Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында бүгінде отбасы құндылықтары өзгергеніне алаңдаушылық білдірді, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол бұрынғы буын отбасындағы бар қиындықты бірге еңсеріп, барға қанағат етіп, өмірінің соңына дейін бірге болғанын еске алды. Айтуынша, қазір жастарға ажырасу оңай дүние көрінеді.
"Біз әкеміздің кейде шыдамай шешемізді боқтап жіберетінін көріп өскен, үйден қашып тығылған, бір бөлмеге бүкіл отбасы сыйған, қант пен ұнды көршіден сұрап алған, перзентханада шамның жарығымен босанған аналарды көрген ұрпақпыз. Ата-анамыздың жалақысын айлап күткенін, анамыздың бір етікті он жыл кигенін көріп өстік", – деп жазды ол.
Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, бұрын ерлі-зайыптылар отбасын сақтап қалуға бар күшін салған. Ал қазір адамдарда тұрақсыздық басым.
"Ол кезде жұбайыңды ауыстыру оңай емес еді. Сондықтан көпшілік алдымен қарым-қатынасын сақтап қалуға, түзетуге тырысатын. Ал бүгінде кейде керісінше. Қарым-қатынасты түзеткеннен гөрі, адамды ауыстыру әлдеқайда оңай болып кеткендей... Өкінішті", – деді тележүргізуші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
