Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Қырғызстанмен және Түрікменстанмен ынтымақтастық туралы халықаралық құжаттарды ратификациялады, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету және инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру туралы заңдарды екінші оқылымда қабылдады.
Инновациялық қызмет саласы жетіледі
179
оқылды

Мәжіліс 2024 жылғы 19 сәуірде Ас­та­нада қол қойылған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады. Ол туралы Сыртқы істер министрінің бірін­ші орынбасары Ақан Рахметуллин баяндама жасады. Құжаттың мақсаты – екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға қо­сым­ша серпін беру.

Жұмыс тобының жетекшісі Самат Нұртаза қосымша баяндамасында құжаттың ынтымақтастық салалардың кең ауқымын қамтитынын және оның аясында бірқатар екіжақты келісім іске асып жатқанын атап өтті. Қазір тараптар арасындағы шарттық-құқықтық базада 150-ге жуық екі­жақты құжат бар.

– Келісім саяси, экономикалық, көлік, су-энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ екі елдің бауырлас халық­тарының рухани және мәдени жақындығын нығайту мәселелерінде ынтымақтас­тықты нығайтуға екі жақтың бейіл­ділігін рас­тайды, – деді Мәжіліс де­путаты.

Сонымен қатар тараптар терроризм, экстремизм, сепаратизм, трансұлттық ұйым­дасқан қылмыс және басқа да тәуекелдерді қоса алғанда, қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен қауіпсіздікке қарсы тұруға баса назар ау­дарады.

Талқылау барысында депутат Ирина Смирнова екі ел басшысының Қазақ­стан мен Қыр­ғызстан арасындағы өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғай­ту жөніндегі тапсырмасы қалай шешіліп жатқанын, қандай серпінді жобалар мен бастамалардың жүзеге асырылып жат­қанын және жоспарланғанын сұрады.

Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтың айтуынша, серпінді жобалардың бірі – Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен. Оның құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Сонымен қатар Қазақстанның мұнай-химия, химия, металлургия, фармацевтикалық және азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ көлік құралдары мен құрылыс тауарларын экспорттау мүмкіндігі жоғары.

Мәжілісмендер 2024 жылғы 10 қа­зан­да Ашхабад қаласында жасалған Қазақ­стан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы инвес­тицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді де ратификациялады. Құжат бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

 – Келісімнің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы инвестициялық қызметке қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Қазақ­стан мен Түрікменстан инвестор­ларына өз мемлекетінің аумағы шегінде әділ әрі тең құқықты режим мен кауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді жұмыс тобының жетекшісі Б.Керімбек.

 Оның айтуынша, құжатта екі елдің инвес­торлары үшін қолайлы инвестициялық орта құруға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін негіздік шарттар мен кепілдіктер қарастырылған.

 Жалпы отырыс барысында Мәжіліс инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзе­тулер бірыңғай ин­новациялық клас­тер құру және оған қатысу­шыларды кеңейту арқылы инновациялық қыз­мет жағдайын жақсартуға арналған.

 Жұмыс тобының жетекшісі Айтуар Қошмамбетов заң аясында «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры мен «Астана хаб» халықаралық технопаркі біріктірілетінін айтты. Бұл ретте барлық қатысушы үшін бірыңғай құқықтық база мен ортақ преференциялар құрылады, ал біріктірілгеннен кейін қолданыстағы жеңілдіктер мен қолдау құралдары сақталады.

 Басқа түзетулер «Ұлттық инновация­лық жүйенің»  бірыңғай терезесі арқылы инно-

вациялық қызметті мемлекеттік қол­дау шара­ларын ұсыну рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Ол жер қойнауын пайдаланушылар мен ин­но­ваторларға ғылыми-зерттеу және тә­жірибелік-конструкторлық жобаларын, стартаптарды қаржыландырудың басқа да бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын бөлу мен игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді. 

Жалпы отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер де екінші оқылымда қабылданды. Ол міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру саласындағы мемлекеттік қызметтің құ­қықтық және ұйым­дас­тырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған.  

 Жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрымның айтуынша, заңда те­гін медициналық көмектің кепілдік бе­ріл­ген көлемі аясында және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылып отыр. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде бастапқы емдеу кезінде және әлеуметтік маңызы бар аурулардың ал­дын алу, диагностикалау және емдеу бойынша қызметтерді көрсету кезінде, сондай-ақ сақтандыру мәртебесіне қарамастан жеке скринингтік тексерулер кезінде бастапқы медициналық-санитар­лық көмектің базалық пакеті сақ­талады.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйе­сіне жарналар мен аударымдардың жоғарғы шегі жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы және қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленді. Бұл ретте 

«Д» және «Е» санат­­тарына жататын жұ­мыс­сыздар мен жұмыс істемейтін тұлғаларға (дағ­дарыс, әлеуметтік қамтудың төтенше дең­гейлері) жергілік­ті бюджет қаражаты есебінен жарналар енгізу ұсынылады. Сондай-ақ мәжілісмендердің бастамасымен 60 ай бойы үз­дік­сіз жарна төлеген тұлғалардың сақ­тан­дыру мәртебесі жарна төлеу тоқ­татылған сәттен бастап алты айға де­йін сақ­талады. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және денсаулық сақтау субъек­тілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты рес­ми интернет-ресурстарда міндетті түр­де жариялауға қатысты түзету енгізді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131 - конвенция) ратификациялау туралы; Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы заң жобалары.

Жалпы отырыс соңында мәжіліс­мендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жария­­ланды.