Жайықты бойлай жүріп келеміз. Ана жерде үйінді, мына жерде үйінді. Айнала толған қоқыс. Желмен ұшқан қағаз, пакет дегендер өзімізге соғылып, аяққа оралып қалып жатыр. Алып тастап, әрі аттап, бері аттап әлі жүріп келеміз.
Жапандағы жалғыз саяжай
806
оқылды

Белгілі мекенжайдың қарасы көрінгендей болды. Қираған үйінді мен қоқыстың ортасында жалғыз үй тұр. «Міне, біз іздеген үй – осы» дедік ішімізден. Қателеспеппіз. Бұл – Орал қаласындағы саяжайлардың қазіргі көрінісі. Былтырғы алапат тасқында үйлері суға кеткен үш мыңға жуық саяжайлық үйлі болып көшіп кетті. Олар ескі үйлерін мемлекетке тапсырып барып, жаңа қонысқа көшті. Енді мемлекет сол үйлерді бұзып, орнын тазалап жатыр. Бірақ.... иә, бәрі сол бірақтан басталады. Саяжайдағы халықтың бәрі бірдей үйлі болмады. Үйі суға кетсе де, апатты деп танылса да үйсіз қалғандар жетеді. Енді қазір олар осындай үйіндінің ортасында тұрып жатыр. 

Үй иесі бізді жылы қарсы алды. Бізді төрі­не шығарып жатып, «Бұл үйді 2013 жылы салып едім» деп әңгімесін бастап келіп жіберді. Үйдің ішіндегі сыздың иісі қолқаны қабады. Ауасы да дымқыл тартып тұр. Құдды енді қызып келе жатқан мон­ша­ның ауасы іспеттес. 

–Үйді қараған комиссия апатты деп таныды. Бұл саман тастан  салынған үй. Суға кеткесін болды ғой, үйдің жағдайын көріп тұрсыздар. Таңертең ұйқыдан тұрғанда төсек-орындарымыз дымқыл тартып тұрады. Күнде сыртқа шығарып кеп­тіреміз. Үйдің іші сыз, үлкен балам бұрыннан жүре­гі ауырады, үшінші топтың мүгедегі. Мына үйдегі сыз оның денсаулы­ғына кері әсер етіп жатыр. Жөтелі күшейіп, жақында тағы ауруханаға жатып шықты. Үйімізді апатты деп таныса да мемлекет үй берген жоқ, – деп қынжылады үй иесі Серік Ермек­қалиев. 

Комиссияның үйді бермеуіне төтенше жағдай кезінде үйдің құжатын қайта жасатуы себеп болыпты. Былтырғы тас­қын кезінде БҚО бойынша табиғи сипат­тағы төтенше жағдай жарияланғаны бел­гілі. Осы уақытта үйдің құжатын қайта рәсімдегені үшін кей адамдар баспаналы болу құқығынан айыры­л­­ып отырған жайы  бар. Сондай жандардың бірі –  Серік мырза. 

–Үй баламның атында болды. Былтыр су тасқыны кезінде үйді менің атыма аудар­тып едік. Себебі балам ауылда тұрады, ал оның үйі бар. Ал мынау – біздің отбасы­ның жалғыз баспанасы. Біз қазақ ешқашан үйді ата-ананың атына жазбай­мыз, баланың атына жазамыз. Сол «тө­тен­ше жағдай кезін­де құжаттарды кері жаса­дыңдар» деп үй бермей отыр. Комис­сия мүшелеріне үйі­міз жоғын дәлелдейтін барлық құжатты тапсырдық. Сонда да комиссия бізге үй берген жоқ, – дейді үй иесі.

Серік Ермекқалиев қазір құжаттарын сотқа әзірлеп жатыр. Қалалық әкімдіктің шешімімен наразы тұрғындардың сот арқы­лы құқығын қорғап шығып жатқаны баршылық. Саяжай тұрғыны Серік Ермек­қалиев та  әкімдіктің шешіміне келіспей отыр. Апатты деп танылған үйде тұру мүм­­­кін емес екендігін біз де көрдік. 

Жалпы былтыр су тасқынынан кейін үш мыңға жуық адам баспаналы болды. Алайда  үйі суға кетсе де,  апатты деп тан­ыл­­са да, баспаналы бола алмағандар да баршылық. Олардың  бәрі заңгер жағалап, соттың табалдырығын тоздырып жүр. 

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Бауыр­жан Ахметжанның алдына күніне  мың­даған саяжай тұрғыны келеді. «Қазақтың басты проблемасы – құжат» дейді заңгер. 

– Бұл су тасқыны көп нәрсені үйретті, түсіндірді. «Су тасқынының пайдасы бол­ды» деп айтар едім. Әрине, халыққа ауыр тиді. Бірақ егер осындай табиғи сипаттағы төтенше жағдай болмаса, біз елдегі заңдар­дың қалай жұмыс істейтінін білмес едік, саяжайларды қолдану ешқашан реттелмес еді. Қазір мемлекетке де, ха­лық­қа да су тасқыны үйреткен тәжірибе жетеді. Қазір Үкімет саяжайлардағы жер телімдерін рет­теу туралы заң жобасын қарауды тапсыр­ып жатыр. Саяжайлар бір ретке келтіріледі деп үміттеніп отыр­мыз, – дейді заңгер Бауыржан Ахметжан. 

Бір жылдан бері саяжайлықтардың ісімен айналысып жүрген заңгер үшін бұл тақырып таңсық емес. Әр саяжайлықты жалғызындай көріп, заңгерлік кеңес беріп, сотта да сүйемелдеп келеді. Су тас­қыны қа­заққа құжатқа мұқият болуды үйретті деп күледі заңгер өзі.

– Ал халыққа бұл нені үйретті? Енді адам­дар құжатқа мұқият болады. Неге? Се­бебі кешегі су тасқыны кезінде үйлері суға кетсе де, апатты деп танылса да, үйсіз қалған қазақ жетеді. Оған өздері кінәлі. Комиссияның алдына барып, сол үйдің иесі екенін де дәлелдей алмай отыр. Себебі құжаты түгел емес. Үй салған жер­дің актісі жоқ, үйдің де құжаты жоқ. Сызбасы да жоқ.  Оған енді түрлі себеп бар. Саяжайлар­дағы жерді рәсімдеуге жарияланған мора­торийдың да салқыны тиіп жатыр. Мора­торий болып, көбі рәсімдей алмаған. Бірақ сол әкімдікке барғанын, арыз жаз­ғанын да дәлелдей ал­май жүр. Себебі тек ауызша жасайды бәрін. Е-өтініш арқылы жіберген бір арыз­дары, не құжаты жоқ. Тіпті, 25 жыл бұрын ажырасқан күйеулерімен де заң жүзінде ажырамаған отбасылар бар болып шықты. Ол бірінші күйеуінен 25 жыл бұрын кетіп қалған. Балаларын өзі өсіріп, бағып қағып, саяжайдан үй салып алған. Су тасқыны кезінде үй алайын десе, бұрын­ғы күйеуінің атындағы баспана базада шығып тұр. Ол әйел мен одан 25 жыл бұрын кетіп қалғам, қазір оның өз от­басы бар деп шырылдайды. Ал құжат бойын­ша екіге кетпеген. Құжатпен істері жоқ адамдар көп. Соның кесірінен қазір сот­пен екі ортада жүр. Мен әр адамға құжатқа мұқият болыңдар дегім келеді.Қазір бәрін Е-өтініш арқылы жасап, тіркеп отыру  керек. Заман сондай, –  дейді қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Ахметжан. 

Қазір саяжайда қалған тұрғындарды бір ғана нәрсе алаңдатып отыр. Енді сая­­жай­лардың ертеңі не болады? Әр жер­де шахмат тақтасындай пытырап қалғ­ан үйлер мен босаған жерлер. Қалалық әкімдік босаған үйлерді бұзып алып жатыр. Орын­дарын тазалап кетеді. Ал артында әр жерде шашырап бір баспана тұр. Ал саяжайдан босаған жерді не істейді? Біз бұл сұрақты қала әкімінің орынбасары Азамат Халеловке қойдық.

– Саяжайдағы барлық жер телімдері мем­лекет балансна толықтай өтті. Енді ол жерде қайтадан үй салуға рұқсат беріл­мейді. Бұрыннан үйлері бар, жерлері бар адамдар тұра­мыз десе қарсы бол­маймыз. Себебі жеке үйі, өзі біледі. Бірақ жауап­кершілікті өзі алады. Егер тағы су келіп, тасқын болып, сол саяжайдағы үйі суға кетсе, биылдан кейін үй салғандар өздері жауапты болады. Саяжайлардың бәрі де Жайық өзенінің жайылымдарында орна­ласқан. Суға кету қаупі жоғары. Қазір былтырғы суға кеткен үйлерді бұзу жұмыс­тары әлі жүріп жатыр. 38 мердігер компания бүгінгі күнге дейін 1100-ден астам үйді бұзып шықты. Бұзатын үйлер әлі де бар. Үйлердің арасында тұрып жатқан тұрғындар болғандықтан бәрін бір күнде бір ретпен бұзып тастауға болмайды. Босаған  жерді не істейміз? Мұның алгоритмі әлі шық­пады. Тек мемлекет балансына қа­былдап жатырмыз. Орман шаруашылығы­на бер­гіміз келген. Арасында тұрғын үй бол­­ған соң, оған да беруге болмайды.  Боса­ған жерлерді мүмкін жылыжай салып, жеміс-жидек, көкөніс егемін дейтін кәсіпкерлерге беретін шығармыз. Себебі саяжайдың жері де соған арналған ғой негізі. Әрі елде таза өнім болар еді. Қазір ол жерді не істейсіздер деген сұраққа нақ­­ты жауап жоқ. Себебі біз барлық нұс­қаларды қарастырып жатырмыз, –  деп атап өтті Азамат Халелов. 

Әкімдіктің өкілі комиссия шешіміне келіспеген тұрғындар сот арқылы құқығын қорғап жатқанын, соттың шешіміне сәйкес баспана беру мәселесі әлі де өзекті екенін жеткізді. БҚО Прокуратурасы да су тасқын­ы­на қатысты арыз-шағымдар әлі күнге тіркеліп жатқанын айтты. Қала­лық прокура­тура заң аясында 275 тұрғын­ның құқығын қорғап шыққан. Бұл құжаттар сотқа жетпей, прокуратура­ның араласуы­мен реттеліпті.

– Комиссия шешіміне  келіспеген тұр­ғын­дар прокуратураға арыз жазды. 275 саяжайлық прокуратураның арала­суынан  кейін үйлі болды. Олардың құжат­тарында проблема болды. Мәселен, 30 жыл бұрын ауылда тұрған. Қалаға келіп саяжайдан жер алып, үй салған. Бірақ ауылдағы үйді базадан шығармаған. Ал 30 жылдан кейін ол үй базада шығып тұр. «Баспанасы бар» деп көрсетіліп тұрған соң, комиссия үй беруден бас тартқан. Біз тексерсек, ауылда ол үй жоқ. Баяғыда  тып-типыл болған. Осындай факт өте көп болды, –  дейді Орал қаласы прокур­оры­ның орынбасары Дастан Айтжан. 

Саяжайда қалған тұрғындардың өмірі де алаңдатып отыр. Себебі әр жерде  бірен-сараң үй қалған. Ол үшін жарық, газ беру, балаларын мектеппен екі ортаға тасымалдау деген бар.  Саяжайда нақты қанша адам үйсіз қалды деген сұраққа ешкім жауап бермеді. Бір нәрсе ақиқат –  әкімдікпен соттасып жатқан тұрғын­дардың  бар екені.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы