Қылмыстық іс облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Ақмолада бұрынғы әйелінің артынан аңдып, 9 жерден пышақ салған ер адам сотталды
3,533
оқылды

Ақмола облысында ер адам бұрынғы жұбайына пышақпен шабуыл жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қылмыстық іс облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 1-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша айып тағылды.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам асүй пышағын алып, бұрынғы жұбайының жұмыс орнына барып, онымен сөйлеспек болған. Алайда әңгіме жанжалға ұласып, әйел дәретханаға кеткен сәтте ер адам оның артынан еріп, арқасына пышақ сұққан.

Жәбірленуші қашып, басқа бөлмеге жасырынғанымен, айыпталушы оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел сыртқа шығып қашқан кезде де күдікті оны тоқтатпай, көшеде тағы бірнеше рет пышақтаған. Жалпы, әйелдің денесінен 9 жарақат анықталған.

Оқиға орнына жиналған куәгерлер ер адамды ұстап, полицияға тапсырған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, айыпталушының есірткіге тәуелді екені анықталып, ол мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілді.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындамай, әйелді тек қорқытқысы келгенін айтқан. Дегенмен жәбірленушінің өміріне аса ауыр қауіп төндірген бұл әрекеті үшін ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.