Спортшы бірнеше жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалаған 
Боксшы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды
162
оқылды

Сот Астана қаласында жол-көлік оқиғаларын жасап, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушіге қатысты әкімшілік істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұған дейін айтылғандай, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бірнеше жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалаған Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісін анықтап, ұстаған болатын.

– Жүргізушіге қатысты алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарып, жол-көлік оқиғасын жасап, көлік құралдарына зақым келтіргені, сондай-ақ жол-көлік оқиғасына байланысты заңнамада көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік материалдар ресімделді.

Әкімшілік істі қарау қорытындысы бойынша сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындады, – делінген ресми хабарламада.

Полиция көлік құралын масаң күйде басқару және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу заңнаманы өрескел бұзу болып саналатынын және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін ескертеді.

Астана қаласының Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырып, заңнаманы өрескел бұзған  адамдардың жауаптылықтан  жалтармауын қамтамасыз етеді және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты  барлық қажетті шараларды қабылдайды.