Бұл туралы Жазушылар одағы ресми хабарлады.
«Түркі әлемінің әдебиеті» жобасына өтінім қабылдау басталды
223
оқылды

2026 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі стратегиялық әріптестік аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасын бастайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аудармашылар назарына «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасына құжаттар қабылдау басталғанын ескерте отырып, жобаға қатысуға шақырамыз.

Жобаның талаптары:

– Жобаға қатысуға еліміздің барлық аумағында тұратын аудармашылар (жас шектеуі жоқ) өтінім бере алады;

– Өтінім беруші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес.

– Өтінім беруші қырғыз, өзбек, әзербайжан тілдерін жетік меңгеруі қажет және бұған дейін көркем аударма саласында жарық көрген еңбектері болуы шарт.

– Өтінім беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы міндетті.

Жобаның іске асу кезеңдері: 

– Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылатын комиссия өтінім берушілердің осы кезге дейінгі аударған шығармаларын саралау арқылы жобаға қатысушылардың тізімін бекітеді.

– Тізімге енген аудармашылар жоба кеңсесі бекіткен жоспарлы дүниелерді аудару ісімен шұғылданып, редакторлық құраммен бірлікте жобаны жүзеге асырады.

Комиссия шешімі қайта қарауға жатпайды.

«Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы – Қазақстан Республикасында түркі тілдес халықтардың әдеби мұрасын насихаттауға, өзара мәдени байланысты нығайтуға және көркем аударма саласын дамытуға бағытталған маңызды мәдени бастама.

Жобаның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару.

Бұл жоба түркі халықтарының әдебиетін өзара таныстыруға, ұлттық мәдениеттер арасындағы рухани үндестікті тереңдетуге және аударма ісінің сапасын арттыруға зор ықпал етеді, сонымен қатар бастама түркі елдері арасында әдеби байланыстарды кеңейтіп, болашақта осындай ортақ жобаларды жалғастыруға негіз қалыптастырады деп күтілуде.

Өтінімдер осы хабарландыру жарық көрген күннен бастап, 2026 жылғы 27 шілдеге дейін келесі тізбек бойынша қабылданады:

1. Өтінім;

2. Үміткердің шығармашылық өмірбаяны;

3. Жеке куәлігінің көшірмесі;

4. ⁠Бұған дейін көркем аударма саласында жарық көрген, түпнұсқадан тәржімаланған еңбектерінің қағаз (кітап күйінде) немесе электронды нұсқасы.

Өтінімдер Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105-үй, 26-кабинет мекен-жайына немесе jazushylar_odagy@mail.ru электрон поштасына жіберілуі керек.