Елордада жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында кезекті рет «Астана – есірткісіз қала» профилактикалық акциясы өтті.
«Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті
415
оқылды

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен іс-шара Esil University жоғары оқу орнының студенттеріне арналды. Акцияны өткізудің басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, салауатты өмір салтына, дұрыс ұстанымдарға баулу.

Бүгінде Полиция департаменті жанында Есірткі қылмыстарының ал­дын алу жөнінде Кеңес жұмыс істеп тұр, осы кеңес мүшелігінде спорт, өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп жүр­ген азаматтар да бар. Кеңес мүшелері бір ауыз­дан бірігіп, есірткіге қарсы іс-шара­лар­ға белсене қатысып, азаматтық ұста­ны­мын білдіріп, жастарды тұлғалық да­муға, сүйікті ісін табуға шақырады. Бұл жолы жиынға қазақ балуандарының ізін жал­ғаушы, 5 мәрте әлем, 2 мәрте Гиннес ре­кордын орнатқан алып күш иесі Сергей Цырульников, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген спорт шебері Мерей Ақшалов, театр және кино актері Әділ Ахметов және та­ны­мал блогер Нұргелді Кердеш қатысты.

Алдымен нарколог-дәрігерлерлер есірт­кінің қаншалықты зияны мен тәуел­ділік­тің салдарын түсіндіріп, студенттерге баяндама оқып, тақырыптық бейнемате­риал­дар көрсетті. Бұдан соң спорт, мәде­ниет саласының мамандары жастармен еркін тілдесіп, басынан өткен жағдай­ын, өмірлік тәжірибесін сөз етті. 

– Алғашқыда бұл дүние ләззат сый­лауы мүмкін, кейін қабылдаған сайын құрдымға бата бересің. Пенде болған соң, әрине, адам баласы рақат алғысы келеді, оның басқа да жолы бар. Мерей Ақшалов ағаларың «Спорт мені әрдайым дұрыс жол­да жүруіме себепкер болды» деді. Ра­сымен, спортпен айналыссаңыз, шығар­ма­шылыққа ден қойсаңыз, сол сезім ләз­зат сыйлайды. Ағаларымыздың айтқан сө­зі бізді де кезінде сақтап қалған. Мек­теп­те жоғары сыныпта оқыған, бізден де та­лантты, бізден де мықты  жігіттер бол­ды. Олар дұрыс жолды таңдай алмады, есірт­кіге жақын болды. Өкінішке қарай, олар қазір өмірде жоқ. Өз көзіммен көр­ген жағдай, – деді Әділ Ахметов. 

Профилактикалық іс-шара бұрынғы бірсарынды жиындарға мүлде ұқсамайды, практикалық, ситуациялық тапсырмалар ерекше әсер сыйлады. Мысалы, балуан Сергей Цырульников жастарға Қажы­мұқанның ерлігі жайында баяндап, сұрақ-жауап форматында ойындар өт­кізді. 90 келіден жоғары жігіттерді ортаға жи­нап, ат тағасын майыстырып, Қажы­мұқанның ерлігін жалғаған жанға сыйлық беруге дайын екенін жектізді. Қыздарға қызықты сұрақтар қойып, танымал бренд­тің бірі Cartie білезігін шегеден жасап көрсетті, темірден жасаған бұйым­дарын жастарға естелікке сыйлап та жат­ты. Оның ептілігі мен ерекше күші, ра­сын­да да, жұртты таң-тамаша етті.

– Біз жай ғана тағаны иіп, темір-тер­сек­пен алыспаймыз, біз сол арқылы дәс­түрімізді сақтап, келесі буынға жалғаймыз. Майыстырған тағамды қаншама әлемдік тұлғаларға, корольдарға, жетпістен аса ел­дің президентіне естелік ретінде сыйға бер­­генмін. Кейінгі рет Бахрейннің мұра­гер ханзадасына сыйладым. Лондон, Каир, Жапония, Германия мұражайында тағаларым сақтаулы тұр. Құны ең қымбат сатылған тағамның бағасын білесіз бе? Бір тағам миллион долларға сатылған. Ең бас­тысы, бұл таға тек күштің символы емес, байырғы батырлардың бүгінге жет­кі­зер үні, үлгісі іспетті, – дейді Сергей Цыру­льников. 

Жастар тарихтан, спорт пен өнер­ден білім көкжиегін кеңейтіп қой­май, Полиция департаментінің Ки­но­логиялық қызмет орталығы мен Жыл­дам қимылдайтын арнайы жасағының жұ­мысын тамашалады. Арнайы үйре­тіл­ген иттің жасырулы есірткіні тауып, қыл­мыскерді қалай ұстайтынын да өз көзімен көр­ді. Астана қаласы Полиция депар­та­ментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жө­ніндегі аға жедел уәкілі Дамир Бай­базаров та ситуациялық ойындар өткізіп, бел­сенді студенттерге сыйлықтар берді. 

– Жастар арасында синтетикалық есірт­кілердің кең тарауы бізді алаңдатып отыр. Олар денсаулыққа тез әрі ауыр әсер етіп, тәуелділікке ұшыратады, адамның өмір сүру сапасын төмендетіп, қыл­мыс­тық жол­ға итермелеуі мүмкін. Полиция қыз­мет­­керлері бұл бағытта жүйелі жұмыс­тар жүр­гізіп жатыр. Сіздерден өтінерім, есірт­кі­нің зияны туралы ақпаратты дұрыс тү­сі­ніп, өміріңізге жауапкершілікпен қа­раңыздар. Қандай да бір күмәнді жағ­дайға тап болсаңыз, полицияға немесе тиісті ор­­­­ган­дарға міндетті түрде хабар­лаңыз­дар, – дейді полиция майоры Дас­тан Қалқаманұлы.

Белсенді азаматтардың қоғам дертіне бейжай қарамай, атсалысып жатқаны жанға қуаныш, көңілге сенім ұялата білді. Олар­дың өмірлік  жетістігі мен шынайы үндеуі жастардың көзқарасын қалып­тастыруға ықпал етеріне сенеміз.

Айсұлу СЪЕЗХАН