«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырып жатқан дәстүрлі "Taza Qazaqstan" road-эстафетасына қатысушылар Алматы, Жамбыл облыстары аумағын басып өтіп, Түркістан өңіріне табан тіреді. Акция аясында қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру көзделуде.
"Taza Qazaqstan" road-эстафетасы: өңірлерде жалғасын тауып жатыр
4,367
оқылды

Экологиялық бастамаға қатысу­шылар алдымен Түлкібас ауданына тоқтады. Құрамында депутаттар, партия мүшелері, «Жастар рухы» Жастар қа­натының белсенділері бар топқа жер­гілікті тұрғындар қосылды. Айта кетейік, эстафета бағдарының 400-ге жуық шақырымы Түркістан облысының аумағына тиесілі. Яғни, іс-шара осы облысқа қарасты Түлкібас, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында ұйымдас­тырылады.

Осылайша, эстафета аясында Түл­кібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов ескерткіші алаңында жергілікті жастар қауымымен кездесу өтті. Жүзден астам жас азамат бас қосқан жиында қоршаған орта адамзат баласының ең қастерлі құндылығы екені айтылды. 

«Біз – тәуелсіз елдің ертеңін арқа­лаған жас ұрпақпыз. Сондықтан елі­міздің әр бұрышы таза, әрбір көшесі көрікті, әр үйдің ауласы жарық, табиғаты жасыл болып тұруы – біздің қолымызда. Табиғатқа, тарих пен мәдениетке, қор­шаған ортаға ұқыпты қарау – тек ере­сектердің ғана емес, ең алдымен біздің, жалынды жастардың қасиетті парызы.  «Taza Qazaqstan» – жүрегіміздегі таза­лыққа, жауапкер­ші­лікке, ісімізді адал­дыққа бастайтын жол. Бұл – әрқайсысымыз үшін өмір мә­ніне айналуға тиіс», – деді «Жастар Ру­хы» жастар қанатының төр­ағасы Ақерке Искандерова.

Эстафета әрі қарай Тараздан Шым­кентке дейін 200 шақырымға жуық жол жүріп өтті. Бұл жолда күн сайын көлік ағыны толастамайды. Соған байланысты, жол жиегінде қоқыс та көп жиналып қалады. Эстафета тек ауқымды экология­лық қозғалыс емес. Ол «Жасыл күн тәртібі» жолында мемлекеттің, қо­ғамның және жастардың күш-жігерін қалай біріктіруге болатынының жарқын үлгісіне айналды. Бір күнде акцияның 200-ден астам қатысушысы 30 тоннаға жуық қоқыс жинады. Жалпы, үш күнде рухтастар Жамбыл облысы аумағындағы 6 аудан мен 1 қаланы басып өтіп, 500 шақырым жол жүріп, оның барысында 90 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Жиналған қалдықтар арасында пластикалық бөтелкелер, сөмкелер, шыныдан жасалған заттар, орамалар және бірреттік ыдыс-аяқтар бар. Қайта өңдеуге болатын барлық зат бірден сұрыпталды: пластик, қағаз және шыны. Белсенділер атап өткендей, тазалық – тазаланған жерде емес, оған жол беріл­меген жерде. Сондықтан эстафетаның міндеті – қоғам назарын экология мә­селесіне аудару, жаңа әдеттерді қа­лыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыру.

Жолай экологиялық керуенге жер­гілікті тұрғындар да қосылды. Көлік жүргізушілері не болып жатқанын білу үшін арнайы тоқтап, кейбіреулері тіпті қолұшын созды. Бұл – нақты іс кез келген сөзден артық екенін көрсетті. 

«AMANAT» партиясы тұрғындарды туған жерді түлетуге үлес қосуға және экологиялық эстафетаның белсенді мү­шесі болуға шақырады. Біздің таңдау – Таза Қазақстан!

Елнар ЕЛТАЙ