Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеде күшіне енеді.
Енді елімізде Мемлекеттік Туды балконға ілуге рұқсат берілді
фото: www.istockphoto.com
330
оқылды

Үкімет 2026 жылғы 26 маусымдағы № 556 қаулысымен Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұран мәтінін пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңартылған қаулыда Мемлекеттік Туды пайдалану кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптар нақтыланған. Атап айтқанда:

тұрғын үйлерде Ту кемінде 3 метр биіктікте орналастырылуы тиіс;

егер ғимараттың құрылымына байланысты Туды орналастыру мүмкін болмаса, оны ғимаратқа іргелес аумақтағы жеке ту тұғырына орнатуға болады;

Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс;

Ту тік ілінген кезде ұлттық өрнек Тудың жоғары бөлігінде орналасуы қажет;

мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда Мемлекеттік Туды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады;

Яғни, жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімді білдіру мақсатында Мемлекеттік Туды үйлерге, өзге де ғимараттарға, 45 градус бұрышпен балкондарға және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға іле алады.

Сонымен қатар Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Туды зақымданған, өңі кеткен, кірлеген немесе қадір-қасиетін төмендететін өзге де ақаулары бар күйінде пайдалануға тыйым салынады.

Туды жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарының салонында орналастыруға рұқсат етіледі.

 Мемлекеттік Ту жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын түрлері ретінде пайдаланылмайды,  делінген құжатта.

Спортшыларға да қатысты өзгерістер енгізілген. Енді Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен жабдықтарында ресми түрде пайдалануға рұқсат берілді.

Сонымен қатар қаулыда мемлекеттік рәміздерді ресми интернет-ресурстарда, стендтер мен плакаттарда орналастыру тәртібіне қатысты бірыңғай реттілік сақталуы тиіс. Алдымен Мемлекеттік Ту, одан кейін Мемлекеттік Елтаңба, содан соң Мемлекеттік Әнұранның мәтіні орналастырылады. Сондай-ақ стендтерді безендіргенде фон көк түсті, ал жазулар алтын түстес болуы керек.