Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмала­рын халыққа түсірдіруге орай республика аймақтарына аттанған болатын.
Сенаторлар республика аймақтарын аралады
3,111
оқылды

Олар жергілікті басшылармен, мәс­­лихат депутаттарымен, мамандармен және тұр­ғындармен кездесті. Онда әлеуметтік-экономикалық даму, өндірісті жаңғырту, транзиттік әлеуетті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасының орын­ба­сары Ольга Перепечина мен се­натор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау және Ақжар аудандарында болды. Депутаттар инфрақұрылымды да­мыту, жұмыспен қамту және ауыл­дық жердегі өмір сүру жағдайын жақсартуға назар аударды.

Сенаторлар М.Жұмабаев атын­дағы ауданда болды және тұрғын­дармен кездесті. Сапар аясында осы аудандағы инфрақұрылымдық және аграрлық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты. Айыр­тау ауданындағы Саумалкөл ауы­лында спорт стадионының құ­ры­лысын көріп, шұғыл жаңғыртуды қажет ететін кәріз құрылысының жай-күйімен танысты. Депутаттар Ақжар ауданында «Көкшетау-Би­дайық-РФ шекарасы» республи­калық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Ауыл тұрғын­дарымен кездесу барысында газ жеткізу, сумен жабдықтау, кент­ішілік жолдардың жай-күйі, сон­дай-ақ кәріз-тазарту құрылысының жұмысы талқыланды. Ольга Пе­ре­печина аймаққа сапары барысында Манаш Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің түлектеріне диплом тапсыру сал­танатты рәсіміне қатысты. 

Сенаттың Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен депутат Айгүл Қапбарова және Мұ­рат Қадырбек Шымкент қаласын­да М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақстан университетінің сту­дент­тері­м­ен және профессор-оқы­ту­шылар құрамымен кездесті. Се­наторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, жүргі­зіліп жатқан реформалар, сондай-ақ палатаның заң шығару қызметі туралы айтып берді. Айгүл Қап­ба­рова ғылыми зерттеулерді қаржы­лан­дырудың ашықтығы туралы заңнамадағы соңғы өзгерістер ту­ралы айтты. Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова сапар аясын­да Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамасы институтында болды. Сенаторлар мекеменің қызметімен танысты, қызметкерлердің еңбек жағдайын, кадр саясатын және техникалық жарақтандыру мәсе­лелерін талқылады. 

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің тө­рағасы Нұртөре Жүсіп Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қи­лыбаймен кездесті. Депутат кездесу барысында Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің стратегиялық бағытындағы негізгі басымдық – өңірлерді дамыту екенін атап өтті. Депутат «Солтүстік – Оңтүстік» және «ТРАСЕКА» халықаралық көлік дәліздерімен қоса, Каспий теңізіне шығу мәселесін, негізгі транзиттік бағыттарға қол жеткізуге байланысты өңірдің ерекшелігін облыс басшысымен бірге талқы­лады. Нұртөре Жүсіп Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның ке­зек­ті отырысына да қатысты.

Сенат депутаттары Әли Бек­таев, Мұрат Қадырбек және Али­шер Сатвалдиев Түркістан облы­сына сапары аясында халықпен жүздесті, өндірістік және әлеумет­тік бірқатар нысандарды аралады. Олар сондай-ақ жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен өзекті мә­се­лелерді талқылады.

Сенаторлар Созақ ауданына сапар барысында уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіпорнының қызметіне ерекше назар аударылды. Жұмыс­шылармен және жергілікті тұр­ғындармен кездесу барысында өн­діріс қауіпсіздігі, экология және халық­тың денсаулығына әсер ету мәсе­лелері көтерілді. Тұрғындар өнді­рістік нысандарға жақын орна­лас­қан елді мекендерде, әсіресе балалар арасында аурудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Қазығұрт ауданында «Са­па-2002» ЖШС егістігінде болып, аграршылармен өнімділікті артты­ру, субсидия және техникамен қам­тамасыз ету мәселелері талқы­ланды. Түлкібас ауданында жылы­на 800 тоннаға дейін өнім өндіре алатын балық өсіру кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сайрам ау­да­нында орналасқан бірқатар кә­сіпорындарды да көріп шықты. Сапар соңында облыстық және ау­дандық мәслихаттар депутатта­рының, әкімдіктер өкілдерінің және өңір тұрғындарының қаты­суымен кездесу болды. 

Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысында Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылда білікті мамандардың жетіспейтіні мен жол проблемасы, электрмен жабдықтау мен ауызсуға қол жет­кізу, сондай-ақ білім беру мен ден­саулық сақтау саласындағы қиын­дықтарға қатысты өтініштер ай­тылды. Полигон жеріндегі жем­шөпке субсидия беру және шөп дайындауға рұқсат алу туралы сөз болды. Ақбөкендердің санын рет­теу мәселесі де талқыланды.

Сенатор Махамбет ауданын­да­ғы Бақсай ауылдық округінің тұр­ғындарымен кездесуде мектептің апатты жағдайын, жолдарды аяқтау қажеттігін, сумен жабдықтау және каналдарды тазарту мәселелері тал­қыланды. Ол Махамбет ауданын­да­ғы Талдыкөл ауылында салынып жатқан балық зауытында болды. Кез­десуде былтырғы су тасқы­ны­ның салдарына байланысты жоба­ны іске асыру күрделене түскені атап өтілді. Жылыжайлар бүлінді, балық өңдеуге арналған жабдықтар істен шықты. Талдыкөл ауылына кірме жолды жөндеуді ішінара қар­жыландыру қосымша проблемаға айналды, бұл да құрылыстың аяқ­талуын тежеп отыр.

Сенат депутаттары Нурия Ния­зова мен Жанна Асанова Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл ме­ди­циналық жәрдем көрсету орта­лығында болды. Сенаторлар Қа­зақ­станның түкпір-түкпірінен кел­ген балаларға шұғыл және ма­мандандырылған көмек көрсететін мекеменің жұмысымен танысты. Басшылықпен және мейірбике қыз­меткерлерімен кездесу бары­сын­да көмектің сапасы мен қол­же­тімділігін арттыру, пациенттерді бағыттауды жеделдету, сондай-ақ жабдықтар мен цифрлық шешім­дерді жүйелі жаңарту қажеттігі туралы мәселелерді талқылады. Қолданыстағы тарифтердің нақты шығынға, әсіресе күрделі және қым­бат бағыттарға сәйкес келме­уіне баса назар аударылды.

Сенат депутаттары Сұлтан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев және Амангелді Толамисов облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесті. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының өзекті мә­селелерін, мемлекеттік бағдар­ла­маларды іске асыруды және жергілікті атқарушы органдардың депутаттық корпуспен өзара іс-қимылын талқылады. Сенаторлар сондай-ақ қалалық көпсалалы ау­ру­ханада болып, медициналық кө­мек көрсету шарттарымен, қыз­меттерді цифрландыру барысымен және жаңа бөлімшелер ашу жос­парымен танысты. Кербұлақ ау­данының Қоғалы ауылындағы бір­­қатар әлеуметтік және ин­фра­құрылымдық нысандарды аралады. Қоғалыдағы мәдениет үйінде шараларды өткізу жағдайымен, ғимараттың жай-күйімен және материалдық-техникалық базамен танысты. Талқылау барысында кадр­лармен қамтамасыз ету, сах­налық және музыкалық жаб­дық­тардың жетіспейтіні, сондай-ақ ауыл тұрғындарының мәдени бағ­дарламаларға мұқтаждығы туралы мәселелер қозғалды. Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысының аумағында орналасқан аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамымен де кездесті.

Сенатор Серік Өтешов Қара­ғанды облысында өңірді газдан­дыру мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңеске қатысты. Онда Қа­рағанды, Теміртау және Шах­тинск қалаларында газбен жабдық­тау жобасын іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Серік Өтешов облыс басқармаларының басшыларымен де кездесті. Онда цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларындағы ұлттық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сенатор мекемеаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығына, мер­зім­дердің сақталуына және бюджет қаржысын тиімді пайдалануға на­зар аударды.

Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесуде еліміз ­Пре­зидентінің тапсырмаларын іске асыру, аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мә­селелерін талқылады. Сондай-ақ инфрақұрылым, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мен туризмге ин­вестиция салудың келешегі секілді негізгі салалар да назардан тыс қалмады. Сенатор жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорға­нысы күштерінің Әскери инс­ти­тутында болып, курсанттардың оқу үдерісімен, патриоттық және әс­кери білім беру тәрбиесімен та­нысты. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылында салынып жат­қан жаңа мектеп құрылысымен де танысты. 

Сенатор Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде де болды. Профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында жоғары білім беру және ғылыми жаңалықтар саласындағы басым­дықтар талқыланды. 

Сенат депутаттары Арман Өте­ғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек және Ақжайық аудандарында, сон­дай-ақ Орал қаласында болды. Сенаторлар әлеуметтік, инфра­құ­ры­лымдық және өндірістік жоба­ларды іске асыру барысымен та­нысып, өңірді дамытудың өзекті мә­селелерін жергілікті тұрғын­дар­мен бірге талқылады. 

Депутаттар Макарово ауылын­да өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа құс фабри­ка­сында болды. Сенаторлар жергілік­ті өндірісті дамыту мен саланы тұ­рақты дамыту барысында өңірдегі ірі құс фабрикаларымен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Орал қаласында Жайық өзе­нінің жағалау учаскелерін аралап, жағалау сызығын нығайту бойын­ша жұмыстарды көрді. Сенаторлар сапар аясында су тасқыны туралы ерте хабарлау жүйесімен танысып, «Қазсушар» РМК филиалының Круглоозерное, Щапово, Көшім, Ақсу, Янайкино және Тоған ауыл­дық елді мекендеріндегі бөгет­те­рінің, сорғы стансалары мен ны­сандардың техникалық жай-күйін тексерді. 

Сенат депутаты Ольга Булав­кина Өскеменде қала тұрғындары­мен кездесіп, оларды толғанды­ра­тын мәселелерді талқылады. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық мәселелері туралы әңгіме өрбіді. Сенатор тұрғындармен кез­де­су халықты қандай мәселелер толғандыратынын жақсы білуге мүмкіндік беретінін және жедел әрекет етуді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, көтерілген мәселелердің көпшілігін біркелкі шешуге болады және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеуді қажет етеді.

Сенат депутаты Бауыржан Қа­ниев Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының әкімдерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және ардагерлер қоғамдастығының өкіл­дерімен кездесті. Онда жылыту маусымына дайындық, инфрақұ­рылымдық жобаларды іске асыру, бюджеттің атқарылуы және мем­лекеттік қаржыны пайдаланудың тиімділігі күн тәртібіне қойылды.

Депутат коммуналдық қызмет­тердің күзгі-қысқы кезеңге дайын­дығына, әлеуметтік және инже­­нерлік нысандар құрылысының ба­рысына, сондай-ақ өңірде ор­нық­ты экономикалық өсуді қам­тамасыз ету жөніндегі шараларға ерекше назар аударды. Ол жұмыс­тың сапасын және мерзімдердің сақталуын, әсіресе әлеуметтік ма­ңызы бар нысандарға қатысты мұқият бақылау орнату қажеттігін атап өтті.

Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Бурабай және Бұланды аудандарында бо­лып, әлеуметтік және инфрақұры­лымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Ол сондай-ақ әкімдіктердің, мердігерлік ұйым­дардың өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.

Сенатор Кенесары және Қа­таркөл ауылдарында болған кезде тұрғындардың бос уақытын ұйым­дастыруға бағытталған мәдени ор­талықтар құрылысының бары­сы­мен танысты. Щучинск қала­сын­да орман шаруашылығы, эко­логия және туризм колледжінде бо­лып, мекеме басшылығымен ма­ман даярлау, материалдық-тех­ни­калық қамтамасыз ету және оқу жағдайына қатысты мәселелерді талқылады.

 

Айна ХАСАН