Қызметкерлердің бірі науқастың көлігін тізгіндесе, екіншісі қызметтік автокөлікпен арнайы жарық сигналдарын қосып, жол бойындағы қозғалысты реттеп, кедергісіз әрі жылдам жетуді қамтамасыз етті.
Қостанайда полицейлер жүргізушіні өлімнен құтқарып қалды
Фото: Polisia.kz
192
оқылды

Қостанайда патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, көлік тізгінінде келе жатқан кезде денсаулығы күрт нашарлаған 47 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz. 

Қызметтік міндеттерін атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлерінің жанына келіп, жеңіл көлік тоқтады. Көліктен шыққан әйел жолдасының рөлде отырған сәтте өзін жайсыз сезініп, инсульт белгілері байқалғанын айтып, көмек сұраған. 

Жағдайдың шұғыл екенін бағамдаған полицейлер азаматты дереу медициналық мекемеге жеткізу туралы шешім қабылдады. Қызметкерлердің бірі науқастың көлігін тізгіндесе, екіншісі қызметтік автокөлікпен арнайы жарық сигналдарын қосып, жол бойындағы қозғалысты реттеп, кедергісіз әрі жылдам жетуді қамтамасыз етті. Полицейлердің үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің нәтижесінде ер адам Тобыл қаласындағы жақын маңдағы ауруханаға жедел жеткізіліп, дәрігерлер қарауына тапсырылды. 

Кейін ол жансақтау бөліміне жатқызылып, қажетті медициналық көмек алды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.