Сіздің ChatGPT-дегі жеке сұрауларыңыз бен әңгімелеріңізді Google-дің іздеу жүйесі арқылы көруге болады екен. Мамандар бұл жеке деректердің интернетте ашық таралуын алып келеді деп дабыл қағуда.
ChatGPT-дегі жеке сұрауларыңыз бен әңгімелеріңізді басқа пайдаланушылар Google-дан көреді
ChatGPT-де жасаған жеке сұрауларыңыз бен әңгімелеріңізді Google-ден көруге болады. Сурет otvet.mail.ru бетінен алынды
1,922
оқылды

BGR сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жеке чаттардағы деректердің күтпеген жерден Google Search жүйесі арқылы таралу себебін түсіндіреді.

Жүйелік қате ChatGPT-дегі чаттардағы сұрақ-жауаптардың күтпеген платформаларда жария болып кетуіне себеп болған. OpenAI компаниясы жеке және құпиялыққа жататын чат-диалогтардың басқа ресурстарда таралуы үлкен дау туғызды. Және бұл оқиға бірінше рет емес, бұрын да болған.

Соңғы оқиға ерекше назар аудартты. Себебі белгілі болған мәліметтерге қарағанда, ChatGPT чаттары Google Search Console (GSC) жүйесіне түсіп отырған. Бұл өз кезегінде, Google жүйесіне қолжетімді пайдаланушыларға басқа адамдардың жасанды интеллектке жолдаған жеке сұрауларын көруге мүмкіндік берген.

GSC жүйесі көпшілікке таныс болмауы мүмкін. Ол әдетте әзірлеушілердің веб-сайт іздеу трафигін бақылауға арналған құрал. Сондықтан чат-ботпен жасалған әңгімелердің бұнда пайда болуы күтпеген жағдай, олай болмауы тиіс еді.

Сарапшылар мәселенің қазір шешілгенін айтады. OpenAI бұл жағдайды «GSC арқылы жіберілген сұраулардың шағын бөлігіне әсер еткен уақытша ақау» деп сипаттаған.

Бұл мәселе OpenAI пайдаланушыларының сұрауларына жауап беру үшін Google іздеу жүйесін пайдаланады деген болжаммен де байланысты болуы мүмкін. OpenAI бұл болжамды растамағанымен, Quantable компаниясының негізін қалаушы Джейсон Пакер дәл осындай механизм GSC-де пайдаланушы сұрауларының пайда болуын түсіндіруі мүмкін екенін атап өткен.

Мына видеода астарлы әзілмен деректердің құпиялығы мен бас бостандығының арасындағы байланыс айтылады:

OpenAI ақауды жойдық деп мәлімдесе де, мамандар мәселенің толық шешілгеніне күмән келтіреді. Әсіресе егер компания Google-ді автоматты түрде парсинг жасау үшін пайдалануды әлі де жалғастырса.

Perplexity секілді кейбір ЖИ-компаниялар пайдаланушы сұрауларына жауап табу үшін интернет-ресурстарды автоматты жинау тәсілін қолданады. Ал бұның өзі кей жағдайда сайт иелері тыйым салған кезде заңды даулы мәселелерге әкелген.

ChatGPT және басқа чат-боттармен байланысты даулар – онлайн чат-боттардан болатын тәуекелдердің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, кейбір сот істерінде пайдаланушының чат-боттарын жариялау талап етілуде.

Қазір кейбір адамдар ChatGPT-ге дос немесе тіпті психотерапевт рөлінде жүгінеді. Алайда жасанды интеллектке шамадан тыс сенім арту этикалық және психологиялық салдары бар күрделі үрдіс. 

Онлайн чат-ботты пайдалану құпиялылықты толық қамтамасыз етпейді. Пайдаланушы сұраулары жүйеге енгізілгеннен кейін, олардың қайда кететініне бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан ChatGPT немесе басқа ЖИ чат-боттарын жиі қолданатын болсаңыз, онымен бөлісетін ақпараттың мазмұнына мұқият болыңыз. Себебі бұл ақпарат күтпеген және қажетсіз жерлерде шығып кетуі мүмкін.

ChatGPT жүйесіндегі уақытша орын алған ақау жасанды интеллект чат-боттарының құпиялылық тұрғысынан әлі де тәуекелі үлкен екенін және пайдаланушылар жеке деректерін сақтауда, жеке ақпаратпен бөлісуде сақ болу керектігін тағы да көрсетіп берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.