Gizmodo материалына сүйенген Aikyn.kz табиғи отынмен жүретін көлік өндірушілердің талаптарын түсіндіреді.
Сәрсенбі күні (3 желтоқсан) күндіз Дональд Трамп бұрынғы президент Байден енгізген орташа корпоративтік отын үнемділігі стандарттарын (CAFE) өзгерту ниетін жариялады. Бұл шешімге бірнеше ай бойы Америкалық мұнай институты сияқты мұнай өнеркәсібі ұйымдарының қатты қысымы да себеп болған.
«Бүгін біз «жаңа жасыл қулықты» жою жолында тағы бір қадам жасадық. Біз ресми түрде Джо Байденнің CAFE стандарттарын, автомобиль өндірушілерге қымбат шектеулер қойып, небір қиындықтар туғызатын, шын мәнінде, күлкілі әрі ауыр талаптарды жойып отырмыз», – деді Трамп баспасөз мәслихатында.
Өткен жылы Байден шамамен 50 жыл бойы жаңа көліктер үшін орташа отын үнемділігін белгілеген CAFE стандарттарының кейбір талаптарын қатаңдатты. Нәтижесінде, автокөлік өндірушілер 2031 жылға қарай жаңа автомобильдер үшін орта есеппен 80 шақырымға 4 литр бензин жұмсауға қол жеткізуге тиіс болды. Бұл қадам Байден әкімшілігінің 2050 жылға қарай нөлдік көміртек шығарындыларына негізделген экономиканы құру жолында электромобиль индустриясын ынталандыруға бағытталған болатын. Себебі қатаңырақ талаптар автоконцерндерді тиімділік стандартына сай болу үшін көбірек электромобильдерге инвестиция салуға мәжбүр етеді деп күтілген.
АҚШ-тың Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының (NHTSA) деректеріне сәйкес, 2031 жылға қарай бұл талаптарды 56 шақырымға 4 литр жұмсауға дейін төмендету көзделген еді. Трамптың өзгертулерінен кейін 2022-2031 модельдік жылдардағы көліктерге қолданылатын ұсынылып отырған жаңа ережелер автокөлік өндірушілерге «көп отын жұмсайтын» көліктерді сатуды айтарлықтай жеңілдейтін болды. Бірнеше ай бұрын президент Трамп 2022 жылғы көліктерде CAFE стандарттарын орындамағаны үшін автоконцерндерді барлық айыппұлдардан босатты.
Бұл – Трамп әкімшілігінің таза энергияға қатысты саясатқа қабылдаған шешімдердің бір бөлігі ғана. Президенттік қызметіне кіріскеннен бері Трамп электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктерді жойды және құны миллиардтаған доллар тұратын бірқатар таза энергия жобаларын тоқтатты.
2022 жылдан бері Stellantis CAFE талаптарын сақтамағаны үшін 425 миллион доллардан астам айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Жаңа шараларды жариялаған Трамппен бірге Ford компаниясының бас директоры Джим Фарли мен Stellantis компаниясының бас директоры Антонио Филоса да болды. Фарли жаңа шараларды «жеңіс» деп атады, ал Филоса трансұлттық компанияның АҚШ-тағы өндірістік қуаттарға 13 млрд доллар инвестиция салу жөніндегі жуырдағы уәдесін растады.
«Бұл – сізге, министр Даффи және осы елде жасап жатқан жұмыстарыңызға сенетіндігіміздің арқасы. Біз өсімге сенеміз және бұдан да көп инвестиция салуға дайынбыз», – деді Филоса.
Бірақ қоршаған ортаны қорғаушылар үшін аз да болса үміт сыйлайтын жайт – барлық автогиганттар осы кері шегінуді толық көлемде пайдалануға асығып отырған жоқ. Бұрын CAFE айыппұлдарын алып тастауды қолдағанына қарамастан, General Motors солардың қатарына жататын сияқты. GM бас директоры Мэри Барра компания әрбір жаңа көлік үшін отын шығыны мен шығарындыларды «едәуір» азайтуға бағытталған ағымдағы инвестицияларын жалғастыра беретінін айтты.
Алайда ол GM-нің 2035 жылға қарай барлық жаңа көліктерін толық электр қуатына көшіру туралы бұрынғы міндеттемесі туралы ештеңе айтпады.
«Менің ойымша, 2035 жылға қарай нақты қай деңгейде болатынымызды дәл айту қиын. Бірақ біз әрқашан тұтынушы сұранысын бағдар ететінімізді айта аламын. Әлем өзгеріп жатыр. Мен принципті түрде электромобильдердің неғұрлым тиімді екенін шын мәнінде қолдаймын, бірақ әлі де атқаратын жұмыс көп», – дейді Мэрри Барра.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.