Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр.
Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды – Қасым-Жомарт Тоқаев
баспасөз орталығынан алынды
129
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтынын сөз етті. Ол бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ол бұл мәселені Ұлттық құрылтай отырысында да қозғаған. 

– Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр. Өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни, 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмысына жұмсалды.

Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа. Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бірақ бұл еліміз үшін жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. 

– Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақытылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс.

Сонымен қатар бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2 және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр.  Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды. 

Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.