Жаз мезгілі балалар үшін қуаныш пен шаттыққа толы ең бір алаңсыз кезең саналады. Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың жазғы уақытын тиімді, пайдалы бастысы қауіпсіз өткізуі үшін дайындық жұмыстарын бастады. Министрліктің есебінше, биыл 92% оқушы лагерьмен қамтылады деген жоспар бар.
Қауіпсіз бала – алаңсыз ата-ана
284
оқылды

Биыл елімізде оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр, оның 200 мыңнан аста­мы – мектеппен қоштасатын түлектер. Премьер-Министр Олжас Бектенов бала­­­лардың мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігін қадағалауға назар аудару қажеттігін ескертті. Өзі тізгінін ұстаған Үкімет жиынында ол:

– Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырма­ған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұрай­мын, – деді.

Оқушылардың қауіпсіздігі ең алдымен сақтық шаралары екені белгілі. Мәселен, былтыр елімізде тексерістен өтпей, заңсыз жұмыс істеген 5 жазғы лагерь анықталған болатын. Сондықтан қазір балаларға арналған жазғы лагерьлердің қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Әсіресе, лагерьде қызмет ететін педагогтерге қойылатын талап қатаң. Балаларға арналған жазғы демалыс орындарында тек педагогикалық білімі бар мамандар ғана қызмет ете алады. Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктер әзірленіп, ата-аналарға, балаларға, педагог мамандарға таратылады.

Оқу-ағарту министрлігі былтыр 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарында балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және жан-жақты ұйымдастыруға басымдық берді. Соған сәйкес, қазір балаларға арналған демалыс орындары санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндеттелді. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады. Биыл Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен әкімдіктер бірлесіп Жол картасын әзірлеп бекітті. Жол карталарын іске асыру бойынша мониторингті комитет бақылайды. Сондай-ақ комитет тарапы лагерьлердің жұмысында қандай да бір бұзушылықтар анықталған кезде шағымдануға болатын жедел желіні де (8-27.74.7172-05) іске қосты. 

Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне түскен қорытынды алу өтінімдері Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген талаптарға сәйкес тексерілетінін айтты. 

– Қорытынды берілген соң өңірлерде облыс әкімдерінің қаулысымен бекітілген ведомствоаралық штабтардың мамандары жазғы лагерь маусымы басталмай тұрып, алдын ала сол лагерьлердің жағдайын тексереді. Лагерьге баратын балалардың тізімі ең алдымен мектеп ішінде жасақталады. Кейін ұсынымдар Білім бөліміне және Білім басқармасына жөнелтіледі, – дейді басқарма басшысы. 

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 мил­лионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламамен қамтылады. Биыл 500 мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға басымдық берілмек. 10 мың бала «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тегін демалатын болады.

Астана қаласы Білім басқармасы жазғы демалыс кезеңінде 1-10-сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам оқушыға қауіпсіз әрі шуақты демалыс сыйлауды жоспарлап отыр. Басқарманың баспасөз қызметі ұсынған хабарламада «Білім беру ұйымдарының жанынан төмендегідей лагерьлер ұйым­дастырылады: 92 мектеп жанындағы ла­герь – 55 200 оқушы, 192 бейінді лагерь – 11 520 оқушы, 10 тақырыптық жоба – 142 298 оқушы, 1 қала сыртындағы лагерь – 1 400 баланы қамтиды. Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді» деп жазылған. Сонымен қатар елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқамерзімді үйірмелер жұмыс істейді.

Елорда мектептерінде 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жазғы лагерьлерді халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрі негізінде жасақтау дәстүрге айналып келеді. Қалада ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруді мақсат еткен этностильдегі лагерьлер қатары артып келеді. Солардың бірі – Смағұл Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназияның жанынан құрылған «Атамекен» этнолагері. Мұнда жазғы демалысын пайдалы әрі көңілді өткізгісі келетін балаларға арналған түрлі үйірме бар. Тіл үйірер тамағы мен бой сергітер спорттық ойындар, түрлі тақырыптағы іс-шаралар мен жарыстар оқушыларды қызықтырмай қоймайды. Осы мектеп-гимназияның директоры Қарлығаш Жанғазақова былтыр этонолагерьде 90-нан астам оқушы демалғанын айтты.

– Лагеріміздің басты мақсаты негізінен білім алушыларды еңбексүйгіштікке, отбасылық өмірге даярлау, туған жерді қастерлеу, ұлттық құндылықты дәріптеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына дарыту болып табылады. 2024-2025 оқу жылында жазғы этнолагерімізге 100-ден астам оқушыны қабылдасақ деп отырмыз. Оқушылар үшін қауіпсіздік техникасы мен тәртіп ережелерін сақтау үнемі бақылауда, жіті назарымызда болады, – деді директор.  

Мектептің ауласында қазақ ауылының барлық көрінісін қамтыған этностильдегі лагерь көркін ақшаңқан киіз үй аша түскен. Киіз үйдің жанына алтыбақан тұрғызылып, жер ошақ орнатылыпты. «Атамекен» аталған бұл этнолагерьдің төрайымы – мектеп-гимназияның Көркем еңбек пәні мұғалімі Ләззат Атыбайдың айтуынша, аула ортасындағы киіз үйде күн сайын мектеп мұғалімдері мұқият жоспарлап, ұйымдастыратын түрлі іс-шара өтеді. Қыздар киіз басып, ұршық иіруді үйренсе, ұлдар қамшы өріп, ат әбзелдерін жасауды меңгереді. 

– Дәстүрмен ұштасқан лагерь үш ай бойы жалғасын табады. Бір маусым екі аптаға созылып, осы уақыт ішінде үздік нәтиже көрсеткен балаларға марапаттар да ұсынылады, – деді мұғалім. 

Балалардың ұлттық дүниетанымға деген көзқарасын қалыптастырумен қатар, денсаулыққа да көңіл бөлу тамақ мәзірі мәселелері қатаң бақыланады. Спорт­тық секция жетекшілері оқушылармен жат­тықтыру жұмыстарын жүргізеді. Оқу­шы­лардың денсаулықтарын нығайту, таңдап алған спорт түрлерінен қабілеттерін дамыту, халықаралық аренада спорт түрлерінен халқының намысын қорғайтын мықты ұл-қыздар өсіру, спортты насихаттау мәселелері де басты назарда. Сондай-ақ мұнда оқушылар арасында асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырып, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» озаттарды марапаттау дәстүрге айналған екен.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ