Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік деп танылған «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері Ақтөбе облысында Ұлы жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен халықаралық деңгейде өтетін он бірінші «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық дала жиынына жолдама алады.
– «Жас сарбаз – жеңіс рухының жалғасы» атты дала жиынына Астана қаласының 150-ден астам «Жас сарбаз» тәрбиеленушілер қатысып жатыр. Ақтөбе облысында өтетін он бірінші «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық дала жиынына Астана қаласынан іріктеуде оза шапқан төрт команда барады. Осы үш күнде жастар кермеде тартылу, қаруды шашып қайта құрастыру, интеллектуалды және спорттық ойындар, smart сарбаз секілді сайыстарда бағын сынайды. Шараның мақсаты – жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен қатар идеологиялық жұмысты жүргізу, әскери рухты көтеру, – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп, айбынды елдің айбарлы ұрпағын тәрбиелеуде дәстүрге айналған дала жиыны биыл жетінші рет өткелі отыр. Жастар саясаты ел ертеңін тәрбиелеудегі ең басты бағыт болғандықтан, Астана қаласының әкімдігі әрдайым әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөледі. Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Жүсіпов:
– Жыл сайын астаналық «Жас cарбаз» тәрбиенушілер қатарына 1000-ға жуық жастар қосылады. Үш күндік іріктеу кезеңінің жеңімпаздары Ақтөбеде «Айбын-2025» халықаралық жастар жиынында Астана қаласының абыройын қорғайтынын ескере отырып, жастарға сәттілік пен ел абыройын әрдайым жоғары ұстауды тілеймін, – деді.
Айбынды ұранмен басталып, әскери-патриоттық ән-бимен көмкерілген «Жас сарбаз – жеңіс рухының жалғасы» дала жиынында кіл мықтылар сынға түсіп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, жауынгерлік рух ұшқынын сезіне алды десек, артық емес.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ