Жергілікті тұрғындардың қырағылығының арқасында 8 жастағы қыз баланы құрылыс алаңына алып кетпек болған ер адам ұсталды.
Атырауда 8 жастағы қызды белгісіз жаққа алып кетпек болған ер адам ұсталды
1,304
оқылды

Атырауда тұрғындар сұмдық оқиғаның алдын алды. Оқыс жағдай, кеше яғни, 29 қыркүйек күні  Атырау қаласы Нұрсая шағынауданында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жергілікті тұрғындардың қырағылығының арқасында 8 жастағы қыз баланы құрылыс алаңына алып кетпек болған ер адам ұсталды. 

Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Көшеде жүрген ер адам кәмелетке толмаған қыз баланы белгісіз бағытқа алып кетуге әрекеттенген. Алайда бұл жағдайды байқап қалған әйел адам қыз балаға араша түскен. 

Куәгердің айтуынша, ер адам өз әрекетін «қызбен бірге нан алуға бара жатырмын» деп түсіндіруге тырысқан. Алайда әйел оның әрекетін ұялы телефонына түсіріп, полицияға хабарласатынын айтқаннан кейін, ер адам оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Әйел жолдан көлік тоқтатып, жүргізушілердің көмегімен күдіктіні полицияға тапсырған. 

Атырау облыстық Полиция департаменті 1987 жылы туған 38 жастағы ер адамның ұсталғанын растады. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, бұл – қыркүйек айында балаларға қатысты ұқсас оқиғаның алдын алуға тұрғындардың көмегі тиген екінші жағдай. Бұған дейін ұқсас оқиға Құлсары қаласында тіркелген еді.

Баян Жанұзақова, Атырау облысы