Бұл қызмет ІІМ мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес күшіне енді.
Енді жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болады
1,103
оқылды

Қазақстанда eGov.kz порталы мен Mgov мобильді қосымшасы арқылы жеке куәлікті онлайн ауыстыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Бұл қызмет Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес күшіне енді.

Қызметті мынадай жағдайда пайдалануға болады:

  • Жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталуына 30 күннен аз уақыт қалса;
  • Немесе куәліктің мерзімі 10 күннен артық емес уақыт бұрын аяқталған болса.

Қызметті онлайн алу тәртібі

  • eGov.kz порталына немесе Mgov мобильді қосымшасына кіріп, «Қызметті онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу керек.
  • Өтінішті толтырып, фото мен қолтаңба үлгісін Қағидаларға сәйкес тіркеу қажет. Өтінішке ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе SMS-пароль арқылы қол қойылады (SMS-парольді пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті).
  • Өтініш берушінің тұрақты тіркелген мекенжайы болуы қажет. Егер өтініш берушіде тұрақты тіркеу болмаса немесе тегі, аты-жөні не туған күні өзгерген болса, онда «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-қа жүгіну қажет.
  • Мемлекеттік баж салығын төлеу қажет (қалауыңыз бойынша жеделдетілген қызметті таңдай аласыз).

Жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен өтінішіңіздің өңделуі туралы хабарламамен таныса аласыз. Ол белгіленген уақыт аралығында келеді.