НАТО құрамында мүше елдер артқан сайын ұйымның жылдам шешім қабылдауы баяулап, мобильділік төмендейді. Себебі әрбір маңызды қадам жасау үшін 30 елдің батасын алу керек. Ол ұзақ уақытты талап етеді. Алайда НАТО кеңейіп жатыр. Шығысқа қарай. Неге? Бірден-бір себеп – Ресейге қарсы әскери, геосаяси тепе-теңдікті сақтау, мүмкіндік болса, басымдықты арттыру. Оған қоса, Балқан түбегінде әскери бөлім ұстау Түркия, Сирияны бақылауға мүмкіндік беруі мүмкін. Өйткені енді Солтүстік Македония жеріндегі Криволак және Кумановода НАТО-ға қарасты қос әскери бөлім орын теппек. Бұдан бөлек, Батыстың әскери ұйымына оңтүстік славяндардың қосылуы да Ресей үшін моральдық соққы деуге келеді. Себебі орыстар да славян тектес халық есептеледі. Ал НАТО жарғысы бойынша мүше елдің қайсыбіріне шабуыл жасалса, қалғандары оны қорғауы міндетті. Яғни, ертең Ресей мен НАТО арасында қандай да бір қарулы қақтығыс бола қалса, майданның екі жағында да славяндар болады. Әрине, бұл да Ресей үшін қуанатын жағдай емес. АҚШ пен Еуропа елдері мұны жақсы түсінеді.
Балқандағы екеу. Бұл қарқынмен НАТО алдағы уақытта Шығыс Еуропадағы барлық елдерді бауырына басып алатын секілді. Әзірге Балқан түбегінде Батысқа бет бұрмаған қос ел бар, олар – Сербия мен Босния және Герцеговина. Сербия – НАТО бомбылауы кесірінен Косово аймағынан айырылған мемлекет. Сондықтан кезінде өзі жауласқан әскери одаққа мүше болуы екіталай. Ал Босния және Герцеговинаның ұстанымы басқа. Бұл ел тіпті арнайы мүшелікке кіру жұмыстарының жоспарын 2018 жылы бекіткен. НАТО-ның бас қаржы көзі АҚШ та қарсы емес. Сондықтан жақын аралықта бұл елдің де 31-ші болып әскери альянсқа қосылуы әбден мүмкін. Егер Босния және Герцеговина көп өтпей НАТО-ға қосылса, онда Балқан түбегінде Сербия натолықтар қоршаған жалғыз мемлекетке айналады.
Грузия және Украина. НАТО-ға мүше болуды аңсаған елдердің қатарында Украина мен Грузия да бар. Кеңес Одағының құрамында болған әрі Ресеймен көршілес қос мемлекеттің бұл ұмтылысы 2000 жылдардың басынан бері жалғасып келеді. НАТО басшылығы да оларды қабылдауға асығар емес. Себебі мұндай жағдайда НАТО Ресеймен ашық текетіреске баруына тура келеді. Әрине, еуропалықтар үшін бұл сценарий аса жағымды емес. Сондықтан НАТО түрлі әріптестікке барса да, Киев пен Тбилисиді қуана қарсы алғысы жоқ.
Жалпы, Грузия билігіне Саакашвили келген соң аталған процесс жылдам жүрді. АҚШ Грузияның өз қатарына қосылуына ерекше мүдделі болды. Дегенмен Италия, Нидерланд, Люксембург, Испания, Бельгия және Португалия қарсы еді. 2008 жылы Грузияда өткен референдумда халықтың 77 пайызы әскери альянсқа қосылуды қолдап дауыс берді. Сол жылы тамыз айында Грузия құрамындағы Абхазия және Оңтүстік Осетия үшін Ресеймен болған қақтығыста Грузия армиясы біраз шығын көрді әрі әлгі территориялардан де-факто айырылды. Себебі олар өзін тәуелсіз елдер деп жариялады. НАТО бірден Грузияны қолдап, Ресейден аймақтарды Тбилисиге қайтаруды талап етті. Қазір Грузия НАТО-ға мүшелікке ниет танытқан ел мәртебесін алды, келесі кезең – ұйымға мүше болу жоспары. Яғни, алдағы 5-6 жылда Тбилиси альянсқа өтсе, таңғалудың қажеті жоқ. Оған қоса, Грузия жерінде қазір АҚШ-пен бірлескен екі әскери база бар, үшіншісін салу жоспарда тұр.
Ал Украина мен НАТО арасындағы қарым-қатынас Грузия секілді біржақты дамыған жоқ. 2002 жылы НАТО-мен әріптестіктің жеке жоспары түзілді. 2005 жылы билікке В.Ющенко келген соң әскери одақпен диалог жедел жүрді. Алайда Германия мен Франция қарсылық танытты. Бәлкім, Мәскеумен қақтығыстың алдын алғысы келген болар. Әрі ол кезде Ресей газына біраз тәуелді еді. 2011 жылы Украина президенті болып Виктор Янукович сайланған соң бұл елдің сыртқы саясаты күрт өзгерді және аталған процесс тоқтады. Ал 2014 жылғы Майдандағы төңкерістен кейін серіктестік қайта жанданды. Себебі П.Порошенко бірден Батысқа бет алды. 2019 жылы Украинаның Еуроодақ пен НАТО-ға ұмтылысы Конституцияға өзгеріс ретінде енді. Қазіргі президент Владимир Зеленский аталған құқықтық өзгерісті өзінің негізгі мақсаты ретінде жариялады.
Сөз соңында. Сонымен, 1991 жылдан бері НАТО өз құрамына 15 елді мүше етіп қабылдады. Егер бұл процесс жалғаса берсе, онда Киев пен Тбилиси де белгілі уақыттан соң атлантикалық әскери альянсқа қосылуы ғажап емес. Алайда НАТО жарғысы бойынша кандидат елдің территориялық шешілмеген мәселесі болмау керек. Ал соңғы қос елде Абхазия, Оңтүстік Осетия, Донбасс секілді түйткілі мол жерлерде Ресей әскері тұр. Сондықтан оларды шешпей, НАТО Грузия мен Украинаны құшағына қуана қарсы алмас. Жалпы, НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеюі Ресейдің мүддесіне қарсы екені белгілі. Сондықтан бұл процесс тағы бір әскери жанжалға ұласып кету мүмкіндігі жоғары. Алайда Батыс өз мүддесінен қайтар емес және дегеніне жетіп келеді.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА