Қазақстанда жанар-жағармай өнімдерін шекара арқылы заңсыз шығарудың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев осы шаралар туралы толығырақ айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы шаралардың бірі - шекаралас мемлекеттерден келетін көліктердің кіруіне шектеу қою.
"Қазіргі уақытта шекаралас мемлекеттердің жүк және жеңіл көліктері Қазақстан аумағына тәулігіне бір реттен артық кіре алмайтын тәртіп орнатылған. Қазір негізгі жұмыс жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау үшін қосымша отын бактары орнатылған көліктерді анықтауға бағытталған. Бұл іспен Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Шекара қызметі және кеден органдары бірлесіп айналысып жатыр", - деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Оның айтуынша, шекаралас аймақтарда отынды заңсыз шығармақ болған құқық бұзушылар жиіленіп кеткен.
