Адам жанының қалтарысында қалған қорқыныш, тағдырындағы өкініш, күйзеліс не жалғыздық, қысқасы түрлі эмоцияның шырмауында жатқан тақырыптар күрделі әлеуметтік-психологиялық құбылысқа айналды. Өйткені бұл бір адамның басындағы трагедия емес. Қоғамның осындай бейнесін өзіне айнытпай көрсетуге театр сахнасының қауқары жетеді. Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының жаңа премьерасы дәл осындай өзекті мәселеге арналған.
Бұлтарыстағы бейне
210
оқылды

«Тәуелді» деп аталатын қойылымның өзегінде түрлі тәуелділіктің құрсауында қалған адамдардың тағдыры жатыр. Екі күн қатарынан қойылған спектакль драматерапия жанрында ұсынылды. Ең әуелі драматерапия арт-терапияның бір түрі саналатынын айтайық. Осыдан спектакльдің қандай форматта өткенін түсіну қиын болмайды. Актерлік құрам көрермен алдында арт-терапияға қатысушылар рөлін сомдайды. Кейіпкерлер бір терапиялық кеңістікте бас қосып, өміріндегі ауыр оқиғаларын бөліседі. Олардың ішкі сырын ақтарған сәттері арқылы көрермен тәуелділіктің қарым-қатынасты, сенімді, ішкі тіректі, жақындармен байланысты да күйрететінін көреді.

Қойылым сюжетінде әртүрлі кейіпкерлердің соның ішінде: лудомания, гейминг, нашақорлық тәуелділіктеріне тап болған жандардың өмірі жатыр. Сонымен қатар драматерапия элементтеріне негізделген мұндай толық форматтағы қойылым осыған дейін театр сахнасында кең көлемде сахналанбаған. Тағы бір ерекшелігі, «Тәуелді» камералық форматта сахнада өтті, яғни көрермен мен кейіпкердің арақашықтығы азайып, оқиғаны шынайы терапиялық сессия сынды сезінуге мүмкіндік туды.

Тәуелділік торына түскен үш жанның ара­сынан алаяқтық негізінде жұмыс істейтін ком­пания басшысы Арман Сейітовтің жұмбақ өлі­міне қатысты қылмыскерді анықтау керек. Бір жағынан детектив жанрының да кішкентай элементтері байқалады. Қойылымдағы негізгі ойдың бірі – мәселені мойындау. Сол арқылы кейіпкер басынан өткен оқиғасын баяндап, қазіргі ахуалына қалай түскенін және оны түзеу үшін батыл шешімге баратынын көрермен көз алмай бақылап, тәуелділіктің сырт көзге көрінетін әрекеттен әлдеқайда тереңде жат­қанын аңғарады. Үш күдіктінің бірі – Еркін. Кішкентайынан мектептегі балалардан буллинг көрген, әкесіз өскен кейіпкер. Оған виртуалды әлем қызық. Үнемі кінәні сырттан іздейтін, қоғамға бейімдемеген анасын, достаспаған балаларды ұдайы кінәлайтын жан. Зейнетке шыққан анасының тірнектеп жинағанын алаяқтар бір күнде қағып әкеткендіктен, геймингке айналды. Ол да жұрттың ақшасын солай оңай алуға бел буды. Тіпті анасын өлтіруге дейін барған. Сондықтан қылмысқа қатысы барлардың қатарына енді. Ал жеңілжүрісті, нашақор, оңай ақшаға тәнін саудалаған Назар жоқшылықта өскен қыз. Кішкентайынан көргені – әкесінің мас күйі. Арманы болса, бір дастарқан басында әке-шешесінің бірге отырып шай ішуі еді. Әкесінен көрмеген қамқорлықты сырттан іздейді, алғаш ғашығы болған Арман көзіне шөп салады. Осыдан Назар да күдікке ілінеді. Алдыңғы кейіпкерлерге кереғар, таршылық көрмей өскен Еркін лудоманияның торына түсіп, әйелінің барлық әшекейін саудаға салған. Әйеліне зорлық көрсетуге дейін барған. үйінен айырылғанда, алаяқтарға қарсы небір қитұрқы жоспарын да құрып, өзіне қол жұмсамақшы да болған. Еркін осындай әрекеттері арқылы күдікті деп айыпталды. Үш кейіпкерге де тән нәрсе, сұмдық жағдайға дейін жеткізген қате басқан қадамын ақырын түзеп, кінәсін мойындайды, кешірім сұрайды. Осы тұрғыда, қойылымның мақсаты тәуелділікті тек әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, жеке адамның ішкі психологиялық жарақаттарының салдары ретінде көрсету екенін айтуға болады. 

Пьесаның авторы әрі қоюшы режиссері – Нұржігіт Мүсілім. Ол шығармашылық жолын театр актері ретінде бастап, кейінгі жылдары режиссер әрі драматург ретінде белсенді еңбек етіп келеді. Көрерменге ол өзі авторы әрі қоюшысы болған «Менің мұңым» және «Есте сақта» спектакльдері арқылы жақсы таныс. Театр репертуарындағы «Жылы мұң» драмасына негіз болған «Менің мұңым» пьесасы 2026 жылы Еуропалық театр аудармасы желісі Eurodram іріктеуінің қорытындысы бойынша үздік шығармалардың қатарына енді. Сонымен қатар Нұржігіт Мүсілімнің жетекшілігімен «Әштен», «Кішкентай ханзада», «Асан мен Үсен», «Армандар орындалады» спектакльдері, сондай-ақ Ozgeepic еркін шығармашылық алаңында «Есте сақта» қойылымы сахналанды. Ал жаңа «Тәуелді» пьесасы заманауи драматургияға арналған жыл сайынғы Drama.KZ 2026 фестивалінің шорт-парағына еніп, үздік 12 шығарманың қатарынан көрінді. Режиссердің айтуынша, кейінгі жылдары тәуелділік тақырыбы қоғам үшін айрықша өзекті бола түсті.

– Бастапқыда спектакльге тәуелділіктің алты түрін енгізуді жоспарлаған едік. Бірақ жұмыс барысында олардың барлығын бір қойылым аясында толық ашу мүмкін емес екенін түсіндік. Сондықтан лудомания, ойынға тәуелділік және есірткіге тәуелділік тақырыптарына тоқталдық. Дайындық кезінде психологтарман кездесіп, олардың кәсіби тәжірибесін зерттедік. Біз үшін тәуелділікті сырттай көрсету ғана емес, оның адамның ішкі әлеміне қалай әсер ететінін түсіну маңызды болды. Көп жағдайда оның түп-тамыры шешілмеген өмірлік мәселелермен, балалық шақтағы психологиялық жарақаттармен, адамның ұзақ уақыт бойы ішінде сақтап келген жан жарасымен байланысты. Сондықтан қойылым драматерапия деп аталады. Біз көрерменге дайын жауап ұсынбаймыз, керісінше, кейіпкерлермен бірге ойлануға, олардың ішкі арпалысын сезінуге шақырамыз. Спектакльдің камералық форматта қойылуы да кездейсоқ емес. Ол актер мен көрер­мен арасындағы қашықтықты қысқартып, ортақ терапиялық кеңістік әсерін тудырады. Шетелдік тәжірибеде драматерапия бүгінде тәуелділікке тап болған адамдармен жұмыс істеудің тиімді әдістерінің бірі ретінде қолданылады. Осы спектакль арқылы біз қоғам назарын бұл мәселенің алдын алуға аударып, көрерменнің осындай жағдайға түскен адамдарды тереңірек түсінуіне ықпал еткіміз келеді, – дейді Нұржігіт Мүсілім.

Қазіргі театр өнері классикалық қалыптан шығып, көрерменмен ашық әрі тікелей байланыс орнатуға бет бұрды. Бұрын сахна сыртынан бақылаушы болып келген көрермен бүгінде кей қойылымдардың белсенді қатысушысына айналып келеді. Драматерапия – әлемдік тәжірибеде тәуелділікке ұшыраған адамдармен жұмыс істеуде тиімді әлеуметтік-психологиялық әдіс ретінде кеңінен қолданылатын бағыт. Осы тәсілді қазақ сахнасына бейімдеген жаңа қойылым көрерменге өзгеше формат ұсынады. Ауыр өмірлік жағдайға тап болған үш басты кейіпкердің оқиғалары мен олардың кәсіби психологпен сахнадағы диалогтары арқылы терапия форматындағы тәрбиелік әрі жаңашыл жобаны ұсыну арқылы Мәмбетов театры жаңа қырынан танылды. «Тәуелді» – бүгінгі қоғамға қойылған сұрақ. Біз тәуелділікке ұшыраған адамды кінәлауға бейімбіз. Ал спектакль көрерменді басқа қырынан ойлануға шақырады: оның сол күйге түсуіне не себеп болды, ол қай жерде қолдаусыз қалды, жан жарасын кімге айта алмады? Осы сауалдар қойылымның салмағын арттырып, оны жай спектакль емес, көрерменмен ашық диалогқа құрылған әлеуметтік туындыға айналдырады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ