Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда Президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты стратегиялық маңызы бар мәселе түпкілікті шешімін тапты. Бұл туралы ол өзінің Telegram каналында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Саясаттанушы екінші конституциялық реформадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қарашада бір реттік жеті жылдық мерзімге Президент болып сайланғанын еске салды.
– Кейін қолданыстағы Конституция нормаларына байланысты құқықтық қайшылық туындады. Атап айтқанда, Президент сайлауы 2028 жылдың желтоқсанында өтуі тиіс деген талап сақталған болатын. Яғни, бұл жеті жылдық мерзім аяқталатын уақыттан шамамен бір жыл ертерек еді.
Жаңа редакциядағы Конституцияда бұл ережелер өзгертілгенімен, саяси институттардың жаңартылуына байланысты Президент өкілеттігінің мерзімін қайта есептеу қажет пе деген жаңа мәселе көтерілді. Конституция мәтінінде бұл жөнінде нақты норма қарастырылмаған.
Дауыс беру күні журналистерге арналған брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті президенттік сайлау 2029 жылы өтетінін айтқан болатын.
Соған қарамастан, мәселе толық шешілмеген күйі қалды. Осыған байланысты Президент Конституциялық сотқа жүгінді. Бүгін Конституциялық сот жаңа Конституцияның қабылдануы бұрынғы Конституцияда белгіленген нормалар мен оның негізінде қабылданған шешімдердің қолданылу мерзімін автоматты түрде ұзартпайтынын түсіндірді.
Осылайша, Ақорда бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келген мәселені құқықтық тұрғыдан шешіп қана қоймай, Конституциялық сотқа жүгіну арқылы ел ішіндегі және халықаралық қауымдастыққа саяси үдерістердің құқық үстемдігі мен мемлекеттің ұлттық мүдделері қағидаттарына негізделетінін аңғартты.
Нәтижесінде, Президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі сақталатыны расталды. Бұл мерзім Президент сайланған күннен бастап есептеледі.
Сонымен қатар Конституция Президент пен Парламент сайлауын бір мезгілде өткізуге жол бермейді. Сондықтан президенттік сайлау мерзімі күз айларына ауысады.
Әрине, бұл қолданыстағы Мемлекет басшысының сайлауға қатысу міндетін емес, тек оған берілген құқығын білдіреді. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сайлау 2029 жылы өтетінін бұған дейін мәлімдеген. Дегенмен Президенттің өзі де заң талаптарына бағынуға міндетті. Ал Конституциялық соттың шешімі Ата Заң нормаларының ресми құқықтық түсіндірмесін айқындайды, – деп жазды Данияр Әшімбаев.
