Тынық мұхиты аймағындағы жаттығулар кезінде әскерилер генеративті жасанды интеллекті барлау деректерін жинап, оны талдауға да пайдаланған. Әскери салада ЖИ-ді қолдану үлкен өзгерістің басы ғана сияқты.
АҚШ құпия барлауда жасанды интеллекті пайдалануды бастады
АҚШ әскерилері күнделікті және апталық барлау есептерін жазуға ЖИ-ді қолданады. Сурет decrypt.co сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
979
оқылды

Массачусетс технологиялық институтының жаңалықтар сайты жариялаған сараптамаға сілтеме жасаған Aikyn.kz, әскери барлауда ЖИ-ді қолдану тиімділігін бағалайды.

2023 жылы АҚШ-тың теңіз жаяу әскері Тынық мұхитында ЖИ-дің генеративті моделін алғаш рет сынаған. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Song Kyung-Seok

2023 жылы АҚШ-тың теңіз жаяу әскерінің 2 500 қызметкері үш әскери кемемен Оңтүстік Корея, Филиппин, Үндістан және Индонезия суларында жаттығулар өткізеді. Осы уақытта кемелерде жаңа эксперимент жүргізіледі. Шетелдік барлау ақпаратын өңдеумен айналысатын бөлім ЖИ-дің генеративті моделін алғаш рет сынақ ретінде қолданады. Бұл Пентагонның құпия қаржыландырған ЖИ құралдарының бірі болды.

Капитан Кристин Энценауэр шетелдік жаңалықтар көздерін аударып, қысқаша мазмұнын жасау үшін үлкен тілдік модельдерді қолданғанын айтады. Ал капитан Уилл Лоудон күнделікті және апталық барлау есептерін жазуға ЖИ-ді қолданған.

«Бізге дереккөздерді әлі де мұқият тексеру қажет. Бірақ бұл модельдер бізге қарқынды жағдайда едәуір тиімділік береді», – дейді Лоудон.

Олар пайдаланған ЖИ құралдары – Vannevar Labs компаниясы жасаған өнімдер. Қорғаныс технологияларына маманданған бұл компанияны 2019 жылы Орталық барлау басқармасы мен барлау саласының ардагерлері құрған. 2023 жылы Пентагонның Defense Innovation Unit бөлімі компанияға 99 миллион доллар көлеміндегі келісімшарт беріп, барлау технологияларын кеңінен енгізу мақсатын тапсырған. Vannevar Labs компаниясынан басқа Palantir, Anduril және Scale AI сынды ұйымдар да америкалық әскерилердің құпия тапсырыстарын орындайды.

Пентагон 2024-2025 жылдары генеративті ЖИ-ді қолдану сынақтары үшін 100 миллион доллар бөлетінін мәлімдеген. Фото zdnet.com сайтынан алынды

Vannevar құралдары шифрланбаған радиосигналдарды талдап, заңсыз кеме қатынасын немесе жасырын әскери белсенділікті анықтай алады. Жиналған деректер кейін ЖИ модельдер арқылы аударылып, қауіп деңгейі мен саяси көңіл күйге талдау жүргізіледі. Мысалы, бұл жүйе АҚШ-қа фентанил жеткізілімінің халықаралық тізбегі мен Қытайдың Филиппиндегі сирек металдарға бақылау орнату әрекеттері туралы нақты әрекеттерді анықтауға қолданылған.

«Біздің мақсатымыз – мәліметтерді жинап қана қоймай, оны түсініп, АҚШ-қа дұрыс шешім қабылдауға көмектесу», – дейді Vannevar Labs бас техникалық директоры Скотт Филлипс.

АҚШ әскери-барлау саласы көп жылдан бері Palantir секілді компаниялардың күрделі бағдарламаларына сүйеніп келеді. Palantir миграцияны қадағалау үшін қолданылған және құны 200 млрд долларға дейін жеткен. Ал Vannevar өзінің моделін 2019 жылы LLM (үлкен тілдік модель) әлеуетін байқаған кезде дамыта бастады. Жаңа технология тек деректерді жинау емес, оларды диалог арқылы талдауға мүмкіндік берді.

Капитан Энценауэр генеративті ЖИ құралдарын теңіздегі оқу-жаттығулар кезінде өз кемесі туралы жазылған кез келген шетелдік жаңалықтарды бақылау үшін қолданғанын айтады. Бұрын бұл жұмыс қолмен, уақытты көп алатын тәсілмен жасалатын.

«Бұрын мен барлығын өзім іздеп, аударатынмын, кодтап, талдайтынмын. Ал ЖИ бұл үдерісті айтарлықтай жеңілдетті», – дейді ол. 

Дегенмен ЖИ құралдарын қолдану кезінде бірқатар техникалық қиындықтар да болған. Кемеде интернет байланысының жиі үзілуі, әсіресе видео немесе фото деректерді өңдеу кезінде ЖИ жұмысын баяулатқан.ЖИ саласын дамыту – АҚШ Қарулы Күштері бет бұрып жатқан кең көлемді стратегияның бір бөлігі. 2023 жылдың желтоқсанында Пентагон алдағы екі жылда генеративті ЖИ-ді қолдану сынақтары үшін 100 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. 

Vannevar-дан бөлек, Пентагон Microsoft және Palantir компанияларымен де бірлесіп жұмыс істеуде. Олар бірге құпия деректерді қолданатын арнайы ЖИ үлгілерін әзірлеуде. Айта кету керек, АҚШ бұл бағытта жалғыз емес. Мысалы, Израиль Газадағы соғыста ЖИ-ді мақсаттарды белгілеу мен деректерді сұрыптау үшін қолданған, алайда бұл тәжірибе халықаралық деңгейде сынға ұшыраған.

Сарапшылар ЖИ саласындағы негізгі дилемманың қиындығын алға тартады. Генеративті ЖИ – жай ғана қосымша құрал бола ма, әлде ол адамның орнына нақты шешім қабылдаушыға айнала ма? 

Бұл – жалпы адамзат қоғамы үшін негізгі әрі шешуші сұрақ. ЖИ жүйелерінің артықшылығы айқын. Олар күрделі мәселелер бойынша қарапайым тілде нақты жауап беруге қабілетті. Бірақ бұл мүмкіндіктің артында қандай қатерлер болуы мүмкін? Осы басты мәселені анықтау әлі де жауабы қиын сұрақ болып қалуда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.