Жас жауынгерлер Ұлттық ұлан сапына Қазақстанның барлық өңірлерінен келген. Алғашқы дайындық кезінде олар әскери істің негіздерін игеріп, жарғыларды зерттеді және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметінің негізі дағдыларын меңгерді.
Астанада 750 ұландық сарбаз ант берді
фото: баспасөз қызметінен алынды
383
оқылды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының елордалық 5573 әскери бөлімінің алаңында әскери ант қабылдау салтанаты рәсімі өтті. Жас жауынгер курсын аяқтап, құқықтық тәртіп әскерінің қатарына қосылған көктемгі шақырылымның 750 сарбазы Отанға адал болуға ант берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 🇰🇿

Биылғы салтанатты рәсімнің ерекшелігі – мерзімді қызметке шақырылған сарбаздармен қатар, Әскери антты келісімшарт негізінде қызметке кіріскен төрт әскери қызметші де қабылдады. Олар: санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің маманы Дилдора Салметова, Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің аға музыканты Айгерім Жанатлекова, психолог Сания Қарабиден және Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің музыканты Марал Смахамбетова. Нәзік жанды жауынгерлер іс-шараға ерекше әсемдік беріп, бүгінде арулардың құқықтық тәртіп әскері қатарында ерлермен қатар лайықты қызмет атқарып жүргенін көрсетті.

Осы маңызды қадамның қуанышын жас сарбаздармен бөлісу үшін 2 мыңнан астам жақындары келді, олардың арасында – ата-ана, туыс, достар, ардагерлер мен құрметті қонақтар бар. Көптеген жауынгер үшін бұл күн – жақындарының қатысуымен салтанатты жағдайда өткен алғашқы шынайы жауапты кезең болды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жеке құрамға қошеметпен сөз арнады:

 Әскери ант қабылдау  ер азаматтың өміріндегі ең жауапты және есте қаларлық сәттердің бірі. Осы күннен бастап Сіз Ұлттық ұланның құрамына кіресіз және азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп үшін жоғары жауапкершілікті арқалайсыз. Қызмет барысында сіз тәртіп пен төзімді және әскери борышқа деген адалдықты көрсетіп, мінезіңізді шыңдап, тәжірибе жинақтап, нағыз жауынгерлік жолдастар табатыныңызға сенімдімін. Сіздердің әрқайсыларыңызға осы жолдан лайықты өтуге, ата-аналарыңыздың, командирлеріңіздің және Қазақстан халқының сенімін ақтауға тілектеспін. Адал қызмет етіңіздер және әскери киімді мақтанышпен киіңіздер!  деді Бас қолбасшы.🗣

Ата-аналар атынан жас жауынгерлерге қатардағы Жамбыл Жазықбаевтың анасы – Мәншүк Төлеуханова да сөз арнады. Ол сарбаздарға шыдамдылық және қызметте сәттілік тілеп, командирлерін құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ әр сарбазды үйде жақындары үлкен мақтанышпен, махаббатпен күтетінін еске салды.

 Әрбір ана үшін бүгінгі күн толқынысқа толы. Біз Сіздердің таңдауларыңызды мақтан тұтамыз және Отан алдындағы борышты лайықты орындайтындарыңызға сенімдіміз. Бір-біріңізге қамқор болыңыздар, жолдастық қолдау көрсетіңіздер және үйде жақындарыңыз асыға күтетінін ешқашан ұмытпаңыздар!,  деді ол.

Әскери ант беру рәсімі құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқаратын, елорда тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын қамтамасыз ететін жас сарбаздар үшін маңызды кезең болды.

Бұдан басқа, олар Астанада өтіп жатқан барлық маңызды қоғамдық-саяси, ауқымды мәдени және спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.