Қарағанды облысының тұрғындары жыл басынан бері интернет алаяқтарға алданып, 2 миллиард теңгеге жуық қаржысынан айырылды. Мұндай қылмыстардың жалпы саны азайғанымен, полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі – дропперлік фактілерінің көбейіп жатқанын айтады.
Дропперлік дабыл қақтырды
211
оқылды

Қаскөйлер дропперлердің банк карталары мен есепшоттарын ұрланған қаражатты айналымнан шығару үшін пайдаланады. Азаматтар дропперлер қолданатын алаяқтық схеманың құрбаны­на қалай айналғанын байқамай да қалуы­ мүмкін. Мәселен, есепшотың­ызға бейта­ныс адамнан ақша түсіп, кейін оны басқа реквизитке қайтаруды сұраса, бұл өтінішті орындау арқылы жазықсыз адам қылмыстық әрекеттің қатысушысына айналып, заң алдында жауап береді.

– Жыл басынан бері облысымыздың аумағында дропперлерге қатысты 44 факт тіркелген. Өздерінің банк карта­сының есепшоттарын үшінші тұлғаға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұнда 160 айлық есептік көрсеткішпен қоса 7 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу көзделген. Жыл басынан бері Қарағанды облысында интернет алаяқтыққа қатысты 762 дерек тіркелді. Алаяқтар әдетте банк қызметкері, құқық қорғау органы, медицина мекемесі немесе курьерлік қызмет өкілі ретінде хабарласады. Осындай тәсілмен жасалған 324 қылмыс анықталып отыр. Тағы 314 тұрғын жылдам табыс пен инвестициядан мол пайда табуға болады деген жалған уәдеге сеніп, қаржысынан айырылған, – дейді  облыстық ПД Ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дінмұхамед Зияда. 

Солардың бірі – 15 миллион теңгесі­нен айырылған Әлібек деген азамат. 

– Маған белгісіз адамдар хабарласып, атымнан несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтты. Қатты абдырап қалдым. Олар мұндай әрекетті тоқтату үшін белгілі бір сомада ақша салу қажет екенін айтып, психологиялық қысым көрсетті. Соның салдарынан екі банктен несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың айтқан есепшоттарына аударып жібердім, – дейді алаяқтардың құрбаны болған Әлібек. 

Жыл басынан бері Қарағанды қала­сында интернет алаяқтық бойынша 300-ден астам дерек тіркелген. Кибер­қылмысқа қарсы күрес аясында жедел-іздестіру шаралары да күшейтілген. Пол­иция мәліметінше, бүгінде күмәнді нөмірлерді анықтап, бұғаттаумен айналысатын арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе күн сайын шамамен 3 мың күмәнді қоңырауды тіркейді. Оның ішінде орта есеппен 2 800 қоңырау алаяқтық әрекет ретінде анықталып, жедел түрде бұғатталады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы