Әнші ата-анасының 40 жыл бойы екі жақта жүріп, әкесі дүниеден өтер алдында бірін-бірі кешіріп үлгергенін айтады.
«Өз сөзім өзіме тиді»: Айгүл Иманбаева әкесіне айтқан сөзі үшін өкінді
Фото: instagram.com/aigul_imanbayeva
6,922
оқылды

Актриса Айгүл Иманбаева Қазақстан ұлттық арнасындағы "1001 түн" бағдарламасында шетелде жүріп, әкесін жерлеу рәсіміне қатыса алмағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айтуынша, бұған құжат мәселесі себеп болған. Өнер иесі әкесінен көзі тірісінде бата алғанын жеткізді. 

"Әкем маған шын жүрегімен батасын беріп кетті. Ол мен үшін өте маңызды еді. Сол бата арқылы бүкіл өмірімнің кілті ашылғандай болды. Осы жасымнан кейінгі өмірімнің кілті әкемнің қолында болғандай. Әкем алдағы жолымның барлық есігін ашып кеткендей болды. ...Мен енді оны қазір түсініп отырмын. Ал дәл сол сәтте маған өте ауыр тиді. Біріншіден, менің өз сөзім өзіме келіп тиді. Мен әкеммен табыспай тұрғанда қатты ұрсысып, балалық ренішпен "Өлсеңіз, топырақ салуға келмеймін" дегенмін. Сол сөзімді Құдай қабыл етті ме, мен шынымен әкемнің жерлеуіне жете алмай қалдым. Себебі шетелде жүріп, Англияның мәдениетімен танысу үшін Шенген визасына құжат тапсырып қойғанмын. Құжаттарым Францияда. Дәл сол сәтте туысқандарым жан-жақтан хабарласып әкемнің қайтыс болғаны туралы суық хабарды жеткізіп жатты. Әкемнің екінші әйелінен туған қызы – сіңілім Райхан да хабарласты. Келейін десем, құжатым жоқ, амалсыз жете алмадым. Қалай құжатым қолыма тиді бірден ұштым. Әкемнің жеті күндігіне ғана үлгердім", – дейді әнші.

Ата-анасының 40 жыл бойы екі жақта жүріп, әкесі дүниеден өтер алдында бірін-бірі кешіріп үлгергенін айтады. 

"Ауруханаға жатар алдында, бір күн бұрын мамамның үйіне келіп қоныпты. Екеуі таңға дейін отырып шай ішкен, әңгімелескен, бір-бірінен кешірім сұраған. Мамам да бар дәмдісін алдына қойып, таңертең дәрі-дәрмегіне ақша беріп шығарып салыпты. ...Менің түйгенім – адам баласының арманы біткен күні өмірден өте береді екен. Сол себепті сөзге ие болу керек екен", – дейді актриса. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.