Ғаламның терең түкпірлерінен Жерге қарай миллиондаған аспан денелері ұшып келіп жатады. Олардың көпшілігі атмосферада толық жанып кетеді. Жанып үлгермейтін ірі астероидтар да болады.
Берлиннің үстінде астероид жарылды: оның қалдықтары қымбатқа бағалануда
Жерге жақындап қалған астероид. Иллюстрация indicator.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Pixabay
3,669
оқылды

Қаңтардың 21-інде Берлиннің үстінде астероид жарылды. Бұл оқиға туралы BGR сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz әлемді таңғалдырған астероидтың физикалық сипаттарымен таныстырады.

Берлин тұрғындары жанып кеткен астероидтың қалдықтарын қаланың шеткі аудандарынан іздеуде. Ол өте қымбат болуы мүмкін. Фото sb.by сайтынан алынды 

21 қаңтарға қараған түні Берлин үстінде астероидтың жарылуы әлемді тағалдырды. Бұндай астероидтар қалалардың үстінде бұрын да жарылған болса да, 2024 BXI деп аталатын астероидтың кенеттен Жерге бағыт алғаны мен оны астрономиялық орталықтардың байқамай қалғаны мамандардың таңданысын туғызды. 

Бұл 2024 BXI кішкентай астероидын бірінші болып өзін астероидтар аңшысы деп атаған, Венгриядағы Пискестете тау станциясының астрономы Кристиан Шарнецки байқаған. Ол Будапешттегі Конкоя обсерваториясының 60 сантиметрлік Шмидт телескопының көмегімен астероид Жер атмосферасына кіруге шамамен үш сағат қалғанда тапқан.

Шарнецкиден кейін көп ұзамай NASA өз есебімен бөлісіп, оның Берлиннің батысында 20 қаңтарға қараған түні ешқандай зиян тигізбей отты шар болып жанып кететінін жариялаған.

Берлиннің үстінде жанып кеткен астероид. Фото 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: twitter.com / YWN Reporter

Осы оқиғаны соншалықты қызықты ететін жағдай – астероидтың Жерге соқтығысудан бірнеше сағат қана бұрын ашылғаны. Әлбетте, егер ол үлкенірек болса оны байқау оңай болар еді.

Дегенмен, диаметрі 1 метр деп болжанған 2024 BXI кішкентай астероид Жерге өте жақын келгенше оны ешқандай астрономиялық орталықтар байқамаған.

Астроном мамандар осыған ұқсас жағдай 2022 жылы болғанын айтуда, ол кезде шағын астероид Жерге құлауға екі сағат қалғанда ғана табылған. Шарнецки кезінде осы астероидты да алғашқылардың бірі болып байқаған. Сондықтан оның өзін астероидтар аңшысы деп атауы де тегін емес.

Астероид (951) Гаспра. Фото  solarviews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA

Әрине, бұл оқиғадан кейін көпшіліктің ойында бір сұрақ туындайды. Жердегі тіршілікті жойып жіберетін үлкен астероидты ғалымдар дер кезінде байқап, оған қарсы қорғаныс шараларын қолданып үлгере аламыз ба?

Ірі аспан денелерінің Жерден ғарышқа бағытталған телескоптарға көрінбей жасырын келуі екіталай болғанымен, кейбір астероидтар Күннің жарқыраған жарығында жасырынып, біздің планетаға тым жақын келуі де мүмкін екенін астрономдар жасырмайды.

Қалай болғанда да, Берлин үстіндегі астероидтың жарылуы Жерге жақындаған астероидтардың бәрі қауіпті емес екенін еске салады. Оларға ұқсас денелер миллиондаған жылдар бойы біздің планетамызға әсер етіп келеді.

Астероидтар белдеуі. Фото en.wikipediaderivative work сайтынан алынды. Авторлығы: InnerSolarSystem.png

Астероидтар белдеуі туралы қысқаша анықтама

Астероидтар белдеуі қайда орналасқан? Белдеу Марс пен Юпитер орбиталарының арасында орналасқан. Ондағы астероидтар немесе кіші планеталар пішіні дұрыс емес болып келеді. 

Белдеудегі барлық астероидтардың массасы Ай массасының шамамен төрт пайызына тең. Сонымен қатар, белдеу массасының көп бөлігі төрт ірі астероидта шоғырланған. Церера астероидтық белдеудегі ең үлкен және ең массивті дене болып саналады. Белдеудегі жалпы массаның үштен бір бөлігін (32%) құрайды. Қалған үлкен 3 астероидтар: Веста (9%), Паллада (7%) және Гигея (3%). Осы төрт астероидтың массасы астероид белдеуіндегі барлық денелердің  51% жетеді. Яғни астрономиялық тұрғыдан астероидтардың басым көпшілігінің массасы тым шамалы.

Белдеудегі бірнеше миллион астероидтардың көпшілігінің диаметрі бірнеше ондаған метрді құрайды. Бұл астероидтардың ғарыш кеңістігінің осы аймағында бір-бірінен алыс орналасқан. Сондықтан бүгінге дейін астероид белдеуі арқылы өткен ғарыш кемелерінің бірде-біреуі зақымдалған жоқ.

Үлкен комета соғылса қандай зардаптар болуы мүмкін екені мына видеода: