«Әділет» партиясында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» атты стра­тегия­лық сессия өтті. Онда сарап­шылар, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан өңірлерін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылады.
Өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды
209
оқылды

Жиынның негізгі тақырыптары аймақтар арасындағы айырмашылықты азайту, инвестиция тарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, сондай-ақ ауылдық аумақтарды дамыту, экология және энергетика мәселелеріне арналды.

Сессия барысында сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы өңірлік даму мәселелерін бүгінде тек экономикалық көрсеткіштер арқылы ғана емес, қабылданған шешімдердің халықтың күнделікті тұрмысына қаншалықты оң әсер етіп отырғаны тұрғысынан да бағалау қажет екенін атап өтті.

«Өңірлердің дамуын тартылған инвестиция көлемімен немесе жүзеге асқан жобалар санымен ғана емес, әрбір қала, аудан мен ауылдағы тұрғындардың өмір сүру сапасының нақты жақсаруымен бағалау маңызды», – деді ол.

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев өңірлердің дамуындағы теңсіздікті қысқартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өңірлік стандарттар жүйесі аясында елді мекендердің инфрақұрылымдық нысандармен және қызметтермен қамтылу деңгейі 68 пайызға жеткен. Дегенмен қала мен ауыл ара­сындағы айырмашылық әлі де байқалады. Бұл ин­фрақұрылымды одан әрі дамытып, базалық қыз­меттерді алу мүмкіндігін кеңейтуді талап етеді.

Пікірталас барысында қатысушылар өңірлердің тең дәрежеде дамуына ықпал ететін қосымша тетіктерді талқылады. Ulagat Consulting Group директоры Марат Қайырленов өңірлерге инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ал Қарағанды облысы басқарушы және сервистік компаниялар қауым­дастығының төрағасы Ирина Юртанова тұрғын үй қорын басқару жүйесін жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұсыныс­тарын ортаға салды.

Басқосу барысында ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, сондай-ақ экология мен энергетика саласындағы өзекті мәселелерге де ерекше назар аударылды.

Жиынды қорытындылаған Рауан Кенже­ханұлы мемлекеттік өңірлік саясаттың басты өлшемі оның нақты нәтижесі болуға тиіс еке­нін атап өтті. Сессияға қатысушылар түскен ұсыныстарды жинақтап, оларды өңірлік саясатты жетілдіру мәселелерін талқылау ба­ры­сында қарастыру туралы келісімге келді.