Қазақстанда жыл сайын дәстүрге айналған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимыл» атты халықаралық акция басталды.
Қазақ қоғамындағы әйел болмысы:  дәстүр мен заман үйлесімі
293
оқылды

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында БҰҰ бастамасымен өтетін бұл жаһандық қозғалыс әлемнің 180-нен астам елін біріктіріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда гендерлік теңдік мәдениетін қалыптастыру, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру сынды мәселелерді халықаралық деңгейде көтеруді көздейді. Акция барысында түрлі елдерде форумдар, кездесулер, семинарлар, тренингтер, әлеуметтік науқандар ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық әрі әлеуметтік сауаттылығы артады.

Осы ауқымды бастамаға қол­дау көрсету мақсатында Шымкент қаласындағы әл-Фараби атын­да­ғы қалалық ғылыми-әмбебап кі­тап­ханасында «Қазақ қоғ­ам­ын­да­ғы әйел мәртебесі» атты мазмұны те­рең, қоғамдық маңызы жоғары кез­десу өтті. Кітапхананың үлкен кон­ференц-залына жиналған үкі­меттік емес ұйым өкілдері, ай­мақ­тық әйелдер кеңестерінің мү­ше­ле­рі, ғылыми орта мен зиялы қауым өкілдері, педагогтер, жас­тар ұйым­­дарының белсенділері және құқық қорғау саласының маман­да­ры гендерлік саясаттың өзекті мә­селелерін кеңінен талқылады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазіргі қазақ қоғамындағы әйел­дің рөлін жан-жақты ашу, олардың бі­лім, экономика, саясат, мәде­ниет және мемлекеттік басқару са­лаларындағы белсенділігін қол­дау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зом­былыққа тосқауыл қоюдың тиімді жолдарын айқындау болды. Со­нымен бірге, қатысушылар қа­зақ қоғамындағы дәстүрлі құн­ды­лық­тар мен заманауи гендерлік сая­сат арасындағы үйлесімділікті талдап, ұлттық болмысқа сай тең құ­қықтық мәдениетті қалып­тас­тыру мәселелерін қозғады.

Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, мұндай кездесулердің маңы­зы зор. Себебі қоғамда әйел рө­ліне байланысты көзқарас­тар­дың біртіндеп өзгеруі, құқықтық сауат­тылықтың артуы және ген­дер­лік саясаттың жаңа деңгейге кө­терілуі ақпараттық түсіндіру жұ­мыстарының белсенділігіне ті­келей байланысты.

Кездесу барысында сарап­шы­лар соңғы жылдары Қазақстанда гендерлік теңдікке қатысты бірқа­тар оң өзгерістер болғанын атап өтті. Мәселен, әйелдердің кәсіп­кер­­­лікке қатысу деңгейі жылдан-жыл­­ға артып келеді, түрлі мем­ле­кет­тік бағдарламалар аясында әйел кә­сіпкерлерге арналған грант­тар мен жеңілдетілген не­сие­лер саны көбейді. Сондай-ақ ғы­лым, меди­ци­на, білім беру са­ла­ларында же­тек­ші орынға кө­теріл­ген әйелдер қа­тары өсті, мемлекеттік қыз­мет­те, соның ішінде шешім қа­был­­дау деңгейінде қызмет атқа­ра­тын әйел­дер үлесі ұлғайды, қо­­­­­­ғамдағы әйел­дердің құқық­та­рын қорғау бойынша құқықтық ме­ханизмдер жетілдірілуде.

Ал ең елеулі жаңалықтың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­ты қылмыс ретінде танитын заңның қабылдануы. Сарап­шы­лардың пікірінше, бұл заң – о­т­ба­сылық қатынастардағы қауіп­сіз­дік­ті арттыруға бағытталған маңыз­­ды қадам. Ол құқық қорғау ор­гандарының әрекетін нақты­лап, жәбірленушілердің құқығын қорғау жүйесін нығайтады.

Жиында сөз алған «Респуб­ли­ка­лық әйелдер кеңесі» қоғамдық бір­лестігінің Шымкент қаласын­да­ғы филиал төрағасы Баян Жан­досова қазақ қоғамында әйелге бай­ланысты қалыптасып келе жат­қан жаңа көзқарастар жайлы айт­ты. Оның сөзінше, қазір әйел­дерге бағытталған көптеген ескі стереотиптер жойылып барады, бірақ әлі де ұлттық санада қалып­тас­қан кейбір қате түсініктер мен шектеулерді түбегейлі өзгерту үшін жүйелі түрде білім беру мен түсіндіру жұмыстары қажет.

– Бүгінгі қазақ әйелдері – бі­лім­ді, жан-жақты, мақсатшыл әрі бел­сенді азаматтар. Олар отбасы тіре­гі ғана емес, тұтас қоғамның да­муына ықпал ететін күш. Әйелді қол­дау – ұлтты қолдау. Сондықтан қыз­дарымыздың қауіпсіз ортада өмір сүруіне, олардың кәсіп пен бі­лімге, қоғамдық өмірге еркін ара­ласуына мүмкіндік жасау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою – бір ғана мекеменің емес, бү­кіл қоғамның жауапкершілігі, – деді Баян Жандосова.

Талқылау соңында қатысушы­лар тарапынан бірнеше ұсыныстар айтылды. Соның ішінде, мек­теп­тер мен ЖОО-ларда гендерлік мә­­­­­­дениет тақырыбында сабақтар немесе тренингтер өткізуді, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық құр­бан­дарына арналған дағдарыс ор­талықтарының қолжетімділігін арттыру ұсынылды. Сонымен бір­ге, әйелдер кәсіпкерлігін қол­дай­тын өңірлік бағдарламаларды кеңейту, құқықтық сауаттылық бойын­ша тегін кеңес беретін қо­ғамдық орталықтар санын көбей­ту және бұқаралық ақпарат құрал­дарында гендерлік теңдікті на­­­си­хаттау жұмысын күшейту мә­­се­лелері бар. 

Жиын соңында қатысушылар ашық пікір алмасып, аналардың қо­­ғамдағы маңызы, әйел рөлінің қа­лыптасуындағы отбасы тәр­бие­сінің ықпалы, ұлттық құнды­лық­тар мен заманауи талаптардың үй­ле­сімі туралы ойларын ортаға сал­ды. Мұндай іс-шаралар қоғам­ның құқықтық мәдениетін да­мытуға, гендерлік теңдік мәсе­ле­сін кеңінен талқылауға, әйелдерге қа­тысты зорлық-зомбылықтың ал­дын алуға бағытталған маңызды қадам екені тағы бір мәрте дәлел­денді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы