Бұл – Жүсіпбек Елебековтің шанамен жүріп, боран астында ән айтқан, ал халық малмен бірге тығылып отырған замандағы естелігі.
«Бандыға арналған ән» немесе «Қыстыгүні мал қорадағы концерт»: Жүсіпбек Елебековтің естелігі
Фото "Жылдар - қанатым" атты Хабиба Елебековаға арналған деректі фильмнен скриншот
1,677
оқылды

Бүгінгі күні гастроль десе, көз алдымызға ұшақпен ұшып, жайлы қонақүйге орналасып, арнайы келісімшартпен белгіленген гонорар алатын әртістер елестейді. Бұл – дұрыс. Өнер адамы еңбегінің әділ өтеуін алуы, сапардың қолайлы жағдаймен өтуі – қалыпты нәрсе. Расында да, гастроль дегеніміз – бір жағынан шығармашылық миссия, екінші жағынан – табыс көзі.

Алайда өткен ғасырдың алғашқы жартысында бәрі мүлдем басқаша болатын. Қазақ өнерінің негізін қалаған майталмандар тау мен тасты, боран мен аязды, аш-жалаңаш күндерді басынан өткерді. Олардың сапары – жай ғана концерт емес, партия тапсырмасымен үгіт-насихат жүргізу, ауыл-ауылды аралап, халыққа рух беру, мәдениет дәнін себу болатын. Гонорар түгілі, көбінесе үстіндегі киімдері мен астындағы көліктері де жетіспейтін, бірақ соған қарамастан, олар өнер көрсетуге тоқтамайтын.

Бұл мақала сондай ауыр да мағыналы сапарлардың бірін сипаттайтын тарихи естелікке негізделген. Естелік Хабиба Елебекованың «Қайран, Жүсекем» атты кітабынан алынған. Онда атақты әнші Жүсіпбек Елебеков пен оның замандастарының гастрольдік сапар кезіндегі бастан кешкендері баяндалады.

Естелік сол кездегі заманның ахуалымен басталады.

1931 жылғы желтоқсан айының аяқ кезі. Ол кезде республика бойынша жалғыз ғана театр болғандықтан, әртістерді ел арасына жиі шығарып тұратын. Республикадағы партия басшылары дәл осы жылдарда халық пен өнер адамын қоян-қолтық араластырып, ел арасына үгіт-насихат жұмысын өнер арқылы жүргізуді өте қажет деп тапты. Осыған байланысты Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов бастаған топ Нарынқол, Кеген аудандарына; Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков бастаған төрт әртіс Шығыс Қазақстан жағына; Серәлі Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Рамазан Елебаев, Камал Қармысов төртеуі Үржар, Көктекті, Зайсанға қарай жолға шықты.

Хабиба апамыздың естелігінде айтылғандай, Жүсіпбек Елебеков пен әріптестері Аякөзде пойыздан түсіп, ары қарай жаяу бармақшы болады. Қыс мезгілі. Серағаң мен Жүсіпбек қысқа сайланып, жылы киінген екен. Ал Рамазан мен Камалдың киімдері жұтаңдау. Алматының жұмсақ қысына үйреніп қалған болар, мұндағы сарышұнақ аязды елемесе керек. Қайтарып жіберуге болмайды – сапар маңызды, ел күтіп отыр.

Ойлана келе, Жүсіпбек пен Серағаң әлсіздеу екі жолдасын шанаға жатқызып, үстін қымтап жауып, өздері жаяу тартып кетеді. Шанаға жеккен ат та арық. Бірақ басқа амал жоқ.

Бір асудан аса бере, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейіп, алай-дүлей боран басталады. Жүктері болмаса да, ақ түтектің астында қалып, жағдай мүлде қиындап кетеді.

Серағаң шананың жанында келе жатқан. Бір кезде торы ат бір жағына бұрған ете түсті. Жүсіпбек аттың шылбырынa жүгірді. Артына жалт қараса, шана аударылып кетіпті. Үстіндегі киізге ораулы Рамазан мен Камал ылдиға қарай домалап барады. Серағаң киіздің бір бұрышынан жармасып айырылмай, өрге сүйрейді. Бірақ әлі келетін емес. Жүсіпбек мына көрініске еріксіз күліп жіберді де, солай қарай жүгірді. Бара киіздің бір ұшына жармасты. Оларды шешуге болмайды, біріншіден, күн қақаған суық, екіншіден, мынадай алай-дүлей желді боранда қайтадан орау тіпті қиынға түсер еді. Соны ойлаған екеуі, қиын да болса, тырмысып өрге қарай сүйрелейді. Өзі екі кісі, оның үстіне алдарынан екінді боран жібермейді. Зорға дегенде есіктен төрдей жерге әрең сүйреп жеткізді. Жан дәрмен әрең көтеріп шанаға салып, екеуі шананың екі қанатын басып отырып, әйтеуір кезеңнен асты-ау. Ойға түскен соң жел саябырлап, боран тынышталғандай болды. Атты тоқтатып, байғұс балаларға қиын болған шығар деп беттерін ашып қараса екеуі мәз болып күліп жатыр. Жүсіпбек екеуіне ұрысқансып жатыр. Ол да жаңағы көрініс есіне түсіп күліп жіберді.

Екеуінің нең кетіп барады. Өкпеміз өшіп сүйрелеп жүрген біз. Сендерге ол ойыншық болып көрінеді ғой,  деп қойды.

Осылайша, олар бір ауылға аман-есен жетеді. Жергілікті халық жылы қарсы алып, тынығып алуға жағдай жасайды. Кешкісін концерт өтеді. Ел риза. Ән шырқалады, көңіл көтеріліп, ауылдың іші той-думанға айналады. Ертеңіне тағы жолға шығады. Келесі ауыл. Сол сценарий – қарсы алу, концерт, халықтың ықыласы. Сапар осылайша жалғасып жатады.

Бір күні дәл осындай тағы бір ауылға жетеді. Дәстүрлі тәртіп: демалыс, дайындық, концерт. Кеш басталып, сахна төрінде ән шырқалып жатады. Әртістер өнер көрсетіп жатқанда, кенеттен бір жағдай болады, көрермендер дүрлігіп, абыр-сабыр басталып, жиналған жұрт жан-жаққа қаша жөнеледі. Ән де кілт үзіледі. Әртістер не болғанын түсінбей, абыржып қалады. Төртеуі бір-біріне қарап, аң-таң күйде тұрып қалады...

Ал  жігіттер, қорықпаңдар, сыр бермеңдер. Бізге қашуға болмайды. Не болса да, осы жерден күтіп алайық. Үгітші, насихатшы бола тұрып, өзіміз қашсақ не болғаны. Қандай қиындық болса да шыдадық.
Біздің қаруымыз тіліміз, дауысымыз емес пе? Ендеше үзбеңдер концертті. Бұрынғынан да қаттырақ шырқаңдар! Бәрі бірдей бас кесер емес шығар. Ән жібітпейтін көңіл болуға тиіс емес. Біреудің азғыруының шылауында кеткен сорлыларға ой салып, тура жолға түсуге себепкер болар. Шырқа, Жүсіпбек, әніңді,  деді Серағаң.

Жүсіпбек шырқауға жөнелді.

Сөйтсе, елдің дүрлігіп, жан-жаққа қаша жөнелуінің себебі – сол жылдары даланы кезіп жүрген қарақшылар екен. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде мұндай қарулы бандылар әсіресе көп болған деседі. Халық әбден үрейленіп қалған. Көзбен көрмек түгіл, «бандылар келе жатыр» деген сыбыс шықса болғаны – ел бірден бас сауғалап қашатын болған. Абырой болғанда, бұл жолы ешкім кездеспеді. Әртістер аман-есен сапарын жалғастырып, концерттерін қоюын тоқтатпады.

Хабиба апамыз жазып кеткендей, Жүсіпбек Елебеков ешқашан ақша сұрамаған. «Біз – халыққа қызмет етеміз» деген ұстаныммен жүрген. Халық риза болса, шын ықыласпен өзі бірдеңе ұсынатын. Осы сапар кезінде де ел ішінен бір-екі кілем, сырмақ тарту еткендер болған. Әртістер ол сыйлықтарды театрға қажетті жабдық ретінде қабылдайтын. Сөйтіп, боранды күндерге қарамастан, қыс бойы гастрольдік сапар жалғасып жатты.

Алайда қыстың да ызғары күшейіп, боран күннен-күнге өршіп бара жатты. Бір күні жағдай тіптен қиындай түсті. Сол баяғы ақ түтек боран, сақылдаған аяз. Күн ұясына батпай тұрып, бір ауылға жетіп алсақ деген үміттері жүзеге аспай қалады. Қараңғылық түсіп келеді, бірақ маңайдан ауыл тұрмақ, жалғыз үйдің өзі көрінбейді. Көкжиек – жап-жалпақ ақ дала. 

Бәрінің көңілінде – үрей. Бірақ ешқайсысы білдіртпеуге тырысады. Айдалада өздерінен басқа тірі жан жоқ сияқты. Адасып кетулері де ғажап емес. Осындай сәтте Серағаң шылбырды босатып, шананың жегінін атқа ерік береді. «Жылқы жолды табады» деген қазақы үмітпен. Торы ат еш кідірместен алға жүріп отырыпты.

Түннің бір уағында алыстан әлсіз ғана иттің үрген үні естіледі. Әртістер бір-біріне қарап:

– Естідің бе?
– Иә, ит! Иттің үргені!

Кеуделерін үміт керней бастайды. Айдалада ит текке үрмейді. Демек, жақын маңда адам бар, от бар, жылу бар. Сол бағытқа қарай бар күштерін жинап, асыға тартады.

Дереу Серағаң қақпаны тарсылдатып қағып-қағып жіберді, бірақ үйден ешкім шықпады. Тағы қақты. Болмаған соң омбылап барып терезені қақты. Сонда ғана барып іштен шыққан адам:

– Не керек сендерге, есікті ашпаймын, қағып әуре болма, – деді. Енді Серағаң ызаланып айқайлап, қолындағы қамшысымен тарсылдата жөнелді.

Осы есіктің алдынан ешқайда кетпейміз, ашпай көр есігіңді, далада үсітіп өлтірейін деп пе едің,  деді. Үй иесі шыдап тұра алмай қақпасын ашты. Бұлар қораға ат шанасымен кіріп кетті. Дереу шанадан екеуін босатып алып, үйге беттеді.

Үй иесі есікті ашқанда, іштен мал қораның иісі шығып кетті. Алдыңғы бөлмеде екі-үш қойдың арамасы қоздап жатыр екен, шөп төсеп, қоршау жасап қойыпты. Әртістерге сол жерді көрсетіп, өзі ішкі бөлмеге кіріп кетті де, есікті жауып алды. Олар не істерін білмей, босағада аңырап тұрып қалды. Жайғасатын орын жоқ, ал бөлменің иісі мүлде қолайсыз…

Серағаң төргі бөлмеге кірді де, қалғандарына:

 Келіңдер мұнда, біз малмен бірге жататын мал емеспіз, адамдармен бірге болуға тиістіміз. Үй иесі қазір білмесе, бұдан былай қарай білетін болады. Әкеліңдер шанадан кілем, сырмақты! Жайыңдар төрге!  деп әмірлі үнмен бұйырып жатыр. Камал мен Рамазан дереу барып кілемді бөлмеге төсеп жіберді. Әдемі төсеніш төселген соң үйдің іші жайнап сала берді.

Осы жерде концерт басталып кетті. Қораның іші сахнаға айналып, мәре-сәре болып қалды. “Үй ішін басқан сүреңсіз көңілсіздік серпіліп, жадырай бастады. Өздерімен бірге даладан суық леп әкелді деп тыжырына қарсы алған үй иесі енді не дерін білмей қолайсызданып қалды”.

“Алдыңа келсе атаның құнын кеш” деген. Бізден бір білместік өтті. Кешіріңіздер, қонақтар,  деп әйеліне: Тездетіп қазан көтер! Шимайынды аяма! Шайыңды тездет! Пешке қи толтырып салып қой, жолдан тоңып келді ғой,  деп бұйыра айтып жатыр.

Осылайша, өнерпаздар бір ажалдан аман қалғандай болды.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.