Тарихы терең, тағдыры өнегелі өңір жаңару алдында тұр. Үкімет қабылдаған жасампаз құжат – «Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» өлке тамырына қан жүгіртпек.
Торғай даласының жаңа дәуірі: өлке қалай түлемек?
фото: Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
222
оқылды

Президент пәрменімен басталған бетбұрыс ежелгі Торғай мен арқалы Арқалық аймағының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, оның әлеуметтік келбетін де тың тұрпатта түрлендіруге тиіс. Құлазыған далаға жан бітіретін қандай жобалар қолға алынады? Өңірге келер инвестиция халық тұрмысын қалай өзгертпек?

Арқалыққа жаңа дем

Өкінішке қарай, көп жылдан бері өркендеу көшінен кешігіп, тоқырау құрсауында қалған Арқа­лық шаһарын және өлкенің қос қанаты – Амангелді, Жангелді ау­дандарын әлеуметтік-эко­номика­­­лық дамытуға Үкіметте Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауапты. Оның жетекшілігімен тиісті кешенді жоспарды қаржы­ландыру мен іске асыру тетіктері талқыланған арнайы алқалы жиын өтті. Құжат Қасым-Жомарт Тоқаев­тың соңғы Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін әзірленді және Үкімет қау­лысымен бекітілді. 

– Жаңа жобалар аймақтың экономикалық белсенділігін арт­тыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табады. Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-эко­номика­лық дамуы Үкіметтің ай­рықша назарында болуы керек, – деп екпін түсірді Мемлекет басшысы Жолдауда. 

Осы орайда үш жылдық жоспар 10 негізгі бағытты қамтиды және 51 ірі іс-шарадан тұрады. Бұл ондық – өнеркәсіп және көлік, туризм және спорт, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау, су бұру мен азаматтық қауіпсіздік.

– Іс-шаралар өндірістік әлеует­ті дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаң­ғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұ­мыс орындарын ашу үшін жағдай жа­сау­ға бағытталған. Жоспарда агро­өнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвес­тиция­лық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды, – деді Серік Жұманғарин.

Оның мәліметі бойынша, Арқалықта бірқатар ірі инвестжобаны іске асыру көзделіпті. Бұл қатарға 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруа­шылығы кешені, 6 мың басқа ар­налған бордақылау алаңы жатады. Бұ­дан басқа, құрама жем зауытын пай­далануға беру, қуаттылығы жы­лына 300 млн жұмыртқа шы­ғаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарланған. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-ша­раны іске асыру жоспарланғанын хабарлады. Қазір іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.

– Біз барлығының жоспарлы мерзімде іске асырылуы үшін қа­жет­тінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жо­баларды толық көлемде қаржылан­дыруға мүмкіндік берді. Олардың ең бастысы – Арқалық әуежайы­ның құрылысы. Бүгінде әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу тиісті қаржымен толық қам­тама­­сыз етілді. Жұмыс қатаң түрде кесте бойынша жүргізіліп жатыр, – деп сендірді Құмар Ақсақалов. 

Ол сондай-ақ алдағы тамызда нысан пайдалануға берілетінін жеткізді. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвес­тициялық тартымдылықты айтар­лықтай арттырып, өңірді дамыту­дың жаңа кезеңін ашуға тиіс. 

Арқалықтағы ірі кәсіпорынның бірі саналатын Arkalyk QUS ЖШС құс фабрикасының тең құрылтай­шысы Максим Божко кәсіпорын­ды екі сатылы жаңғырту жобасын таныстырды. Бұл өндіріс көлемін 2 есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға ұлғайтуға мүм­кіндік береді.

– Биыл 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пай­далануға беруді және төл құрама жем зауытын салуды жоспарлап отыр­мыз. Келесі жылы тағы 80 млн дана құс үйі іске қосылады. Екі кезеңді жүзеге асыру қоры­тындысы бойынша құс фабрика­сының қуаты жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде ша­мамен 250-270 адам жұмыс іс­тейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден ас­там қосымша жұ­мыс орнын құ­руға мүмкіндік бар, – деді М.Бо­жко.

Дамуға 165 миллиардтық мүмкіндік

Кезінде кенді бокситі бітіп, қа­раң қалған қалаға айнала бастаған Арқалыққа жан бітеді. Шаһарға мемлекеттік және жеке инвестициялар құйыла бастады. Мысалы, тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Арқалық қаласы әуе­жайы­ның ұшып көтерілу-қону жолағын, рөлдеу жолын және перронын реконструкциялау үшін 2026 жылы республикалық бюджеттен – 5 млрд 712,6 млн, ал жер­гілікті бюджеттен  2 млрд 73,3 млн теңге бөлініпті. Осының арқа­сында алда Арқалық әуежайы алып ұшақтарды қабылдай бастайды. Ірі әуе көлік­терін қабылдау қо­мақты шығынды қажет ететін іс: қала әуежайының аэронавигация­лық мұнарасы үшін жабдық, метео және навигациялық құрылғылар алу 7,5 миллиард тең­геге түспек.

90-жылдары «ақ қанатты самұ­рықтар» ұшып келуді тоқтатқан соң әуе қақпасы қаңырап бос қалып, әуежайы қираған еді. Арқалық қаласының ескі әуежайы орнында автономды қазандығы бар жаңа терминалдың І кезегін салу үшін 2026 жылы қос бюджеттен тиісінше 3 миллиард және 968,1 млн теңге жұмсалады. Оны тездетіп бітіріп, ІІ кезегіне жыл соңына дейін кірісу қарастырыл­ған. Оған орталықтан 5 млрд теңге бағытталады. 

Геологтар бұл өңірдің түрлі кен­ге бай екеніне сенімді. Оны терең­нен табу үшін 2026-2028 жылдары мемлекет пен жеке инвесторлар есебінен 328 шаршы шақырымда 1:50 000 масштабтағы жалпы іздес­тіру мен геологиялық түсірілім жа­са­лып, жер қойнауы мұқият зерделенеді.

Өңір туризмді де дамытуға ниетті. Арқалықта жеке инвестор биыл Hanzada кемпингін іске қоспақ: бұл жобасына 400 млн теңге шығындаған. Өзге инвестор Амангелді ауданының Амангелді ауылында 2026 жыл соңына дейін көпбейінді туристік кешен тұрғызады және оған 3,5 миллиард теңге құйып жатқан көрінеді. Мұның сыртында 2028 жылы жеке инвестиция есебінен Жангелдин ауданының Торғай үстіртінде глэмпинг ұйымдастырып, «Интер-аңшылық» аңшылық туризмі жобасын дамыту көзделген. Өңірге келетін туристердің саяхатын маз­мұнды ету үшін Қостанай об­лысының әкімдігіне «Киелі, мә­дени және туристік объектілерге баратын экскурсиялық маршруттарды» әзірлеу жүктелді.

Спортты дамыту бағытында әкім­діктің, «Самұрық-Қазына» қо­ры­ның қаржыландыруымен 2026 жыл аяқталғанша Арқалықта дене­шынықтыру-сауықтыру кешені (құны 710 млн теңгедей), жабық хоккей корты (545 млн теңге), Ы.Алтынсарин атындағы АрқПУ-дың денешынықтыру-сауықтыру кешені (605,8 млн тең­ге) бой көтереді. 465 млн теңгеге 2026-2027 жылдары Амангелді ауы­лындағы стадион реконструкцияланады.

Қаладағы ең ірі жоба – 2028 жылы қолданысқа берілуге тиіс желатин және биоактивті сүйек матриксін шығаратын зауыт. Оған жеке инвестор 20 миллиард теңге инвестиция құяды. Осы жылы Ар­қа­лықта тері-былғары өнер­кәсібі – былғары жартылай фабрикаты өндірісі қалпына келтірілмек. Бұл жеке инвесторға 6,1 млрд тең­геге түседі. 

Агроөнеркәсіп кешені саласында Арқалық қаласында құрама­жем зауытын пайдалануға бере отырып, қуаты жылына 300 млн данаға дейін жұмыртқа шығаратын жұмыртқа құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жобасы қолға алынды. Оған республикалық бюджеттен 3 млрд 325 млн теңге арзан (2,5%) бюджеттік кредит беріледі. Божконың Arkalyk QUS компаниясы 1 млрд 422 млн теңге қаржысын құяды. 

Сондай-ақ қалада тауық саң­ғырығынан органикалық тыңайт­қыш жасайтын қайта өңдеу зауыты 2028 жылы іске қосылуға тиіс. Оған мемлекет 500 млн теңге қар­жы жұмсайды, басқа көздерден 2 млрд теңге тартылмақ. Сондай-ақ кешенді жоспарға сәйкес, биыл Арқалықта 6 мың бас ірі қара малға арналған модулді репродуктор құрылады. Оған жеке инвестор – 4,4 млрд, бюджет  1 млрд 100 млн тең­ге қаржы береді.

Бюджеттік кредиттеу есебінен 2026 жылы Арқалықта 10 мың бас қойға арналған мал шаруашылығы кешенін тұрғызу жобасының құны – 2,1 млрд теңгені, 6 мың қойға арналған бордақылау алаңы – 1,5 млрд теңгені, 2027 жылы Жангелдин ауданының Шилі ауылында 5 мың ІҚМ-ға арналған бордақылау алаңы – 2 млрд теңгені, Амангелді ауданында 10 500 тонна көкөніс сақтау қоймасы жобасы  2 млрд теңгені құрайды. 

Болашаққа бастар арна

Айта кетер жайт, жобаларды нақты жеңілдікпен кредиттеу үшін Қостанай облысы әкімдігінің қаулысымен «Өрлеу-Торғай» кіші бағдарламасы бекітілуі қажет. Бағдарламаға жергілікті бюджеттен – 300 млн, ал жеке инвесторлар тарапынан 600 млн теңге беріледі. 

Ал кешенді жоспар аясында өңірде балабақшалар, мектептер, балалардың шығармашылығы үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа әлеуметтік нысандар бой көтереді, жылу желілері, су құбырлары жөндеуден өтеді деп күтіледі. Бұл құжатқа кірген 51 жобаны жүзеге асыру үшін респуб­ликалық бюджеттен – 52 млрд 808, 1 млн, жергілікті бюджеттен – 22 млрд 851,3 млн теңге, жеке инвесторлардан – 61 млрд 419,4 млн, басқа көздерден – 28 млрд 444,9 млн теңге, жалпы сомасы 165 миллиард 523,7 миллион теңге тартылады деп жоспарланған.

Өз кезегінде депутаттар жоспар­дағы 51 жобамен шектелмей, Тор­ғай өңірінде мегажобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Олар Үкіметке «Ертіс – Қаныш Сәтбаев каналы – Есіл – Торғай – Арал теңізі» бағыты бойынша су тасымалдайтын алып арна жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Мәжіліс депутаты Берік Бейсен­ғалиевтің айтуынша, бұл – жай экологиялық мәселе емес. Осы каналдың арқасында Торғай өңірінде мал, егін және балық шаруашылығы өркендейді, азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды, өңірдің экспорты артады. Сондай-ақ оның бойында су электр стансаларын салып, энергетиканы, өзге өн­дірісті дамытуға болады. Мәсе­лен, жаңа кен орындары сумен қам­тама­сыз етілер еді.

«Бұл тұтас өңірлердің бола­шағына әсер ететін аса маңызды жоба болады. Ол бүкіл Қазақстан­ның су қауіпсіздігін күшейтеді. Бұл жобаның артықшылығы – су табиғи еңіс-ойпат пен табиғи арналар арқылы ағатындықтан, қымбат сорғы стансаларын көп қажет етпейді әрі энергия шығыны төмен болады. Ұлы даладағы еріген қар мен жаңбырдың тасқын суын бұру арқылы Есіл бойындағы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік туады. Бүгінде «Арал –Каспий бассейнінің экожүйесін қайта жаңғырту халықаралық қоры» аталған өзен суларын табиғи арналары арқылы байланыстыру жобасын әзірлеп, оны іске асыруға дайын екенін білдірді», – деді депутат. 

Қорыта айтқанда, құнттаса, көңіл бөлсе, Торғай мен Арқалық өңірінің болашағын кемел етуге болады. Өлке географиялық тұрғы­дан тиімді орналасқан­дық­тан, ол Еуропа мен Азия арасын­дағы басты транзиттік буынға айнала алады: «Орталық – Батыс» автожолы құрылысы, жол жөндеу, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, Астана – Ырғыз трассасында жанар-жағармай стансаларын салу және басқа инфра­құрылымдық бастамалар оның осы мол әлеуетін қажетке жаратуға ба­ғытталған. 

Айхан ШӘРІП