Тағы бір университет жабылуы мүмкін
Тағы бір университет жабылуы мүмкін
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
432
оқылды

Министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті қайта тексеру нәтижесін хабарлады.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ЖОО-да профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, тексеру парағының 46 тармағынан 39 тармағы бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Кемшіліктерді жоюға уақыт берілді. Бірақ оқу орны білім берудің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмысты істемеген.

БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова: «Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламаларын, жеке оқу жоспарларын талдау белгілі бір пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылықтарды көрсетті. Тиісінше, білім алушылар пәндерді толық көлемде меңгермейді. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-і шекті деңгейден өте алмады», – деді.

Оқу процесінде талапқа сай келмейтін ескірген компьютерлер қолданылған. Бейіндік магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша да заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистр дәрежесі берілген.

Комитет университет лицензиясының қолданылуын тоқтатты. Бұдан әрі бас лицензиядан айырып, жоғары оқу орнын жабуы мүмкін.