Мемлекет басшысы бұған дейін аймақтағы таза ауызсу мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырған болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылды. Президенттің төрағалығымен өткен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен орын алған олқылықтар сараланып, алдағы кезеңге міндеттер қойылды.
Ауызсу мәселесінің өзектілігі артуда
Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.
– Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыстауды Қазақстанның батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстаймын. Сондықтан бүгін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын егжей-тегжейлі талқылауымыз қажет.
Аймақтың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Былтыр бастапқы 9 айда өңірлік жалпы өнім 3,7 триллион теңгеге жетті. Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді, қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді.
Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдерісіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Сондықтан ауызсу мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын арта түседі. МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауызсу тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауызсу белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, мамыр айында аяқтау керек. 2023 жылы «Астрахань – Маңғышлақ» магистралды су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуын аса күрделі мәселе деп атап, Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суларын игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, экономикалық тиімділігін зерттеу қажеттігін ескертті.
– Сарапшылар Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тартуды ұсынып отыр. Су құбырының ұзындығы шамамен 1 400 шақырым болады, су өткізу мүмкіндігі – күніне 170 мың текше метр. Сол арқылы 1,2 миллион адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Ақтау қаласындағы су құбыры желісі әбден тозған, тозу көрсеткіші – 77 пайыз. Соның кесірінен судың 16 пайызы ысырап болып жатыр. Аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуы аса күрделі мәселе. Мәселен, су құбыры Ақтауда – 77%, Жаңаөзенде 59 пайыз тозған. Ал кәріз желісі Ақтауда – шамамен 76%, Жаңа-өзенде 72 пайыз тозған. Шалғайда тұратын малшылардың өз бетімен құдық қазу туралы бастамасын қолдаймын. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қажет деп отыр, кемінде 50 малшы суға қол жеткізеді екен. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкіммен бірлесіп бұл мәселені пысықтауы керек, – деді Президент.
Жылу желілері жаңғыртылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауды жылумен қамту және тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне назар аударды. Қазір Ақтауға «МАЭК» компаниясы жылу береді. Бірақ облыс орталығы тез өсіп жатыр. Қаланы жылумен толық қамтамасыз етуге кәсіпорынның қуаты жетпейді.
– Былтыр Ақтауда ұзындығы 12 шақырым болатын жылу желісі салынып, жаңғыртылды. Нәтижесінде, қалаға жылудың дұрыс жетуіне мүмкіндік туды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуы керек. Былтыр облыста 846 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, жоспардан 20 пайызға артық. Дегенмен облыстағы тұрғын үй қорының 7 пайызы әбден ескірген. Көппәтерлі 177 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне айрықша назар аудару керек. Ақтауда үлескерлер қаржы салған 6 үйдің құрылысы бітпей тұр. Орынсыз, яғни бей-берекет салынған құрылыс нысандары да бар, – деп Президент Үкіметке әкімдікпен бірге нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін ескертіп, Үкіметтің өрескел қателігін сынға алды. Президент бұл нысанды 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма берген болатын. Мердігермен келісімшартқа былтыр ғана қол қойылған. Енді зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға созылып отыр. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек.
Өңдеу секторы жаңа жұмыс орындарын ашады
Президент жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторының, кәсіпкерлікті дамытудың маңызына тоқталды. Қазір облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 миллиардқа өсіп, 2,2 триллион теңгеге жетті. Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Қазірдің өзінде 12,5 миллиард теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, жақын арада Mangystau Business бағдарламасы іске қосылады. Осы ауқымды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болады.
– Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшылығы, азық-түлік импортына тәуелділік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органның бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы. Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғн, 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет, – деді Президент.
Транзиттік әлеуетті арттыру қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажеттігіне ерекше тоқталды.
– Маңғыстау облысы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру ісінде маңызды рөл атқарады. Бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық көлік дәліздері тоғысқан бірегей жер. Біз теңіз инфрақұрылымын, соның ішінде Ақтау және Құрық порттарын дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Осы айлақтар Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады. Соңғы жылдары бұл дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Тасымал құны тұрақталды. Озық технологиялар жаппай енгізіле бастады. Халықаралық логистикалық компаниялар еліміздің көлік саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Олар, әсіресе, теңіз порттарын дамыту ісіне қаржы құюға мүдделі. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, шетел инвесторларымен белсенді жұмыс істеуі керек. Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретіндегі рөлін арттыра түсу қажет. Көлік, темір жол және теңіз порты инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды тездетіп жүзеге асыру керек. Биыл Құрық-Жетібай тасжолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап кірісуді тапсырамын. Темір жол бекеттерін жаңғырту және жаңарту жұмысы басталды. Еліміз бойынша 125 вокзалды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе бекеттері бар. Жолаушыларға, әсіресе, өз бетімен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасалады. Бұл шаралар облыстағы және жалпы еліміздегі көлік қатынасын жақсарта түсетіні сөзсіз. Алты жылдан бері тоқтап тұрған «Бейнеу астық терминалы» биыл қаңтарда іске қосылды. Қазір онда бір мезетте 100 мың тонна астық сақтауға болады. Сондай-ақ күніне 150 тонна – ұн, 50 тонна жем шығаруға мүмкіндік бар. Ал жаңғырту жұмысынан кейін бұл көрсеткіштер 400 тонна ұн және 100 тонна жемге дейін артады. Астық терминалының қуатын арттырып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн. Оны құрлықтағы Өткел кешені ретінде пайдалану қажет. Сол арқылы Каспий маңындағы елдерге өз өнімдерімізді экспорттай аламыз, – деп атап өтті Президент.
Біз – әлеуметтік елміз
Мемлекет басшысының облыстағы білім сапасын жетілдіру жұмысының нәтижесіне көңілі толмады. Аймақта 46 мың бала (93,9%) балабақшаға барады, бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр. Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған.
– Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі. Биыл қаңтар айындағы тестілеуге 8 мыңнан астам оқушы қатысқан. Оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмаған. Облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі. Тіпті, Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешілмеді. Білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы қабылданды. Алайда нақты нәтиже жоқ, – деп Президент «Самұрық-Қазына» қорына облыс әкімдігімен бірлесіп жайлы мектептердің құрылысын тездетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы облыстың денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді де атап көрсетті. Соңғы жылдары аймақта сәби өлімі азайды, бірақ елдегі жағдаймен салыстырғанда бұл көрсеткіш бәрібір жоғары болып отыр. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайғанымен, ауруын асқындырып алғандар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді. Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр.
– Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Әлеуметтік саланың маңызы айрықша, біз – әлеуметтік елміз. Қандай жағдай болса да, мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемені орындайды. Мұқтаж жанның бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Өкінішке қарай, мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдем алу болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті, әлеуметтік алаяқтық пайда болды. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Шын мұқтажға көмек берілуге тиіс. Әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек, – деді Президент.
Туристік аймақты дамытуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атап, туризм саласына жеке инвестиция тарту мәселесіне тоқталды. Үкіметке «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспарын маусымда шұғыл аяқтауды тапсырды. Былтыр облысқа шетелден 43 мың, ал еліміздің басқа аймақтарынан 460 мыңға жуық турист келген, соңғы үш жылда олардың саны 1,5 есе артты. Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақтыдағы «Қамалдар алқабына» және Торыштағы домалақ тастарға туристер өте көп барады. Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс орындарының экология талаптарын міндетті түрде сақтауға тиіс екенін, аймақтағы экология мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.
– «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасына қатысты түйткіл талайдан бері шешімін таппай келеді. Онда Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына қарасты 3 зауыттан шыққан 105 миллион тонна қалдық жатыр. Бұдан бөлек, аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар да көп. Жалпы, облыста қоқыс тастайтын 68 рұқсат етілмеген орын бар. Оның алпысы жойылды, сегізі кәсіпкерлерге тиесілі жерде орналасқан. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл мәселе бойынша Үкімет тоқсан сайын маған тікелей баяндауы керек. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру ісін жалғастыру қажет. Ақтауда ағаштарды көбірек отырғызуға тырысу керек. «Таза» деген – киелі сөз. Бұл ұғым халқымыздың болмысының бір бөлігі болуы қажет, – деді Президент.
Жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Премьер-Министрдің орынбасарлары Қанат Бозымбаев пен Ермек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады.
Инвестициялық жобаның пулы жасақталады
Мемлекет басшысына Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында аймақтағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Өңірдегі ірі инвестициялық жобалар қатарында Ақтау қаласындағы қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы, мультимодальды логистикалық-авиациялық хаб, кеме құрастыру верфі, бекіре балығын өсіру және уылдырық өндіру шаруашылығы, «Бозжыра» визит орталығын салу, сондай-ақ аммиак-карбамид кешені іске қосу секілді елеулі жобалар бар. Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр аймақ экономикасына 1,1 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құны 36 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған. 5,7 трлн теңгеге 55 әлеуетті инвестициялық жобаның пулы жасақталды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда маңызды рөлге ие басты логистикалық хабтың бірі – Ақтау халықаралық теңіз портына барды. Көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 миллион тоннаны құраған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады.
Сонымен қатар Президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысты. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысан аймақта алғаш рет салынып отыр. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Әуежай сағатына 150 жолаушы қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен және көпфункционалды спорт кешенінің қызметімен танысты. Президент жергілікті спортшылармен, студенттермен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін офицерлер мен сержанттарға II дәрежелі «Айбын» ордені, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары тапсырылды.
Айдана НҰРМҰХАН