Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық фи­ли­алының бастамасымен кезекті «Таза бейсенбі» эколо-гиялық акциясы өтті.
Тәрбиелік мәні бар бастама жалғасын табуда
169
оқылды

Қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған тазалық шарасына партияның қалалық және аудандық филиал қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, коммуналдық сала мамандары мен белсенді қала тұрғындары қатысты. Жалпы саны 30-ға жуық адам жұмылдырылды.

Бұл жолғы акция Абай аудан­ында ұйымдастырылып, қаты­сушылар көпқабатты тұрғын үй­лердің ауласы мен тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық кеңіс­тіктерді қоқыстан тазалады. Бір­лескен еңбек нәтижесінде аумақ­тың көркі кіріп, тазалық деңгейі артты.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Абай аудан­­дық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы эко­ло­гиялық жауапкершілікті арт­ты­рудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, «Таза бейсенбі» – тек бір күндік тазалау жұмысы емес, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін тәрбиелік мәні бар бастама.

Айта кету керек, жыл басынан бері бұл акция 52 рет өткізілген. Осы кезеңде 4 мыңнан астам адам қатысып, қала аумағынан шама­мен 49 тонна тұрмыстық қалдық шы­ғарылды. Сонымен қатар ал­дыңғы шаралар барысында ал­лея­лар мен гүлзарлар абаттан­дырылып, ағаш пен гүл көшеттері отырғызылды. Қыс мезгілінде жоба аясында қоғамдық орындар­ды қардан тазалау және тайғақтың алдын алу мақсатында құм себу жұмысы да жоспарланған.

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен жүзеге асырылып жат­қан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өткізіледі. Жо­ба­ның негізгі мақсаты – эколо­гиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттыру және қоғамда жауапкершілік құнды­лықтарын нығайту.

Елнар ЕЛТАЙ