі, әлеу­меттік мәселелер сияқты та­қы­р­ып­тардың тереңірек ашылуына да әйел журналистердің үлесі зор.

– Журналистикада жүрген жас­­тардың бойынан қандай артық­шылық байқайсыз? Өткенмен сал­ыс­тырасыз ба?

– Бүгінгі жастардың мүмкін­дігі көп. Олар технологияны еркін меңгерген, бірнеше платформа­мен қатар жұмыс істей алады. Әлемдік тәжірибеге де қолжетімді. Бірақ кейде тәжірибенің орнына жылдамдыққа сүйеніп кететін тұстары байқалады. Алдыңғы буыннан үйренетін нәрсе – төзім мен ізденіс, зерттеу жүргізу, са­рап­­тама жасау дер едім.

– Жастар демекші, қазір басы­лымнан  нені оқығыңыз кел­еді? Жастар неге көбірек қалам сілтегені дұрыс?

– Мен қазақ баспасөзінен жас­тардың шынайы өмірі, жетіс­тігі мен мәселелері туралы сапалы ма­териалдарды көбірек оқығым кел­еді. Сондай-ақ қоғамдағы маң­ыз­ды өзгерістерді талдап, оқыр­манға ой салатын мақалалар қыз­ық­тырады. Ал жастар тек мәселені көтеріп  қоймай, жаңа идеялар, мүмкін­дік­тер мен шешімдер туралы көбірек жазғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені журналис­тиканың мақса­ты – ақпарат беру ғана емес, қоғам­ның дамуына ықпал ету. 

– Қалам ұстаған буын жадынан шығармайтын дүние?

– Қалам – жай құрал емес, аманат, кие, қасиетті қару. Журна­лист қандай заман келсе де ақи­қат­қа адал болуды, адам тағды­рына құрметпен қарауды, ұлттың сөзін сөйлеуді ұмытпауы керек. Техника жаңара береді, платфор­малар өзгере береді. Бірақ қоғамға шындықты жеткізу миссиясы ешқашан ескірмейді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС