Дирижер – оркестрдің бүкіл тіршілігін ұстап тұрған тұлға.
Ол құр қол бұлғаушы емес: дирижердің сіз білмейтін 4 құпиясы
istockphoto.com
289
оқылды

Концертте оркестр ойнап тұрғанда, сахнаның алдында қолын бұлғап тұрған адамды бәрі көреді. Бірақ көпшілік оның нақты не істеп тұрғанын ойлана бермейді. Біреуге ол өте маңызды адам болып көрінсе, біреуге жай ғана сән үшін тұрғандай әсер қалдырады. «Музыкалық аспапта ойнамайды, бірақ неге бәрі соған қарайды?» деген сұрақ та жиі туады. Шын мәнінде, дирижер туралы түсінік көп жағдайда үстірт болады. Оны тек қолын қозғап, белгі беретін адам деп қабылдаймыз. Ал оның не үшін керек екенін, оркестрге қалай әсер ететінін, музыкаға қандай ықпалы барын біле бермейміз. Дирижерді түсінбеген адам оркестр музыкасының қалай пайда болатынын да толық түсінбейді. Сондықтан бүгін дирижер мамандығына қарапайым көзқараспен қарап көрмекшіміз. 

1-құпия: Дирижер музыканы басқарады. Дирижердің ең басты ерекшелігі – ол өзі «дыбыс шығармайды». Қолында музыкалық аспабы жоқ, сахнада құр тұрғандай көрінеді. Бірақ сол үнсіз адамның қимылына бүкіл оркестр бағынып отырады. Әрине, көрерменге бұл түсініксіз болуы мүмкін, өйткені әдетте музыканы ойнап тұрған адамды басты тұлға деп қабылдаймыз. Ал дирижер сол түсінікті бұзады.

Шын мәнінде, дирижер музыканың қалай «өмір сүретінін» шешетін адам.

Нота – тек қағаздағы белгі. Ол қалай орындалу керек екенін нота толық айтып бере алмайды. Музыканың сабырлы ма, жылдам ба, асықпай ма, әлде іштен тынымсыз ба екенін дирижер анықтайды. Бір оркестр бір шығарманы екі түрлі дирижермен орындаса, тыңдарман екі бөлек музыка тыңдағандай әсер алуы мүмкін. Себебі дыбыс бір, ал ой басқа. Сондықтан дирижердің жұмысы орындау сәтінде ғана емес, оған дейін де жүреді. Ол партитураны (нота жинағы) зерттейді, әр бөлімнің қашан алға шығатынын, қашан кейін шегінетінін ойластырады. Сахнада көрінетіні – сол ұзақ ой жұмысының сыртқы белгісі ғана. Музыка оның қолымен емес, оның ішкі түсінігімен қозғалады, ал оркестр сол түсінікті дыбысқа айналдырады.

2-құпия: Дирижердің қол қимылы – жай бұлғау емес. Сырттай қарағанда дирижер тек қолын сермеп тұрғандай көрінеді. Бірақ оркестр үшін әр қимылдың нақты мағынасы бар. Қолдың жоғары көтерілуі, төмен түсуі, шеңбер сызуы немесе бір сәтке тоқтауы – бәрі музыканттарға белгі береді. Бұл белгілер сөзсіз түсінісудің бір түрі десек те болады. Дирижер қолымен оркестрге қашан бастау керегін, қай жерде баяулау керек екенін, қай тұста дыбысты күшейту немесе бәсеңдету қажеттігін көрсетеді.

Музыканттар нотаны оқып қана қоймай, дирижердің қолын да үздіксіз бақылап отырады.

Себебі нота «қалай» ойнау керегін толық айтып бермейді, ал дирижер соны нақтылап отырады. Сондықтан дирижердің қолы – тіл сияқты. Ол сөйлеп тұрған жоқ, бірақ бәрі түсінеді. Қимыл неғұрлым анық болса, оркестр соғұрлым біртұтас естіледі. Тыңдарманға ол жай қозғалыс болып көрінуі мүмкін, ал оркестр үшін бұл музыканың бағытын көрсетіп тұрған негізгі белгі.

3-құпия: Дирижер болмаса, оркестр шашырап кетуі мүмкін. Оркестрде бір мезетте орта есеппен 50 шақты  адам ойнайды. Әр музыкант өз аспабын жақсы меңгерген, өз партиясын біледі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі оркестр, жеке орындаушылардың қосындысы емес, бір организм сияқты жұмыс істеуі керек. Ал ондай тұтастық өздігінен пайда болмайды. Дирижер болмаса, әр музыкант ішінен өзіне ыңғайлы қарқынмен ойнай бастайды. Бірі сәл алға шығып кетеді, бірі артта қалады. Бір бөлім дыбысты қаттырақ алады, екіншісі ақырындатады. Мұның бәрі бірден естіліп кетпесе де, музыканың ішкі тепе-теңдігін бұзады.

Тыңдарман мұны «біртүрлі естілді» деп қана қабылдауы мүмкін, бірақ себеп дәл осы ортақ басқарудың жоқтығында болады.

Тіпті, тәжірибелі, көп жылдан бері бірге ойнап жүрген оркестрдің өзі дирижерсіз ұзаққа бармайды. Себебі музыкада әр сәт өзгеріп отырады және осы өзгерістерді бір мезетте бәріне сездіріп отыратын адам – дирижер. Ол оркестрге ортақ уақыт береді, ортақ тыныс қалыптастырады. Сондықтан дирижер оркестрге «тәртіп орнатушы» емес, оны бір арнада ұстап тұрған тұлға. Ол болмаса, музыка дұрыс орындалуы мүмкін, бірақ тірі, біртұтас дүние болып естілмейді. Оркестр дәл осы үшін дирижерге қарайды.

4-құпия: Дирижер – бұйрық беруші емес. Көп адам дирижерді оркестрдің «басшысы», бәріне әмір жүргізетін адам деп ойлайды. Сахнада ол алда тұрып, бәрі соған қарағандықтан, сырттай бақылағанда бұл түсінік қисынды сияқты. Бірақ оркестр ішіндегі қарым-қатынас әскери тәртіпке ұқсамайды. Мұнда айқайлап бұйрық беру де, қысым жасау да нәтиже бермейді. Дирижердің негізгі күші – беделінде емес, сенімде. Музыканттар дирижердің музыканы түсінетініне, не істеп тұрғанын білетініне көз жеткізгенде ғана соған ереді. Егер дирижер ойсыз, сенімсіз қимыл жасаса, оркестр бірден оны «оқып» қояды. Бұл – кәсіби орта. Мұнда сөз емес, музыкалық пайым сөйлейді.

Жақсы дирижер оркестрді өзіне қарсы қоймайды, керісінше сонымен бірге жұмыс істейді.

Репетиция кезінде ол тыңдайды, кейде келіседі, кейде ортақ шешім іздейді. Ол музыканттардың мүмкіндігін, мінезін, тіпті көңіл күйін де ескереді. Бір оркестрмен қаттырақ, екіншісімен жұмсағырақ сөйлесуі мүмкін. Себебі дирижер үшін ең маңыздысы — бәрінің бір оймен ойнауы. Сахнаға шыққанда дирижердің қолы аз қозғалғанымен, оркестр оны толық түсінеді. Өйткені бәрі алдын ала келісілген, ойластырылған. Сол сәтте дирижер бұйрық беріп тұрған жоқ, ол ортақ ойды еске салып тұр. Сондықтан дирижер — басқарушы емес, оркестрдің ішкі бірлігін сақтап тұрған адам.

Дирижер мамандығы әрдайым болған жоқ. Алғашында оркестрді бірінші скрипкашы немесе клавесинші өзі ойнай отырып басқарған. Яғни, бөлек дирижер болмаған. Жеке дирижер ретінде сахнаға шығу XIX ғасырдың басында ғана қалыптаса бастады. Осы кезеңде дирижер оркестрді сырттан басқарушы тұлға ретінде біртіндеп бөлініп шықты. Әрине, алғашқы дирижер кім болғаны туралы дерек әртүрлі айтылады. Себебі бұл үдеріс бір күнде пайда болған жоқ. Дегенмен көп дереккөзде оркестрді дирижерлік таяқшамен арнайы басқаруды алғаш қолданғандардың бірі ретінде Людвиг Шпор аталады. Ол 1810 жылдар шамасында қағаздан жасалған таяқшаны пайдаланып, оркестрге нақты белгі беруді жүйелеген. Бұл дирижердің жеке мамандық ретінде қалыптасуына маңызды қадам болды. Ал дирижердің қазіргі біз білетін сахналық қалпы – көрерменге арқасымен, оркестрге жүзін беріп тұруы – XIX ғасырда орнықты. Бұл тұрғыда Гектор Берлиоз пен Рихард Вагнер жиі аталады. Олар дирижерді жай белгі беруші емес, оркестрдің толық басқарушысы ретінде түсіндірді. Осы кезден бастап дирижер тыңдарманға емес, оркестрге бағытталған тұлғаға айналды. Сонымен қатар  Феликс Мендельсон да алғашқы кәсіби дирижерлердің бірі саналады. Ол дирижерлік таяқшаны тұрақты қолданысқа енгізіп, оркестрмен жүйелі, жоспарлы жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырды. Осы тұлғалардан кейін дирижер жеке мамандық ретінде орнығып, ХХ ғасырда толыққанды өнер саласына айналды.

ХХ ғасырда дирижер мамандығы ерекше танымал болды. Әртүрлі музыкалық басылымдар мен кәсіби рейтингтерде жиі аталатын дирижерлердің қатарында Артуро Тосканини, Герберт фон Караян, Леонард Бернстайн, Карлос Клайбер, Вильгельм Фуртвенглер сияқты есімдер бар. Бұл дирижерлердің әрқайсысы оркестрмен жұмыс істеудің өз жолын қалыптастырды. Сол себепті бір шығарма әр дирижердің қолында әртүрлі мінезге, әртүрлі тынысқа ие болып естіледі.

Әрине, бүгінгі заманда «кім мықты?» деген сұрақты қою ыңғайсыз, әсіресе өнерге қатысты болса. Дегенмен әлемдік классикалық музыканы жүйелі түрде бақылап, кәсіби сыншылар пікіріне сүйенетін Bachtrack сайты 2023 жылы арнайы сауалнама жүргізіп, заманымыздың ең беделді дирижерін анықтаған. Сол рейтинг нәтижесі бойынша:
1-орын — Кирилл Петренко (Берлин филармониясы),
2-орын — Саймон Рэттл (Бавария радиосы симфониялық оркестрі),
3-орын — Герберт Бломштедт (қонақ дирижер, Gewandhaus, Бостон симфониялық оркестрі),
4-орын — Антонио Паппано (Royal Opera House (Лондон), Santa Cecilia (Рим) оркестрі),
5-орын — Эса-Пекка Салонен (Сан-Франциско симфониялық оркестрі / Оркестр де Пари),
7-орын — Риккардо Мути (Чикаго симфониялық оркестрі),
8-орын — Янник Незе-Сеген (Метрополитен операсы, Филадельфия оркестрі),
9-орын — Клаус Мякеля (Осло филармониясы, Оркестр де Пари).
Бұл тізім дирижерлерді «ең үздік» деп бекіту емес, бірақ қазіргі әлемдік музыка кеңістігінде қай есімдердің ықпалы мен салмағы басым екенін көрсететін нақты кәсіби дерек ретінде бағаланады.

Қазақстандағы дирижерлік өнердің қалыптасуын Ахмет Жұбанов есімінсіз елестету қиын. Ол қазақтың кәсіби музыкалық мәдениетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі ғана емес, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, ұлттық музыканы ұжымдық орындау деңгейіне көтерген қайраткер атанды. Кейіннен осы дирижер мамандығы қазақ музыкасы үшін қажет құбылысқа айналды. Бұл бағытты кейінгі кезеңде бірнеше ірі тұлға жалғастырды. Олардың қатарында Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлепберген Әбдірашев, Айтқали Жайымов сияқты ондаған дирижер бар. Бұл буын қазақ дирижерлік мәдениетінің нақты қалыптасу кезеңін өткеріп, симфониялық, опералық және халық аспаптары оркестрлерінде жүйелі жұмыс жүрді.

Бүгінде Қазақстанда орта буын дирижерлері жеткілікті деңгейде қалыптасты. Ұлт аспаптар оркестрлерінде де, симфониялық және опералық ұжымдарда да өз ісін жақсы меңгерген мамандар тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл салада жеке бір-екі есімді бөліп көрсету қажеттілігі жоқ, өйткені дирижерлік орта біртіндеп кәсіби жүйеге айналды, әр оркестрдің өз мектебі, өз тәжірибесі бар. Осы қатарда тек Мүслім Әмзе есімін бөлек атауға негіз бар деп ойлаймыз. Себебі ол дирижер ретінде сахналық тәжірибемен ғана шектелмей, осы өнерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, дирижерлікке арналған диссертациялық еңбек жазған маман. Бұл дирижерлік өнердің Қазақстанда тек орындаушылық тәжірибе ретінде емес, зерттелетін, ой елегінен өтетін кәсіби салаға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Қорытындылай айтқанда, дирижер – сахнада көзге бірден түсе бермейтін, бірақ оркестрдің бүкіл тіршілігін ұстап тұрған тұлға. Ол дыбыс шығармаса да, музыканың бағытын, мінезін, тынысын айқындайды. Әлемдік тәжірибеде де, қазақ музыкасының тарихында да дирижерлік өнер уақыт өте қалыптасып, күрделене түсті. Бүгін бұл мамандық тек басқару емес, терең ойлауды, жауапкершілікті және музыканы тұтас күйінде сезінуді талап ететін салаға айналды.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына   белсенді  гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.