Шымкент қаласында агроөнеркәсіп саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.
Агроөнеркәсіпке ашылған жаңа мүмкіндік
513
оқылды

Жылыжай кешендері мен заманауи ауыл шаруашылығы жобалары жергілікті нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Alsera KZ жобасы қаладағы агроөнеркәсіп секторындағы инновациялық үлгілердің бірі ретінде ерекше назар аудартады. Мұнда ең жаңа жылыжай технологиялары қолданылып, өнімділік пен энергияны үнемдеуі қатар алға шығады. Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласындағы мұндай ірі жобалар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жылыжай кешендері тек өнім өндірумен шектелмей, логистика, қызмет көрсету, өңдеу және сатумен байланысты бірқатар қосымша салаларды дамытуға да ықпал етеді. Бұл – Шымкент қаласының экономикалық әлеуетін арттырып, аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды фактордың бірі.

Шымкент қаласына арнайы жұ­мыс сапарымен келген Ауыл ша­руашылығы министрі Айдарбек Са­паров үшінші мегаполистегі агроө­нер­кә­сіп саласының дамып келе жатқан үл­гісі Alsera KZ жылыжай кешенінде бол­ды. Министр жылыжайда алғашқы қы­занақ өнімдерінің жиналуына куә бо­лып, жобаның өндірістік қуатымен, жаңа технологиялармен танысты. Іс-ша­раға қала әкімінің бірінші орынбасары Ай­дын Кәрімов, Түркия Респуб­ли­ка­сы­ның Түркістан қаласындағы Бас консулы Ле­вент Гюржан, сондай-ақ Alarko Holding компаниясының басқарма төрағасы Из­зет Гарих және өкілдері қатысты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Са­паров өз сөзінде бұл жобаның іске асуы ірі инвестициялардың тартылуы мен мем­лекет пен бизнес арасындағы тиімді әріп­­­­тестіктің нақты нәтижесі екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, Alsera KZ жылыжай кешені – инвесторлардың Қа­зақстан экономикасына жоғары сені­мі­нің, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына деген сенімнің айқын дәлелі.

Министр сапар барысында жо­ба­ның жұмысына баға беріп қа­на қоймай, агроөнеркәсіп кешенін да­мыту бойынша келешектегі жоспарлар мен ұсыныстарды талқылады. Оның айтуынша, осындай жобалар Қазақ­стан­ның агроөнеркәсіптік секторының ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес да­муы­на жол ашып, қала экономи­ка­сына жаңа инвестициялық серпін бе­реді.

«Мұндай ынтымақтастық тәжірибе ал­масуға, технология енгізуге және аг­рар­лық сектордағы тауар айналымын арт­тыруға зор мүмкіндік береді. Бірлес­кен жұмыс азық-түлік қауіпсіздігін кү­шей­тіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бә­секеге қабілеттілігін арттырады деп се­неміз. Мемлекет жобаның барлық ке­зеңін­де инвесторларға қажетті қолдау көр­сетуге дайын», – деді министр.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Ай­дын Мейрамбекұлы инвесторларға за­манауи жылыжай кешенін салғаны үшін алғыс білдіріп, Мемлекет бас­шы­сы­ның инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығына су үнемдейтін алдыңғы қа­тарлы технологияларды енгізу жө­нін­де­гі тапсырмаларын жүзеге асыруда жо­­­баның стратегиялық маңызын атап өт­ті. «Бұл – еліміздегі ең ірі жылыжай ке­­шендерінің бірі ғана емес, сондай-ақ өңір­дің ауыл шаруашылығын сапалы жаңа деңгейге көтеретін бастама. Жоба Шым­кенттің азық-түлік қауіпсіздігін қам­­та­масыз етіп, экспорттық әлеуетін арт­­тыруға мүмкіндік береді», – деді А.Кәрімов.

Сонымен қатар қалалық әкімдік мұн­дай ірі жобаларды толық қол­дайтынын және инвесторларға жан-жақ­ты қолдау көрсетуге дайын екенін жет­кізді. Еске сала кетсек, құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвес­ти­ция­лық жобаның құрылысы былтыр жаз­да басталған. Кешеннің жылдық өн­дірістік қуаты – 155 мың тонна. Жал­пы аумағы – 650 гектар, бірінші кезең – 208 гектар. Жалпы, жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы құрылыс аяқталып, өн­діріс көлемін ұлғайтуға және ішкі на­рық­ты жаңа піскен көкөніспен қам­та­ма­сыз етуге мүмкіндік туады. Бірінші ке­зең іске қосылғаннан кейін шамамен 2 мың жұмыс орны, ал жоба толық аяқ­тал­ған соң 5 мың жұмыс орны ашылады. Ай­та кетейік, Alsera KZ жобасы аясында ха­лықаралық стандартқа сай заманауи зертханасы бар арнайы агроакадемиялық ор­талық та салынады. Бұл орталық аг­рар­лық сала үшін білікті маман даярлауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрі Шым­кент қаласындағы жұмыс сапарында шаруа­лардың қатысуымен ауыл шару­­а­шылығы еңбеккерлерін марапаттау рәсі­мі­не қатысты. Іс-шараға қала әкімінің бірін­ші орынбасары Айдын Кәрімов, әкім­дік қызметкерлері және агро­өнер­кәсіп саласының жетекші өкілдері жи­нал­ды. Министр кәсіби мереке иелерін құт­тықтап, аграрлық сектордың ел эко­номикасындағы рөлін, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың ең­бе­­гін жоғары бағалайды. Президенттің тап­сырмасымен мемлекеттік наградалар жүйе­сіне «Қазақстанның аграрлық са­ла­сының еңбек сіңірген қайраткері» де­ген құрметті атақ енгізілді. Бұл – ең­беккерлерге деген шынайы құрметтің бел­гісі әрі адал еңбектің лайықты ба­ға­сы. Биыл агроөнеркәсіптік кешен үшін же­тістіктерге толы жыл болды. Шымкент ме­гаполис болса да, аграрлық-өнеркә­сіптік сектордың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді, – деді Айдарбек Са­паров. Осы мәртебелі атаққа «Шымкент құс» ЖШС-ның бас директоры Әсет Досболов ие болды. Сонымен қатар аг­ро­­­­­өнеркәсіп саласында ерекше еңбек еткен үш үздік маманға мемлекеттік наградалар табысталды. Бірқатар агробизнес өкілдері Премьер-министрдің және Ауыл шаруашылығы министрінің марапаттарына ие болды, бұл олардың салаға қосқан елеулі үлесін мойындайтын көрініс болды.

Шымкент қаласында мал шаруа­шылығын дамыту да ерекше назарда. Қазір бұл бағытта бірқатар маңыз­ды инвестициялық жобалар іске асырылып, қаладағы агроөнеркәсіптік ке­шеннің әртарапты дамуына елеулі үлес қосуда. Жобалар мал өнімдерін өн­діру мен өңдеудің сапасын арттырып, жергілікті нарықты қамтамасыз етіп қа­на қоймай, экспорттық әлеуетті да­мытуға да мүмкіндік береді. Аталған іс-шара Шымкент қаласындағы агро­өнеркәсіп кешенінің тек өнім өндірумен шектелмей, еңбеккерлерді қолдауға, инновациялық жобаларды дамытуға жә­не қаланың экономикалық өсімін ны­ғайтуға бағытталған кешенді саясат­тың бір бөлігі екенін тағы бір мәрте көр­сетті.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы