Екі дерек те құқықбұзушылықтардың алдын алу және қару иелерін тексеру мақсатында өтіп жатқан республикалық «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы аясында анықталды.
Қостанай облысында полицейлер заңсыз сақталған қаруды тәркіледі
2,962
оқылды

Өңір полицейлері екі жергілікті тұрғыннан тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді тәркіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Екі дерек те құқықбұзушылықтардың алдын алу және қару иелерін тексеру мақсатында өтіп жатқан республикалық «Учаске» жедел-профилактикалық  шарасы аясында анықталды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Рудный қаласының 36 жастағы тұрғынының атыс қаруын заңсыз сақтауы мүмкін екені туралы жедел ақпарат алды. Тінту кезінде оның үйінен тапанша, 9 мм калибрлі 85 оқ-дәрі, травматикалық қаруға арналған бірнеше оқ-дәрі және оптикалық көздеуіші бар пневматикалық мылтық табылды.

Тағы бір жағдайда ҰҚҚКБ қызметкерлері Қостанай ауданы полиция бөлімінің әріптестерімен бірлесіп, 55 жастағы тұрғынның үйінде санкцияланған тінту жүргізді. Нәтижесінде, одан калибрі кіші мылтық, 12 калибрлі бір ұңғылы және 16 калибрлі қос ұңғылы мылтық, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 20 оқ-дәрі табылды. Тексеру барысында қарулардың еш жерде тіркелмегені және іздеуде еместігі анықталды.

Екі дерек бойынша «Қару айналымының заңсыздығы» бабымен қылмыстық істер қозғалды, баллистикалық сараптама тағайындалды.

Полиция азаматтарға ескертеді: тіркелмеген қаруды сақтау немесе алып жүру – бұл жай ғана құқықбұзушылық емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Егер сіздің қолыңызда ескі немесе табылған қару болса, оны ерікті түрде полицияға тапсырып, жауапкершіліктен босатылуға болады.