Қытай құрамасында ойнағысы келетін ойыншылар Қытай мәдениетін, тарихын меңгеруі тиіс
Футболдан Қытай құрамасы 2022 жылы Катарда өтетін Әлем чемпионаты қарсаңында бразилиялық аяқдопшыларға азаматтық беруге кіріскен сыңайлы.
Мәселен, «Гуанчжоу Эвергранд» шабуылшысы Элкесон қазірдің өзінде Қытай құрамасына шақырту алған. Алдағы уақытта ұлттық құрама жейдесін тағы 8 шетелдік футболшы киюі мүмкін.

Бұған дейін Нико Йеннарис Қытай құрамасы жейдесін киген еді. Ол – «Арсенал» тәрбиеленушісі. Футболдағы жолын бала кезде Харри Кейнмен бірге бастаған.


Қазіргі таңда бірқатар бразилиялық футболшылар азаматтық рәсімдеу процесіне кірісіп кеткен. Британиялық қорғаушы Тайас Браунинг те Қытай құрамасына кандидаттар қатарында саналады. Қытай футбол федерациясының басшысы Чэнь Сююанның айтуынша, құрама Катардағы доп додасы алдында күшейгенді жөн санайды, бірақ ұзақ мерзімді көлеммен алғанда шетел футболшыларына арқа сүйеу жоспары жоқ екен.

Футбол федерациясының талабы бойынша Қытай құрамасында ойнағысы келетін ойыншылар Қытай мәдениетін, тарихын меңгеруі тиіс.
Ту мен елтаңба туралы да хабардар болып, әнұранды жатқа айтуы керек. Федерация шыққан тегі қытаймен қатысы бар шетелдік ойыншыларға азаматтық беру процесін барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізеді.