Қаңтардың 19 жұлдызы әскердегі тәрбиеші офицерлер кәсіби мереке ретінде атап өтеді. Ал әскери ортада отстав­ка­да­ғы пол­ковник Бастеми Дүй­сембаев туралы жылы лебізді көп естиміз. Ол – тәрбиеші офицер еді. Әріптестері оны әлі де құрметттейді.
Парасатты полковник
512
оқылды

Ол – әскери училище курсан­ты атанған 1974 жылдан бергі саналы ғұ­мы­­ры­­ның қырық жыл­дан астам уақытын ел қорғауға ар­наған азамат. Отаншыл перзент, мемлекет­шіл тұлға. 

1980 жылы Новосібір жоғары әскери-саяси училищесін үздік бітірген жас офицерге еңбек жо­лын Жамбыл облысы Қор­дай ауданы Гвардейск гарнизонында рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары лауазы­мын­да бастау бұйырған екен. Ал­ғашқы жылдар жас офицер үшін қалыптасу мектебі болды. Рота командирінің орынбасары бола жүріп ысылды. Алдағы асуларды аларлықтай тәжірибе жинақтады.

Кейін Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобында қызмет етті. Рота командирінің саяси бөлім жө­ніндегі орынбасарынан бастал­ған мансабы құрама коман­дирінің Тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстар жөніндегі орын­басары лауазымына дейін сәтті жалғасты. 

Бастеми Жантемірұлына 1982 жылы КСРО Қорғаныс министрі­нің бұйрығымен «аға лейтенант» әскери атағы мерзімінен бұрын берілген. Бұл сол тұстағы межемен алсақ, кез келген қазақ баласы үшін оңайлықпен қол жеткізер жетістік емес еді.

Кейіпкеріміз 1992 жылы туған елге оралған соң бір жыл уақыт Торғай облысы әскери комис­сарының әскери-саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл Қазақстан қарулы күштерінің құрылып жатқан тұсы болатын. Білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Әрі сол тұста әскеріміз кадр тапшылығын қатты сезінген еді. Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов жас офи­церлерге сенім артып, жауапты лауазымдарға тағайындай баста­ған уақыт. 

1993 жылы Сарыөзек құрама­сы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазы­мына тағайындалғанда Бастеми Жантемірұлы небәрі 37 жаста болатын. Ол бұл лауазымда 1998 жылға дейін табан аудармай 5 жыл тер төгіп, өз міндетін абыроймен атқарып шықты.

Сол жылдары құрама коман­дирі полковник Бақытжан Ер­таев­тың орынбасары болған Бас­теми Жантемірұлы білімі мен бі­лі­гін, жасымас жігері мен қажы­мас қайратын бір арнаға тоғыс­тыра білетін, дұрыс шешім қабыл­дай алатын басшы бола білді. 

1995 жылы Қорғаныс минис­тр­лігінің әскери алқасында ве­дом­ство басшысы Бастеми Жан­темір­ұлына «полковник» әскери атағын мерзімінен бұрын тапсыр­ды. Полков­ник Б.Дүйсембаев 1995 жылы Ресей Федерациясы­ның В.Ленин атындағы әскери-саяси академиясын бітіріп шық­ты. 1998-1999 жылдары ҚК бас штабында тәрбие және әлеумет­тік-құқықтық құрылымдарды құ­ру­ға ат салысып, бас­қарма бастығы болды. 1999-2002 жыл­дары ҚК Әскери полиция бас бас­қар­масы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыс­тар жө­нін­дегі орынбасары болып қызмет атқарып, әскери құ­қық қорғау орган­дарының тәр­бие құрылым­дарын құруға бел­сене қа­тысты.

Тәрбиеші офицердің мойы­нын­дағы жүк қашан­да ауыр. Жеке құрамның тәртібі, олардың ара­­сын­дағы моральдық ахуал, әс­кери қызметшілердің от­басы мүше­лерімен жұ­мыс­тың ұйымдас­ты­ры­луын қадағалау бірінші ке­зекте тұрады. Оған қоса, сыбайлас жемқор­лық оқиғаларының алдын алу іс-шаралары, жеке құрамға теріс діни ағымдардың ұлттық қауіпсіз­дікке тигізер залалы мен зардабын жеткізу басшыдан асқан ыждаһат­тылық пен білімді талап етеді. Бұл қасиеттердің бәрін кейіпкері­міздің бойынан оңай байқауға болатын. Бастеми Жантемірұлы­ның басшылығымен атқарылған жұмыс­тар нәтижесіз емес. Басшы ретінде мәдениет пен әлеу­меттік салаға да ұдайы көңіл бөлді. Үлкен іс-шара­лардың жоспарын өзі бекітіп, оның орындалуын жеке өзі қадағалайтын. Қай жерде қыз­мет етсе де, бөлімдегі офицерлерді мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға міндеттей білді. 

Полковник Б.Дүйсембаев 2012 жылы ақпанда Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Әскери кафедра бастығы болып тағайындалды.

Осы күні ойлап отырса, әскери қызметтің қиын­дығы мен қызы­ғын бірге көрген өмірлік серігі Сағила екеуі 17 гарнизон ауыс­тырып­ты. Ұлдары Арман мен Бауыр­жан да әке жолымен әскери саланы таңдаған. Бүгінде екеуі де – еліміздегі күштік құрылымдардың офицерлері.

Зейнет демалысына шыққан соң да іргелі әскери кафедраға он жылдай басшылық жасап, болашақ офицерлерді дайындауға атсалысты. Бүгінде ол Қарулы күштерге қатысты іс-шаралардың бел орта­сында жүреді. Жас ұрпақ тәрбиесіне арналған бастама­лардан аянып қалған кезі жоқ. Бір кезде «Сенім деген нәрсе адамның жүрегінде жанып тұрған шырақ секілді ғой. Оны өшіріп алмау керек» деп өзі айтқандай, әскери тәрбиеде полковник Бастеми Дүйсембаевтың жаққан шырағы сөнбесіне біз де кепілміз. 

Азат ҚАЗАҚ