Оқушылар мектеп партасына қайта отыра ма?
Оқушылар мектеп партасына қайта отыра ма?
334
оқылды

Пандемия білім сапасына кері әсерін тигізді. Мұны ата-аналар да, мұғалімдер де мойын­дап отыр. Қашықтан оқу кезінде ауылдың жағдайы тіптен қиын болды. Интернет іздеп, тау-тасты жағалап кеткендер қаншама?! Мұның бәрі сауат­сыздыққа, білім дең­гейінің төмендеуіне алып келгені жасырын емес. Алайда індет тоқтаған жоқ. Күн­нен-күнге өршіп барады. Мек­тепке баратын да күн алыс емес. Шілде-тамыз зуыл­дап өте шы­ғады. Қыр­күйекте оқушылар мектепке жинала ала ма? Көпті маза­лаған сауал – осы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында пандемия білім сапасына кері әсерін тигіз­генін айтып, өткен оқу жылын­дағы кем­ші­ліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймау керегін айтқан еді.

«Мұның бірден-бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу қажет» деген еді Мемлекет басшысы.

Ата-аналар балаларын мектепте оқытуға қарсы емес. Бірақ ол үшін барынша санитарлық талаптар ескерілуі қажет. Биыл кезекші сыныптардың өзіне көп бала жинала қойған жоқ. Соның өзінде ата-аналардың дені балаларының вирус жұқтырып алуынан қауіптенген еді. Оларды алаңдататын да осы дүние. Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия­ның директоры Аятжан Ахметжанұлы оқу­шылардың дәстүрлі оқу форматына көшкеніне қарсы емес.

«Жалпы, карантин өткен жылы тамыздан кейін білім саласында ғана болды. Балалар мектепке бармаса да, басқа жерде жүр. Есік алды толған бала, қосымша білім беру нысандары толған бала, ойын алаңдары толы бала, дәл қазіргі кезде бассейн, көлдің бәрінде бала-шаға толып жүр. Сонда бала мектепке келіп білім алса ғана вирус жұғу қау­пі бар ма? Карантин болса, барлық салада болса түсінуге болады. Ал тек студенттер мен оқушыларға шектеу қою тым ақылға сый­май­ды. Екіншіден, былтыр Еуропа мемлекеттері де, АҚШ-та да толық оффлайн білім берді», – дейді.

Сондықтан жұртшылық қарсы болса да, санитарлық талапты сақтай отырып, оффлайн білім алуға көшу керек деген пікірді алға тартады. «Бізде білім керек емес, жұрт өткен жылы кезекші сыныпқа баламды мектепке апаратын адам жоқ, онлайн оқи берсін деп апармай қойды. Таңдау қойса, білім аза береді. Үшіншіден, кез келген баланың әке-шешесі жұмыста, қоғамдық ортада жүр. Балалар да есік алдында топырлап жүр, өзгелермен қа­рым-қатынас бар. Сонда мектепке баруға шек­теу салу – ақымақтық болып сезілмей ме?», – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Ал білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы ата-аналардың балаларын мектепке жіберетініне сенімді болып отыр. «Мектеп ашылса, ата-аналардың балаларынан шаршаған бір бөлігі пандемияға қарамастан мектепке жібереді. Баласының денсаулығынан гөрі, құлақтары­ның тыныштығын көбірек ойлайтын ата-аналар баршылық», – дейді ұстаз.

Жандар Бекұлы – бес баланың әкесі. Ол балалары індет жұқтырып алмаса деп уайымдайды. «Егер мұғалімдер де, ата-аналар да вакцина салдырып, санитарлық талаптарды көбірек сақтаса, баламыздың денсаулығына алаңдамас едік. Қазір вакцина салдырғысы келмейтін ата-аналар бар. Қазір коронавирус­тың жаңа штамдары пайда болып жатыр. Тіпті, үнді штамы тез таралатыны туралы әңгіме көп. Біз дертті ауыздықтай алмасақ, балаларға жұқпасына кім кепілдік бере алады? Сондықтан мектепке баруға ата-ана да, мұғалім де, оқушы да дайын болуы керек. Әйтпесе, пандемияның білім сапасына кері әсерін тигізіп жатқанын біз де сезіп отырмыз», – дейді. Керісінше, баласының мектепте оқығанын қалайтын ата-аналар бар. Мәселен, төрт баланың анасы Айнұр Қалдыбекқызы: «Балаларым өткен оқу жылында оқығанының бәрін ұмытып қалды. Карантин кезінде үйге бір компьютер берілген. Соған таласып-тармасып, жөнді оқи алмады. Сатып алуға жағдай көтермейді. Пәтер жалдап тұратын ата-аналар үшін тіптен қиын. Бастауыш сынып балаларына қарағанда, үлкендердің сани­тарлық талаптарды сақтауға жауапкер­шілігі бар. Бүйте беретін болса, балалардың сауатсыз болатын түрі бар» деп қамығады. Махаббат Әлімбекова үш баласының болашағына алаңдайды. «Төртінші сыныпта білімді WhatsApp желісі арқылы оқыдық. Мұғалімдер үй тапсырмасын жазып береді. Кейде көп хабарламаның ішінен тапсырманы таппай қаламыз. Оның үстіне интернет те дұрыс істемейді. Тақырыпты дұрыс түсінбеген соң, үй тапсырмасын да дұрыс орындай алмай қаламыз», – дейді.

Білім және ғылым министрлігіне осы мәселеге байланысты сауал қойғанымызда, олар: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында штаттық форматта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Білім және ғылым министрлігі оқу жылының басталуына дайындық бойынша әдістемелік ұсыным әзірлеуде. Бұл ретте балабақшалар мен мектептерде санитарлық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге ерекше назар аударылады», – деп жауап берді.

Еуропаның көптеген елдерінде барлық санитарлық талапты сақтап, балалар мектепте оқыды. Мұғалімдер 10 күн сайын медицина­лық тексеруден өтіп тұрды. Жапония да қауіпсіздік шараларын сақтап, оқушылар мектепте білім алды. Канада мен АҚШ-та да оқу жылы дәстүрлі форматта өтті. Оған ата-аналар балаларының өткен оқу жылында білім деңгейінің төмендегенін, үйде отырып оқытуға мүмкіндігі мен уақытының жоқтығын айтып шағымданғаны себеп болыпты. Фран­цияда да оқу қалыпты дәстүрде өтті. Олар санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң ұстанған. Испанияда да мектеп қалыпты дәстүрлі форматта оқыды. Демек, бізде де санитарлық талап қатаң сақталса, дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндік бар.

Айым БЕКТҰР