Әлемде жалған ақпараттың таралуы басты проблемалардың біріне айналды.
Жасанды интеллект медиасауатты қоғамның  формациясына айналып жатыр
635
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрлық өзгерістер мен ЖИ-ды енгізудің маңызына айрықша басым мән берді.  Мемлекет басшысы «Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру» стратегиялық міндетін қойып, бұл процестің елдің болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Әлемде жалған ақпараттың таралуы басты проблемалардың біріне айналды. Әсіресе,  ақпараттың жылдам ағыны мен жаңалықтардың толассыз лентасы  өрістеп  тұрғанда сол ақпарат пен деректерді тексермей қабылдау үрдісі басым. Осыған орай, Қазақстан  медиа сауаттылықты арттыруға бағытталған бірегей жоба іске қосылуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттық қаржыландыру нәтижесінде әзірленген «RasInfo» – жасанды интеллект интеграцияланған алғашқы медиаресурс  жасалды. 

Аталмыш ресурс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің AP19679909 «Қазақстандағы жалған ақпарат пен дезинформация индикаторларын анықтауға арналған цифрлы сауат саласында ақпараттық ресурс әзірлеу» тақырыбы бойынша зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Бұл бастаманың мақсаты – жастарға цифрлық сауаттылық пен фактчекинг дағдыларын үйрету. Жоба авторларының айтуынша, мобильді қосымша жайдан-жай пайда болған жоқ. Ол жастардың әлеуметтік желілердегі ақпаратты дұрыс сараптауға қажетті құрал ретінде дүниеге келді. «RasInfo»-да жасанды интеллект күмәнді ақпаратты анықтауға көмектеседі. Қолданушылар мұнда ақпаратты тексеріп қана қоймай,  модульдерін өтіп, практикалық тапсырмалар орындай алады, тіпті  Фактчекинг негіздері,  құралдары, практикасы мен фактчекингке арналған ЖИ модульдарды оқи отырып, тапсырмаларды орындап, курсты табыста аяқтаса,  сертификат алады.

RasInfo әзірлеу идеясы тектен тек ойға келген жоқ. Соңғы жылдары фейк ақпарат қатты көбейіп кетті.    Көбіне әлеуметтік желіде, ақпарат ленталарында толассыз, тексерусіз таралған коненттерді легі орасан ауқымды.  Қолданушылар осы ақпараттың  бірақ тексере бермейді. Сол үшін бізге ақпаратты қалай дұрыс растай алатын және осы дағдыларға  үйрететін арнайы құрал керек болды. RasInfo құралын жасау идеясы осыдан туындады.

Қазақстанда жас зерттеушілер үшін жасанды интеллект саласында зерттейтін көптеген бағыттар бар. Әсіресе, қазақ тілін ЖИ-ға бейімдеу  үлкен үлес қосуға мүмкіндік беретін басты бағыттардың бірі. Бұл тек ғылым үшін ғана емес, ұлттық мұраны сақтау үшін де маңызды қадам болмақ.

Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ Журналистика факультетінің ғалымдары әзірлеген «RasInfo» жобасы Президент Жолдауында айтылған басымдықтармен толық сәйкес келеді. Бұл еліміздегі жасанды интеллект интеграцияланған алғашқы мобильді медиаресурс. Оның негізгі мақсаты  азаматтарға цифрлық сауаттылық негіздері мен фактчекингті үйрету.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастардың ЖИ-ды сауатты қолдануы – елдің цифрлық трансформациясының негізгі шарты» деген пікіріне тікелей жауап болып табылады.

Бүгінгі Жолдауда: Цифрлық трансформация тек экономиканы модернизациялауға ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге де бағытталған. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсыныс жасалды. Бұл қадам ЖИ-ды ел экономикасының барлық салаларына жаппай енгізуге мүмкіндік береді.

Осы өзгерістер аясында ҚазҰУ ғалымдарының тағы бір ірі бастамасы – қазақ баспасөзін толық цифрландыру жобасы ерекше мәнге ие. 1889 жылдан бастап жарық көрген басылымдарды жинақтап, бірыңғай цифрлық мұрағат жасау – тек тарихи құндылықты сақтау ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект арқылы ғылыми зерттеулерге жаңа серпін беру. Бұл жоба Қазақстандағы цифрлық мәдени мұраны қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Жасанды интеллект қарқынды дамып, адамдардың дүниетанымына, әсіресе жастардың сана-сезіміне әсер етуде. Бұл процесті тоқтату мүмкін емес, сондықтан оған дайын болу қажет. Ел Президентінің сөзінше, «басты міндет – кідіріссіз, батыл әрекет ету», өйткені кешігудің салдары өте ауыр болуы мүмкін.

«RasInfo» жобасы осында аталған талаптарға сай жасалған. Ол азаматтарды жалған ақпаратпен күресуге үйрете отырып, олардың цифрлық қоғамдағы маңызды дағдыларын қалыптастырады. ЖИ-дың халықаралық деңгейде реттелуі қажеттілігі де айқын, себебі ол бүкіләлемдік құбылыс және бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл адамзаттың мәселесі болып саналады.

Қазіргі Қазақстанның міндеті – жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдаланып, елді қауіпсіз әрі дамыған қоғамға айналдыру. Бұл жолда «RasInfo» сияқты білім беру бастамаларының рөлі зор.

Бұл жай ғана қосымша емес, RasInfo ресурсында AI – Derek  жасанды интеллект құралымен интеграцияланды. AI – Derek   құралы күмәнді ақпаратқа қатысты деректерді анықтау бойынша кеңестер береді.  Сонымен қатар, пайдаланушы ақпарат пен деректерді тексеріп  қоймастан,  жаңа білім алып, цифрлы  дағдыларға үйренеді, практикалық тапсырма орындап, сертификат ала алады. Бұл қосымшаның басты ерекшелігі – оның қолында мобильді құралы бар қолданушылардың әрбірне қолжетімді болуы. Көмекші құралдың  тілі жеңіл. Бұл ресурс жастардың цифрлық сауатын арттырады деп сенеміз. Яғни, олар тек смартфонды пайдаланып қоймайды, ақпаратты саралап, талдап үйренеді. Бұл  цифрлық қоғамға қажетті ең маңызды дағды.

Әзірге біз қосымшаны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірледік.   Келешекте Орталық Азия елдері тілдеріне аударып, қолдану аясын кеңейту жоспары бар. Өйткені жалған ақпарат шекара талғамайды. Ол бәріне ортақ мәселе.

Алдағы уақытта біз қолға алып жатқан үлкен ғылыми бағдарлама бар. Негізгі ой – қазақ тіліндегі газеттер мен журналдарды түгел цифрландыру. Яғни, 1889 жылдан бастап бүгінге дейін шыққан баспасөзді жинап, бірыңғай цифрлық мұрағат жасамақпыз. Бұл жай архив қана емес, жасанды интеллект арқылы мәтіндерді талдап, жүйелеп, іздеуді жеңілдететін платформа болады.

Мысалы, студентке немесе ғалымға XIX ғасырдың соңындағы мақала керек болса, ол кілт сөз арқылы оңай таба алады. Немесе белгілі бір тақырыптың әр дәуірде қалай жазылғанын салыстырып көруге мүмкіндік бар.

Бұл жоба тек тарих үшін емес, қазіргі ғылым мен білім үшін де пайдалы. Себебі қазақ тілінің даму динамикасын зерттеуге, мәдени мұраны сақтауға, медиа эволюциясын түсінуге жол ашады. Университеттер мен зерттеу орталықтары үшін үлкен мүмкіндік болады. Бұл  Қазақстандағы гуманитарлық ғылымдарға жаңа серпін береді деп сенеміз.

Қазақ баспасөзі тарихының цифрлы қорын жасақтайтын  білім беру базасын жасау түпкі мақасатымыз. Білім беру, оқу-ағарту ісінде, ғылыми зерттеулерде, қоғамға  қолжетімді болады. Осылайша қазақ баспасөз мұрасын сақтап қоймай, жаңа буынға заманауи форматта жеткіземіз.

Университеттерде ЖИ-ды қолдану туралы  түрлі пікірлер бар.  Тыйым салғаннан пайда жоқ. Керісінше, студенттерге ЖИ-ды дұрыс қолдануды үйрету керек. Әйтпесе, бәрібір қолданады. Ең дұрысы – оны тиімді құралға айналдыру.

Fake news-пен күресте кімнің рөлі маңызды деген сұрақ туындайды.  Мұнда мемлекет қана емес, қоғам да, әр адам да жауапты. Мемлекет  инфрақұрылым жасайды, қоғам білім таратады, ал әр адам жеке жауапкершілікпен ақпаратты тексереді.

Адам баласына тән адамгершілік пен эмоцияны бере алмайды. ЖИ логикаға негізделген. Сондықтан ол бізге эмпатия, мейірім, рухани өнеге бере алмайды. Шығармашылық құралы ретінде  ЖИ сурет салады, музыка жазады, мәтін өңдейді,  бірақ бұл адам қолынан шыққан туынды емес, жасанды өнім. Сезім, сана, ақыл-ой адамға тән. ЖИ ешқашан этикалық шешім қабылдай алмайды. Ол «дұрыс» пен «бұрысты» адам сияқты сезіне алмайды. Ол тек алгоритмге бағынады.

Қазір жасанды интеллект – әлемдегі университеттер мен IT-мектептердің ең алдыңғы бағыттарының бірі. ЖИ бойынша білім беретін және зерттеу жүргізетін жетекші орталықтар қатарында Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Харвард, Кембридж, Оксфорд, Людвиг-Максимилиан,  Пекин, Токио университеттері, Цюрихтегі Жоғары техникалық мектебін атасақ болады.   Елімізде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев Университеті, Астана IT, Сәтбаев университеттері ЖИ саласында бағдарламалар ұсынады.

Бакалавриат пен магистратура деңгейінде  Computer Science, Artificial Intelligence, Data Science сияқты бағдарламаларды атауға болады.  Онлайн-курстар қатарында Coursera, edX, Udemy, Khan Academy, Google AI, DeepLearning.AI платформасындағы Andrew Ng курстары да  ЖИ білім алушыларға пайдалы болмақ.  Әлемде OpenAI, DeepMind, Meta AI, Huawei Research, Яндекс Research  сияқты қолданбалы зерттеу орталықтары  үлесін де ерекшелеуге тұрарлық. Бүгінде «AI literacy»  жасанды интеллект сауат ашу жаңа стандартқа айналуда.   

Әрине, бұл тұрғыда әлемдік деңгейде ЖИ-ға ереже  керек. ЖИ тек бір елдің мәселесі емес, бүкіләлемдік құбылыс. Сондықтан халықаралық ережелер қажет. Әйтпесе, ЖИ-дың пайдалы тұсы мен зиянды әсерін ескеру қажет.

Он жылдан кейін ЖИ саясатта да, қоғамда да күнделікті құралға айналады. Азаматтар ақпаратты жылдам әрі сапалы ала алады, ал билік халықпен ашық сөйлесудің жаңа тәсілдерін табады деп ойлаймын.

Жасанды интеллект саласында зерттейтін тақырып көп: тіл өңдеу, медицинадағы қолдану, этика мәселелері, білім беру, ақпараттық қауіпсіздік. Әсіресе Қазақстан үшін қазақ тілін ЖИ-ға бейімдеу үлкен бағыт. Жастар осыған назар аударса, үлкен үлес қосады деп сенеміз. 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

Журналистика факультетінің профессор-зерттеушісі,

саяси ғылымдарының докторы  

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.